Жұма, 22 Қараша 2024
Ерлік 4154 6 пікір 30 Қаңтар, 2019 сағат 14:46

Ерланға “Халық қаһарманы” атағы берілсін!

Бүгін Ерлан Балғабекұлы Нұрғалиевтің туған күні. Ол 13-қаңтар күні Қарағанды ​​облысының Нұра ауданында броконьерлермен қақтығыс кезінде ауыр жарақат алған болатын. Өкінішке қарай, Астаналық дәрігерлер Ерланның жанын аман алып қала алмады.

Ақбөкендерге араша боламын деп өз өмірін қиған Ерланның ерлігі қоғамда қызу талқыланды. Ал, мәжіліс депутаттары осы оқиғадан кейін Ерлан Нұрғалиевке “Халық қаһарманы” атағын беруді ұсынған еді.

Жамбыл Ахметбеков, мәжіліс депутаты:

- Бүкіл қоғам алдында берген антын берік ұстанып, мемлекеттік қызмет саласында жүріп, соңына дейін күресіп, қайтыс болған біздің қорықшыны мемлекеттік марапатқа ұсынуды сұрап отыр. Кейбір еріктілер оның есімін ұлықтау мақсатында қолында еліктің лағын ұстап тұрған суретінің негізінде ескерткіш орнатпақшы. Мұның барлығы халықтың өз батырын қалай құрметтейтінін көрсетеді. Сонымен қатар, браконьерлермен күрес жолында ерлік танытқан Ерланның әріптесі - Петр Ницык те марапатқа лайық деп санаймыз", - деген болатын.

Ал, қорықшының өліміне кінәлілердің аты-жөндері бірнеше күн бойы айтылмады. Қарақшылар тек бір аптадан соң ғана Қызылорда облысынан табылды деген ақпарат шықты. Алайда, ІІМ олардың аты-жөндерін неліктен жасырып келгендері белгісіз.

Қалай десек те, Ерлан Нұрғалиевтің қазасы біздегі Заңның әлсіздігін тағы да бір дәлелдеп берді. Яғни, қарақшыларға табиғаттағы аң түгілі, адамды ата салу да түк емес екен. Тағы бір өкініштісі, Ерлан ауыр жараланғанына қарамастан емханаға бір күннен кейін жеткізілген. Ал, санитарлық авиация ұшағын пайдалануға ауа райы қолайсыз болыпты-мыс.

Түйін.

Өз кәсібіне адалдықтың үлгісін көрсетіп кеткен Ерлан Нұрғалиев шын мәнінде Халық Қаһарманы болуға лайық! Сондықтан, мәжіліс депутаттары бастаған істерін орта жолдан тастамай, осындай азаматтың ерлігіне лайық баға берілуіне атсалысу керек. Ал, мұндай ұсынысты қоғам қолдайтыны сөзсіз.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5270