Жексенбі, 24 Қараша 2024
10716 5 пікір 4 Ақпан, 2019 сағат 18:21

"Қобыланды" жырын жаттап, 1 миллион теңге ұтып ал!

Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы мен "Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында еліміздегі 6-10 сынып оқушылары арасында «Тұлпар мініп, ту алған!» атты байқауы өтеді, - деп хабарлайды Абай-ақпарат. Байқау «Қобыланды батыр», «Алпамыс», «Ер Тарғын» секілді қазақ жырларымен жасөспірімдерді тәрбилеуді өздеріне басты мақсат етіп қойып отыр. Ұйымдастырушылар қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі бай мұрамен сусындап өскен жас елінің патриоты боларына сенімді.

«Тұлпар мініп, ту алған!» атты байқауы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Qazaq Epos» қоғамдық қорының бастамасымен жүзеге аспақ. Сонымен байқау шарттарына кезек берсек. Байқауға қатысуға 6-10-сынып оқушылары өтініш бере алады. Бұл жолы байқау қатысушысы «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын толық жатқа айтуға міндетті.

Қобыланды батыр жырының бірнеше нұсқасы бар. Сол нұсқалардың ішіндегі Марабай жырау нұсқасы көркемдік тұрғыдан алғанда ең кемел жыр саналады. Әдебиетші һәм сыншы қауым осы нұсқаға көп тоқталатындықтан да ұйымдастырушылар Қобыланды батыр жырының осы үлгісін оқушыларға насихаттауды жөн санаған.

Жоба жалпы үш кезеңдік байқаудан тұрады. Бірінші, аудандық кезең. Аудандық сайыстан жеңіске жеткен оқушылар облыстық байқауға жолдама алады. Облыстық аламанда топ жарған жеңімпаздар республикалық іріктеуге жіберіледі. Байқаудың ерекшелігі сол, аудандық кезеңде 1-ші орын алған қатысушы 150 000 теңге, 2-ші орын алған қатысушы - 100 000 теңге, 3-ші орын алған қатысушы 50 000 теңге ақшаны сыйлыққа алады. Облыстық кезеңде жүзден жүйрік шығып, 1-орын алған қатысушы 1 000 000 теңге, 2-орын алған қатысушы - 600 000 теңге, 3-орын алған қатысушы 300 000 теңгенің иесі атанады. Жас балаларды қомақты қаржылай сыйлықпен марапаттайтың бәйгенің республикалық кезеңінің қаржысы әлі анықталған жоқ. Ұйымдастырушылар ақтық кезеңнің ақшасы да аз болмайтынын айтады.

Ұйымдастырушылардың жоспарлауы бойынша, «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауына республикамыздағы бес мың мектептен елу мың оқушы қатысуға тиіс. Бәйгеге әр мектептен 10 оқушы қатыса алады (6-сыныптан 2 оқушы, 7-сыныптан 2 оқушы, 8-сыныптан 2 оқушы, 9-сыныптан 2 оқушы және 10-сыныптан 2 оқушы). Әрине, облыстық кезеңнің жеңімпазына миллион теңге ақшалай сыйлық беретін бәйгеге кез-келген бала ынталанары анық.

Осы арқылы жоба ұйымдастырушылары 50 000 мектеп оқушысына 107 беттік жырды жаттатып, жастар өте көп жаттаған жыр ретінде "Қобыланды батыр" жырын Гиннес рекордтар кітабына енгізуді жоспарлап отыр.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі: 

- Бұл жоба Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтің "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы мен биылғы Жастар жылына орайластырылып қолға алынып отыр. Байқаудың қатысушылары "Қобыланды батыр" жырын жатқа айтуы керек. Осы арқылы туындыдағы көне сөздердің мағынасын ашып, ұйымдастырушылар даярлаған сұрақтарға жауап береді. Алдын ала мерзімді басылымдарда жарияланған тақырыптар бойынша эссе эссе жазады. "Қобыланды батыр" жырын жатқа айту, мәнерлеп оқу, эпостағы әр сөздің мағынасы мен мазмұнын түсіну - басты талаптардың бірі. Елбасымыздың "Болашаққа бағдар: Руxани жаңғыру" бағдарламасында ұлттық кодты қалыптастару жайы айтылады. Яғни, ұлттық кодты қалыптастыру үшін де бұл жобаның ықпалы зор болады деп ойлаймын.

Ұйымдастырушылардың жоспарына қарағанда, аудандық іріктеулер сәуір айында басталады. Оған дейін мектеп оқушылары эпосты жаттап, дайындалуға мүмкіндіктері бар екенін хабарлаймыз!

Қ.Ақанұлы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5570