Жексенбі, 24 Қараша 2024
3538 0 пікір 7 Ақпан, 2019 сағат 10:22

Нұрсұлтан Назарбаев елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

Мемлекет басшысына Тәжікстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Хайрулло Ибодзода, Жапонияның Төтенше және өкілетті елшісі Тацухико Касаи, Чех Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Рудольф Гикл, Хорватия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Рефик Шабанович және Вьетнам Социалистік Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Нгуен Тхи Хонг Оань сенім грамоталарын тапсырды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты жазды.

Нұрсұлтан Назарбаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, олардың қызметі еліміздегі маңызды реформалардың жүзеге асырылу кезеңімен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.

– Біздің мақсатымыз – әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Қазақстанның келешегі заманауи технологияны жете меңгерген өскелең ұрпақтың қолында. Сондықтан, осы жылды «Жастар жылы» деп жарияладым, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы жастарды сапалы біліммен, жұмыспен және баспанамен қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев бизнес ахуалын жақсарту, шетелден инвестиция тарту және Қазақстан экспортының бағыттарын кеңейту үшін бірқатар бағдарламаның жүзеге асырылып жатқаны жөнінде айтты.

Қазақстан Президенті халықаралық күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерге де тоқталды.

– Жетекші ядролық державалар арасындағы текетірес әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. Осы орайда, Орта және кіші қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шарттың бұзылу қаупін ерекше атап өткім келеді. Бейбітшілікті қалайтын елдер жаһандық жаңа апаттың болуына жол бермей, оның алдын алуы қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның бітімгершілік қызметінің нәтижелерін ерекше атап өтіп, әлемде ядролық қаруды таратпау үшін қабылданған шаралардың маңыздылығына назар аударды.

Қазақстан Президенті елшілерге арналған сөзінде мемлекетаралық достық қатынастарды нығайту және ілгерілету қажеттігін айтты.

– Біз Тәжікстанмен дәстүрлі ынтымақтастық пен стратегиялық серіктестікті дамытуға зор мән береміз. Астана мен Душанбе арасындағы ТМД, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және басқа да халықаралық құрылымдар аясындағы ынтымақтастықты қарқынды нығайтудамыз. Осы ретте, Тәжікстанның Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары кеңесіндегі төрағалығына табыс тілей отырып, аталған бағытта бірге жұмыс істеуге дайын екенімізді айтқым келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Жапония арасындағы қатынастардың нәтижелеріне және оны дамыту перспективаларына тоқталды.

– Былтыр Брюссельде өткен АСЕМ саммитінде Премьер-Министр Синдзо Абэмен жүздесіп, екі мемлекет арасындағы қатынастарды одан әрі нығайтуға уағдаластық. 2018 жылы өзара сауда айналымы 30 процентке өсті. Біз жапон компанияларының Қазақстан нарығына атсалысуына мүдделіміз және қажетті жағдай жасауға дайынбыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Чехия Президенті Милош Земанның «ЭКСПО-2017» көрмесіне келуі екі жақты байланыстың дамуына тың серпін бергенін атап өтті.

– Өзара тиімді экономикалық байланыстар орнату екі ел үшін де маңызды. Үкіметаралық комиссияның әлеуетін пайдалануымыз қажет деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Хорватия арасындағы ынтымақтастықтың нәтижелеріне де тоқталды.

– Соңғы жылдары Хорватия Республикасымен байланыстарымыз айтарлықтай нығая түсті. Мен осы елдің президенттерімен әрдайым жақсы қарым-қатынаста болдым. Былтыр Астанада алғаш рет Хорватия елшілігі ашылды, – деді Мемлекет басшысы.

Рәсім барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Вьетнам арасындағы қатынастардың тиімділігін атап өтті.

– Бүгінде Вьетнам – Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі әріптестерінің бірі. Біз экономикалық және саяси қатынастарымызды жоғары деңгейде дамыту жөніндегі жұмыстарды одан әрі жалғастыра беруге ниеттіміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Қазақстан Президенті елшілерді жауапты миссияларының басталуымен тағы да құттықтап, дипломатиялық қызметтеріне табыс тіледі.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572