Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
7268 7 пікір 28 Желтоқсан, 2018 сағат 13:03

Жаңалықтағы жаңа музей Сталиннің саясатын әшкерелеуге жол ашады

1937-1938 жылдардың қазақ тарихында қалдырған қасіреті орасан. Оған себеп - Сталиндік жүйенің халыққа жасаған озбырлығы. Оның шектен шыққаны сонша, ұлттың зиялы тұлғаларының барлығы жазықсыз тұтқындалып, әйел-бала шағасына дейін қуғынға ұшырады. Сталиндік режимнің сол бір жабайы саясатын бүгінгі тәуелсіз қоғам қатты айыптайды.

Бүгінде сол арыстардың сүйегі Алматының маңындағы Жаңалық ауылында жатыр. Бұл маңда осы уақытқа дейін 4 мыңнан аса боздақтардың сүйегі табылыпты. Жуырда сол құрбандарға арнап ескерткіш орнатылған болатын. Ал, күні кеше мемориалды мұражай ел игілігіне берілді.

2019 жылдың наурыз айына жоспарланған музей Алматы облысы әкімдігі және Шәміл Қожаханов сынды азаматтардың қолдауымен мерзімінен бұрын аяқталыпты.

Музей үш залдан тұрады. Бірінші залда  - 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен бастап, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне  дейінгі қазақ халқының тоталитарлық жүйеге қарсы қозғалыстары көрсетілген.

Екінші зал – “Аза тұту залы” деп аталады. Онда жазықсыз атылып кеткен 1425 адамның аты-жөндері тақтаға жазылған. Және, залда төрт электронды дүңгіршек тұр. Сол дүңгіршектің түймесін басып қалсаңыз белгіленген адам туралы екі тілде мәлімет береді.

Үшінші зал – “Әділет” тарихи-ағарту қорының жұмыстарына арналған. Айта кету керек, бұл істі бастан-аяқ ұйымдастырып жүрген де осы “Әділет” қоғамдық қоры. Оның жетекшісі Ғарифолла Әнестің айтуынша, сол маңда қордың 15 га жері бар. Қордың ең басты мақсаты да сол жерге осындай үлкен музей салу болыпты.

Мұражайдың ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов келіп, музейге қызметтік көлік тапсырды.

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:

- Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың “Рухани жаңғыру” бағдарламасы, одан кейінгі "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласы жарық көргенін білесіздер. Соның негізінде өңірімізде осындай іргелі жұмыстар істеліп жатыр. Біз болашағымыз дұрыс  болсын десек, бұрынғы тарихымызды ұмытпауымыз керек. Қазақта “өлі разы болмай, тірі байымайды” деген үлкен сөз бар.

Бұл жерде Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Ораз Жандосов тағы басқа қаншама боздақтарымыз жатыр. Солардың топырақтары торқа болсын. Енді елімізде мұндай қасіретті жағдай ешқашан болмасын. Солардың рухтары бізді әрқашан қолдап-қорғап жүрсін.

Сонымен қатар, облыс әкімі өз сөзінде бұл аумақты алдағы уақытта тұтас мемориалды кешен жасауға көмектесетінін айтты.

Бұл қуғын-сүргін құрбандарына арналған Астана мен Шымкенттен кейінгі үшінші мұражай. Музей меңгерушісі Ғарифолла Әнес алдағы уақытта бұл нысан республика деңгейіндегі үлкен ғылыми-зерттеу орталығына айналу керек дейді.

Ғарифолла Әнес, мұражайдың меңгерушісі:

- Біздің мақсатымыз – осы жерге үлкен ғылыми орталық жасау. Мәселен, Қазақстанда кеңестік жүйеге қарсы 284 көтеріліс болған. Әр көтерілісте 10-20-дан адам атылған. Солардың аты-жөндерін біле бермейміз. Және репрессияға ұшырап аман қалған Әлімхан Ермеков сияқты тұлғаларымыз да бар. Одан бөлек, Моңғолияда, Қытайда атылған қазақтар бар. Біз солардың бәрінің тізімін жасап қойдық. Алдағы уақытта музей осындай мәліметтермен де толығатын болады.

Және, осы 15 га жерге үлкен пантеон жасамақшымыз. Ресейдің әр қалаларында атылған зиялылардың сүйектерін немесе топырақтарын әкеп қоюды жоспарлап отырмыз. Сондықтан бұл сондай іргелі жұмыстардың бастамасы ғана.

Әрине, осындай жобаларымыздың барлығына қолдау көрсетіп отырған облыс әкімі Амандық Ғаббасұлына ерекше алғыс айтамыз.

Ауыл адамдарының айтуынша, бұл жерден адам сүйектері мен заттар жиі табылады екен. Мәселен, маусым айында ауылдағы Рахимов көшесіндегі екі жерден тағы да бірнеше адамның сүйегі табылыпты. Оның барлығы сот сараптауына жіберілген.

Сонымен қатар, Алматының іргесіндегі Бұрындай ауылы да осындай киелі жердің бірі. Алдағы уақытта осы жер де үлкен тарихи орынға айналуы тиіс.

Бейбіт Қойшыбаев, тарихшы:

- Біз бұл музейдің ашылғанына өте қуаныштымыз. Жалпы, қуғын-сүргін тарихын зерттеу шын мәнінде Сталинизм тарихын зерттеу ғой. Сол кезеңдегі үш дүркін соққан аштық апаты халықтың жартысынан астамын алып кетті. Соның бәрін жастар білу керек.

Жалпы, “Әділет” қоғамы сол кезеңнін шындығын ашу үшін ҰҚК мен бірлесе отырып көп жұмыстар атқарып келеді. Бұдан кейін де атқара бермек. Мәселен, алдағы уақытта шетте жерленген тұлғаларымызды елге әкелу, ең болмаса солар жатқан жерден бір уыс топырақ әкеліп музейге қоюды жоспарлап отырмыз.  

Сондай-ақ, Сталинизмнің халыққа жасаған қылмысын толығымен әшкерелеу үшін де еңбектеніп жатырмыз. Әрине, мұның барлығы ең әуелі жастардың тарихын біліп, Отаншыл азамат ретінде қалыптасуына ықпал ету мақсатында істеліп жатқан жұмыстар.

Түйін:

Кеңес одағының аз халықтарға жасаған геноцид қырғыны мен репрессия құрбандарының өтеуін талап ететін уақыт келді. Күні кеше Украина отызыншы жылдардағы украин халқына жасалған аштықтың геноцид екенін бүкіл әлемге дәлелдеп берді. Ал, қазақтың көрген қырғыны сол украиндардан артық болмаса, кем емес. Ендеше біз де, сол кезеңнің сұмдығын әшкерелеп, әлемдік тарихтан өз бағамызды алуға тиіспіз. Жаңалықта ашылған бұл мұражай сондай үлкен жұмыстарға жол ашсын деп тілейміз!

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036