Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 7913 86 пікір 15 Желтоқсан, 2018 сағат 13:47

Нұрсұлтан Назарбаев: Адам бақытты өмір сүруі үшін, оның тәуелсіз Отаны болуы қажет

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиынға қатысып, барша қазақстандықты ұлық мерекемен құттықтады.

«Баршаңызды баға жетпес басты мерекеміз - Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл - қыран құстай еркіндікке ұмтылған халқымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы орындалған күн. Тәуелсіздік - жүрегі елім деп соққан әрбір қазақстандық үшін аса қадірлі, айрықша ардақты ұғым. «Адам бақытты өмір сүруі үшін, оның тәуелсіз Отаны болуы қажет» деген даналық сөз бар. Бүкіл халқымыз ақсарбас айтып, егемендік байрағын көкте желбіреткеніне, міне, 27 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде Қазақстан тамырын тереңге жайып, өрісін кеңейтіп, кемелдене түсті», - деді Елбасы.

ҚР Президенті сынағы көп сындарлы кезеңнен сүрінбей өтіп, мәртебесі биік, тұғыры берік, мерейлі мемлекетке айналғанымызды атап өтті. Еуразияның жүрегінде орналасқан жаңа Елорда - жаңғырған Қазақстанның символы саналатындығына баса назар аударды.

«Биыл Ақордалы Астанамыздың 20 жылдығын жұрт болып жұмылып, жоғары деңгейде атап өттік. Бұл мерейтойға еліміздің барлық өңірлері атсалысып, шаһарымыздың көркейе түсуіне зор үлес қосты. Еліміз  бүгінде әлемдік бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарында. Жаһан жұртшылығы Қазақстанды мойындап, сенімді серіктес ретінде таныды. Өңірлік проблемаларды шешу ісінде салиқалы саясат ұстанған біздің ұранымыз әрдайым татулық пен тұрақтылық болды. Қазіргі таңда мемлекетіміз халықаралық ұйымдардың бітімгерлік жұмыстарына белсене атсалысуда», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы жиырма бірінші ғасырдың екінші онжылдығында Қазақстан жаңа белестерді бағындыруға кіріскенін айтты.

«Биылғы қаңтар айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне  төрағалық етуіміз - соның айқын дәлелі. Қазақстан екі жыл бойы осы Кеңестің тұрақты емес мүшесінің мәртебелі миссиясын атқарып келеді. Бейбітшілікті жақтайтын мемлекетіміз осылайша халықаралық қауымдастыққа кеңінен танылды», - деді ҚР Президенті.

Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің 27 жылы ішінде мемлекетіміз өзінің даму жолында зор жетістіктерге жеткенін атап өтті. Елбасы егемен еліміздің құрылу тарихында Қазақстанның жас астанасының маңызды рөл атқарғанына айрықша тоқталды.

Мемлекет басшысы Қазақстанда жүргізілген ауқымды нарықтық реформалар миллионнан астам азаматтарымыздың кәсіпкерлік қабілеттерін экономикаға жұмылдыруға жол ашқанын айтты.

«Экономиканы жүйелі индустрияландыру өңдеу өнеркәсібінің үлесін айтарлықтай арттыруға септігін тигізді. Бүгінде мұндағы өнім көлемі шамамен 9,5 триллион теңгені құрап отыр», - деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Елбасы көлік-логистика инфрақұрылымына тартылған инвестицияның арқасында Қазақстан құрлықтық маңызы бар транзиттік хабқа айналғанын атап өтті.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдары табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен тұрғындар саны 15 есе азайып, ал нақты еңбекақы 4 есе артқанын айтты.

«Егемен Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі – халқымыздың саны 18 миллионнан асып, тұрғындардың орташа өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетуі. Осы маңызды жеңістеріміз бен игі нәтижелеріміз біз таңдаған бағыттың дұрыс екенін растап отыр», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті 2018 жылы еліміздің сыртқы саясатта да, жаңғыру бағдарламаларын іске асыру аясында да қол жеткізген басты жетістіктеріне тоқталды.

«Біздің жауапты әрі сындарлы сыртқы саясатымыз әлемдік аренадағы өз орнымызды айтарлықтай нықтай түсуге мүмкіндік берді. Қазақстанның жемісті бітімгерлік қызметі Астанадағы Сирияаралық келіссөздердің нәтижелі болуына септігін тигізді», - деді Елбасы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын, «Астана хаб» ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркін және «Жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығын іске қосу жөніндегі жұмыстардың нәтижелеріне назар аударды.

«Қоғамдағы бірлік пен келісім біздің барлық жетістігіміздің бастауында тұрғанын әрдайым есте ұстауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық дамудың қазақстандық моделі бүгінде халықаралық брендке айналды», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті еліміздегі кейінгі бастамалардың бәрі тұрғындарымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға, қоғамдық қауіпсіздікті жоғары деңгейде қамтамасыз етуге және әл-ауқатымызды арттыруға бағытталғанын атап өтті.

«Әлеуметтік саланы кешенді жаңғырту – біздің маңызды бағытымыз. Тәуелсіздік жылдары миллионға жуық азаматымыз баспаналы болды. Біз жуырдағы 5 жыл ішінде 70 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй саламыз. Бұл шамамен тағы екі миллионға жуық қазақстандық баспаналы болады деген сөз», - деді Елбасы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз ел тұрғындарының қазіргі буыны уақыт талабына сай болып, Қазақстандағы әрбір отбасының игілігі мен берекесін нығайтуға үлес қосатынына сенім білдірді.

Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінің толық мәтінін мына жерден оқи аласыздар.

Abai.kz

86 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371