Бейсенбі, 31 Қазан 2024
2124 0 пікір 14 Қараша, 2018 сағат 12:27

Шет елдік БАҚ өкілдері: "Түркістан — Қазақстанның "жасырын қалған жауһары!"

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңадан құрылған Түркістан облысына ерекше мән беріп отырғаны белгілі. Өңірдегі әр саланың дамуы мен шешілуі тиіс мәселелерді жіті назарға алып отырған Президент, өңірдегі туризм саласына да айрықша көңіл бөліп отыр.

Осыған сәйкес, жуырда  ҚР Сыртқы істер министрлігі тарапынан ұйымдастырылған пресс-тур аясында 8 шетелдік журналист Түркістанда болған еді.

Солардың бірі, индонезиялық «Indonesia Tatler» басылымының журналисі Ливиани Синтияна Түркістан — Қазақстанның «жасырын қалған жауһары» деп есептейді.

Сапар барысында шетелдік «The Calvert Journal» (Ұлыбритания), «Saga Magazine» (Ұлыбритания), «AGIR» (Италия), «Agora Vox le media» (Франция), «Turystyka» (Польша), Global Times» (Қытай), «Indonesia Tatler» (Индонезия), «International Policy Digest» (Корея) тілшілері Қазақстан халқының материалдық және рухани мәдениетіне, сондай-ақ туризмді дамыту мәселелеріне баса назар аударды. Журналистер саяхатының бағдарламасы Астана, Алматы және Түркістан қалаларының мәдени және тарихи мекемелерін, тарихи ескерткіштер мен басты туристік көрікті жерлеріне сапар жасауды қамтиды. Астанада журналистерге арнап қазақ халқының дәстүрлі ұлттық мәдениеті мен модерн элементтері үйлескен бағдарлама әзірленді.

Олардың айтуынша, Қазақ ұлттық өнер университеті студенттерінің қазақ ұлттық музыкалық аспаптарында орындаған күйлері мен әндері ұмытылмас әсер қалдырды. «Астана Опера» театрында опералық әншілер мен театр оркестрінің дайындықтарын ерекше ықыласпен бақылады.

«Ballet Academy» Қазақ ұлттық хореография академиясында балеттегі жас әртістердің өнерін тамашалады. Сондай-ақ «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің қазақстандық павильонын, Ұлттық музей мен «Хан шатыр» сауда және ойын-сауық орталығын аралады.

Түркістанға сапар барысында журналистер ежелгі Отырар қаласы, Қожа Ахмет Ясауи, Гаухар ана кесенесі және т.б. тарихи және мәдени мұра нысандарын аралады.

Сапар аясында оларды Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қабылдап, Түркістан қаласының ерекше орны мен аймақтың дамуы туралы ежгей-тегжейлі айтып берді. Меймандар үшін қазақ халқының тұрмысы мен салтын көрсететін арнайы мәдени-ағартушылық бағдарлама дайындалды.

Ал Алматыға сапар кезінде Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейін аралап, ЮНЕСКО-ның репрезентативті тізіміне енген мәдени мұраның элементтерімен танысты, дәстүрлі музыканың Мультимедиялық орталығы мен «Qazaq-Oner» қолөнершілер орталығының қызметін көрді. Сондай-ақ, журналистер Шарын каньоны, Шымбұлақ және Көктөбе секілді көрікті жерлерде болып қайтты.

Индонезиялық журналист Л. Синтиана үшін пресс-турдың ең есте қаларлық сәті Түркістанға сапар болғанын айтпа кеткен жөн. «Мен барлық достарымды және отандастарымды бұл өте керемет және аса қонақжай адамдары бар ежелгі қалаға сапар шегуге міндетті түрде шақыратын боламын», — деп атап өтті ол.

Польшадан келген журналист Анна Клоссовска Қазақстанда өткізген әрбір күн тосын сыйға толы болғандығын жеткізді. «Мен өзім үшін бұл көпэтникалық халықтың бай және сан алуан мәдениеті мен салт-дәстүрін аштым.

Батыстың БАҚ-тары Астананы Дубаимен салыстырып жатады, алайда мен Астана тек заманауи ғимараттар емес екендігін айтқым келеді. Қаланың өзіндік рухы бар, ол ұлттық нақыштағы дизайнмен көркемделген фасадтарда көрініс табады», — деп атап өтті ол. «The Calvert Journal» атты британдық басылымның журналисі Надя Берд бұл пресс-турды елдің мәдениеті және тарихи мұрасымен танысу үшін тамаша мүмкіндік болғандығын атап өтті.

«Бұл сапар барысында біз қазақстандық халықтың тек мәдениетінің алуандығына емес, сонымен қатар сан алуан табиғаты мен сәулетіне куә болдық. Жалпы айтқанда жаңаны, ескіні және дәстүрлі заттарды көрген керемет болды деп ойлаймын», — деп ағынан ақтарылды британдық журналист.

«Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» атты жоба аясында жүзеге асырылған үшінші пресс-тур, сондай-ақ туризмді дамытуға және жалпы Қазақстанның серпінді түрде дамып отырған мемлекет ретіндегі имиджін қалыптастыруға бағытталған.

Abai.kz

0 пікір