Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Алашорда 9143 14 пікір 28 Желтоқсан, 2018 сағат 11:12

Астраханның соңғы билеушісі - Дербіш Әли

Қазанды жерледік. Кезек Астраханға келді. Негізінде Қазан татарлары Мәскеу үшін әлдеқайда қуатты қарсылас болды. Ұлық Мұхамедтің кезінен санағанда жүз жылдам астам уақыт арыстандай арпалысты. Соның 40 жылында қазан татарлары Мәскеу әскерінен басым түсіп, салық алып отырды. Тіпті Мәскеу князі II Василийді тұтқындағаны белгілі.

Ал Астрахан...

Осыдан тура 4 жыл бұрын Қазан татарларының кесілген басы Еділмен ағып Астраханға жеткенде жергілікті халықтың зәрелері зәр түбіне кетті. Ана жақта Қазан күл-талқан болып жатқанда Дербіш Әли, Ямурчы, Ақкөбек деген билеушілер таққа таласты. Олардың қырқысына жергілікті ноғай мырзалары көмектесіп отырды. Олардың көбі Мәскеу билігімен санасып, бейбіт тұруға талпынды. Мұны жазба деректер растайды. Қазан трагедиясы өз еліне төнерін ол сол кезден-ақ толық түсінген Ямурчы орыс көпестері мен елшіліктеріне шабуылдады. Оның әрекеті  жағымпаз ноғай мырзаларының үрейін ұшырды. Өмірінің мәнін Мәскеумен байланыстырған мырзалар IV Иванға Ямурчының көзін құртып, орыс партиясының сенімді өкілі болады деген ниетпен Дербіш Әлидің кандидатурасын ұсынды.

Айналып келгенде Ямурчыны өздері таққа отырғызып, енді Мәскеуге қарсы шыққасын тақтан түсіруі азаттық жолында күрескердің рухын сындырған еді. Енді оның қолдаушылары саусақпен санарлық қана. Бүкіл Астрахан хандығының халқы небәрі 100  мың шамасында болса, оның жартысынан көбі егіншілер мен балықшылар. Әскер саны әрі кетсе 5000 адам. Мұның тең жартысы мәскеулік мырзалар жағына шығып кетті. Осындай жағдайға қарамастан IV Иванның жіберген Юрий Шемякина бастаған 30 000 орыс әскерімен шайқасып, жеңіліс тапты. Бірақ шайқаста өлмеді, кіші ноғай мырзаларының қолынан ажал құшты. Әйелі тұтқынға түсіп, баласы христианша шоқынып, «Петр» деген есім алды.

Ал Дербіш Әли таққа отырып, Мәскеу билігін мойындап, 3 мың Еділ балығын беріп, жан сақтады. Арада екі жыл өтпей жатып Астраханға орыс армиясы қайта келді. Бұл жолы салықпен құтыла алмасын білген Дербіш Әли мен оның жақтастары қаланы тастап қашты. Қала аяусыз тоналып, бұл жер Мәскеу мемлекетінің иелігі деп жарияланды. Ал Дербіш Әлидің тағдыры Сафа Герейден сәл өзгешелеу аяқталды. Елінен айрылып, безіп кетсе де дінінен айырылмаған ол алдымен Азау қаласына, одан әрі мұсылмандардың қасиетті мекені Меккеге жетті.

Мүмкін ол өз хандығының христиандар қолына өткенін, енді халқы дінінен безіп, шоқынатынын араб жұртына айтқан болар. Ал арабтар болса орыстың не екенін, Иван Грозныйдың кім екенін де білмейтін. Себебі Иван Грозный масаттана қаққан шіркеу қоңыраулары Кавказдан әрі аспай үні өшетін.  Дербіш Әлидің көзімен көрген үйілген бастар, су бетінде қалқып жүрген өлі денелер арабтарға қиял ғажайып ертегідей естілген болар.

Ал көзі ашық оқымыстылар сарғайған Бағдат кітаптарын ақтарып жіберіп бұрынғы халифат кезіндегі ибн Фадланның саяхаттарын еске алатын. Ит тұмсығы батпайтын орыстың ну орманы. Аяқтарына жабайы аң терісін орап алып, күркені мекендеген орыстар  бүгін мына Дербіш Әли айтып отырған орысқа мүлде ұқсас емес. Кезінде арабтар дүниенің ең солтүстігі деп атаған Қазан, қажылардың сапаржайы Қажы-Тархан енді жоқ.

Енді тек Мәскеу ғана бар.

«Мәуелі дарақ саясында отырып, ертегінің неше сүлейін тыңдап өскен арабтар алдарында отырған мына адам хан болып, кезінде алтын тақта отырғанын сілекейі шұбырып тыңдап отыр.“Мың бір түн” ертегілерінде айтылатын сиқырлы жүзіктің көмегімен қайта елін басқарып, барша мұратына жетеді деп қиялдады.

Алайда Дербіш Әлиді ешқандай сиқырлы жүзік құтқара алмайтын. Себебі «Мың бір түн» дегеніміз жай ғана ертегі. Ал Дербіш Әлидің ертегісі көзге жас әкелетін, туған жерінің топырағына зар қылатын ертегі... жай ғана ертегі...»

Астраханның соңғы ханы Дербіш Әли елінен жырақта, туған жерінің бір уыс топырағы бұйырмаған күйі Мекке қаласында  дүниеден өтті.

Рысбек Рамазанұлы

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1518
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3294
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5869