Түркістанда мектеп оқушылары цифрлы технологияны меңгеруде
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында ерекше атап өткен болатын. Ақпараттық технологиялардың қарыштап дамып бара жатқан мына заманында IT саласын дамытпасақ, дамыған 30 елдің қатарынан көріну бізге жай арман боп қалары анық. Өйткені, өркениетті елдердің барлығы осы сандық жүйеге көшіп, өнеркәсібінің дамуын және халқының әл-ауқатын жылдан-жылға жақсартып келеді.
Ауыл балалары бір апта ішінде робот құрастыруды меңгеріп алды. „Нұр Отан„ партиясының бастамасымен ашылған шалғай елді-мекендегі ІТ орталықта қазірде оқушылар цифрлы технологияның тілін меңгеруде. Әзірге бұл Қазығұрт ауданында ашылған осындай жалғыз ғана орталық. Өңірдің атқарушы билігі үстіміздегі оқу жылының барысында тағы бірнеше мектепте тың технологияға негізделген кабинеттерді пайдалануға бермекші.
Қазығұрт ауданындағы Ащыбұлақ жалпы орта мектебінің балалары мен ұстаздары үшін биылғы қыркүйек айы ерекше оқиғамен есте қалды. Себебі бұрын жоғары жылдамдықты интернеттің өзіне әрең қол жетізіп келген мектеп ұжымына жаңа ІТ орталық пайдалануға берілді. Оған қоса, осы орталықта өз деңгейінде балаларды оқыту үшін Цифрлы қазақстан бағдарламасы аясында секундына 100 мегабайтты құрайтын интернет орнатылды. Бұрын соңды мұндай тың технологияларды көрмеген ауыл балалары үшін бұл үлкен жаңалық еді. Әзірге робототехниканың тілін білетін бір ғана маман балаларды оқытуда.
Ұлықбек Ерназаров
Ащыбұлақ жалпы орта мектебінің директоры
Қазіргі уақытта мұғалімдерімізді қосымша курстарға жіберіп, біліктілігін шыңдамақшымыз.Содан соң оқушылар осы ІТ сыныптарында еркін жұмыс жасай алады. Яғни Оқушылар арнайы бағдарлама арқылы мұғалімсіз сабақты үйрене алады. Оқушы интелектуалды жүйеге қалыптасады. Осы жағдайға жеткізуге болады екен.
Мектептегі робототехника кабинетінде қазір 1 мен 11 сынып аралығындағы балалар цифрлы технологияның қыр-сырын меңгеріп жатыр. Балалар ұстаздардың көмегімен өндіріс орнында зерттеу жүргізуге арналған шағын роботтарды құрастыруды және оны қозғалтатын бағдарламалау жүйесін үйренуде.
Мектептегі ІТ орталық „Нұр Отан„ партиясының қолдауымен ашылып отыр. Қазір түрлі шағын құлтемірлерді құрастырып жатқан балалар, болашақта жасанды интелектінің өздері ойлап табады дейді ұстаздар.
Ащыбұлақ жалпы орта мектебінің ұжымы бүгінде Цифрлы Қазақстан бағдарламасының бірқатар игіліктерін көріп отырмыз дейді. Мәселен аталған мемлекеттік бағдарлама аясында биылдан бастап орта білім ортасында электронды күнделік енгізілген. Соның арқасында көптеген ата-аналар үйінде отырып ақ ұл-қыздарының оқуда қандай баға алып, олардың сабақ үлгерімі қай деңгейде екенін біліп отыр.
Сонымен бірге білім ұясында биыл 60 оқушы электронды түрде бірінші сыныпқа қабылданып, тағы ондаған ұстаз да тест тапсырып, жаңа жүйе арқылы жұмысқа тұрған. 490 бала білім алып жатқан мектептегі ұстаздардың жартысынан көбі қазір жаңа форматта дәріс оқып, жоғары жалақы алып отыр дейді мектеп басшылығы.
Abai.kz