Түркістан облысының емдеу мекемелері бір айдың ішінде компьютермен толық қамтамасыз етіледі
Жуырда Түркістан облысының емдеу мекемелері бір айдың ішінде компьютермен толық қамтамасыз етіледі. Кешенді медициналық ақпараттық жүйелер дәрігерлердің жұмысын едәуір жеңілдетіп, «бір терезе» принципінде жұмыс істеуге мүмкіндік бермек.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінде заманауи қондырғылар Төле би, Арыс аудандарындағы емдеу орындары мен Түркістан қалалық орталық балалар ауруханасына жеткізілген. Медициналық мекемелердің әрқайсысына 190 компьютерден берілді. Осылайша, өңірдегі ауруханалар мен емханаларды қоса есептегенде, барлық медициналық пункттер мен фельдшерлік-акушерлік пункттер компьютермен толық жабдықталды. Алдағы бір айдың ішінде мұндай техникамен Түркістан облысының аудан және ауылдық жерлерінде орналасқан барлық медициналық мекемелері қамтылады. Жаңа технологиялар арқылы облыстағы әрбір тұрғынның электрондық денсаулық паспорты болады. Ал келер жылдан бастап нәрестелердің туғаннан бергі барлық мәліметтері осы денсаулық паспортына жазылып тұрады.
Айта кетейік, өңірдегі денсаулық сақтау саласының сандық жүйеге көшу жұмысы төрт бағытта жүзеге асуда. Олар - емдеу және алдын алу, ауруды ерте анықтау, медициналық көмек көрсету, ауруды басқару әрі оңалту. Бүгінде облыстағы медициналық мекемелерде компьютермен қамтамасыз ету деңгейі 69 пайызды құрап отыр. Өңірдегі аудан орталықтары мен қалалар толықтай интернет жүйесіне қосылған. Шалғай аумақтарда орналасқан елдімекендерді ғаламторға қосу 2021 жылға дейін жоспарланған. Ал 38 емдеу мекемесі медициналық ақпараттық жүйеге қосылған.
Abai.kz