Түркістан облысында тұңғыш рет видеоторакоскопия әдісімен ота жасалды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Халыққа арнаған Жолдауында денсаулық саласын назардан тыс қалдырмайды. Биыл да “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Қазақстан Халқына арнаған кезекті Жолдауында тұрғындардың денсаулық мәселесіне ерекше мән бергені белгілі.
Және, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсырған болатын.
Осыған сәйкес, жуырда Түркістан облыстық клиникалық ауруханасына Алматы қаласының Хирургия Институты кеуде хирургиясы және пульманология департаментінің жетекшісі Темур Ешмұратов барып, ота жасаған болатын. Тәжірибе алмасу мақсатында жүргізілген отаның ерекшелігі — заманауи видеоторакоскопия әдісін қолдану болды.
Осыған дейін өкпенің бір бөлігін алып тастау операциясы ескі тәсілмен жасалып келген. Яғни, кеудені кесіп, ашу арқылы жүзеге асырылған. Енді олар эндоскопия құрылғысының көмегімен бар болғаны үш сантиметрге кеудені кесіп, өкпенің бір бөлігін жылдам алып тастайды. Жаңа әдістің бірнеше артықшылығы бар.
Мәселен, ота жеңіл жасалынады. Әрі науқас екі аптаның ішінде емін-еркін жүріп тұруға мүмкіндік алады. Айта кетейік, мұндай технология Оңтүстік Корея, Қытай, АҚШ және Еуропа елдерінде қолданылады.
Abai.kz