Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алаң 3957 6 пікір 15 Ақпан, 2019 сағат 11:29

«Үлкен отбасы» атты арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы керек

Астана қаласында өрттен болған бес сәбидің орны толмас қазасы бүкіл Қазақстандықтардың жүрегін жаралады. Періште сәбилердің ата-анасына Елбасымыздан бастап мыңдаған қарапайым азаматтарымыз оның ішінде Сенат депутаттары да өздерінің көңіл қоштарын білдірді. Сенат Төрағасы да «Бұл іс тиісті мемлекеттік органдар мен жалпы қоғам үшін сабақ болуы тиіс» деген өзінің ресми пікірін айтты.

Көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қорғау мәселесі соңғы апталардағы жұртшылықтың ең көп талқылап жатқан тақырыптарының біріне айналды. Айтылып жатқан ұсыныстар мен талаптардың негізі тұрғын үй алуға жеңілдік, жәрдем ақы, әлеуметтік төлемдерді көбейту және басқада жеңілдіктер (коммуналдық қызмет, дәрі-дәрмек, білім, қоғамдық көлікте жүру т.б.) төңірегінде болды.

Президентіміздің тапсырмасына сәйкес Үкіметтің жанынан «Халықтың табысын арттыру және тұрмысын жақсарту бағытында ұсыныстар әзірлеу» жөнінде жұмыс тобы құрылды. Осы жұмыс тобы аясында еліміздегі барлық облыс, қала, аудандардың құрамында құзырлы мекемелердің өкілдерінен тұратын жұмысшы топтар құрылып жұмыс жасауда. Осы барлық жұмыс топтары қала, аудан аумағында орналасқан барлық тұрғын үйлерге, аула аралық аралау жұмыстарын жүргізіп азаматтардың тұрмыс жағдайын жан-жақты сараптап, зерделеу керек.

Жалпы ресми мәліметке сүйенсек елімізде 340 мыңнан астам көп балалы отбасы тіркелген. Оның 237 мыңы «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иелері болып табылады. Сонымен бірге 85 мың мүгедек балалар, 400 мыңға жуық балалары бар, бірақ асыраушысы жоқ не одан айрылған жалғыз басты аналар бар. Анығына келгенде біздің қоғамымыздағы тұрмыстары төмен ең әлжуаз топтардың санаттары осылар.

Мемлекет басшысы халықтың табысын көтеруге және азаматтардың өмір сапасын жақсартуына үнемі басты назар аударып келеді. Оған дәлел 2019 жылы еліміздегі әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік көмек көрсетуге республикалық бюджеттен 3.043,4 млд. теңге, яғни барлық бюджеттің 28,4 пайызы бөлінді. Ал тек әлеуметтік төлемдерге 2.884,4 млд. қарастырылды. Бұл өткен 2018 жылмен салыстырғанда 379,2 млд. теңгеге көп.

Дегенменде еліміздегі  ең төменгі күн көріс шегі күніне 881 теңге кіріс кіретіндер болып саналса, БҰҰ-ның стандарттары бойынша ең төменгі күн көріс шегінің көлемі 5 доллар яғни 1875 теңге болып есептелінеді. Сондықтан да Үкімет біріншіден, ең төменгі күн көріс шегінің көлемін қазіргі шынайы тұрмысқа, өмір сапасына бейімдеп қайта есептеп шығу керек. Екіншіден, «Алтын алқа, Күміс алқасы» бар аналардың, асыраушысы жоқ (ажырасқан, жесір т.б.) аналардың, мүгедек әйелдердің, мүгедек баласы бар аналардың, әлеуметтік-тұрмыстық әл ауқатын көтеру үшін әрбір балаға кәмелеттік жасқа жеткенше ең төменгі жалақының елу пайыз көлемінде жәрдем ақы төлеудің мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Үшіншіден, көптеген дамыған елдерде бар көп балалы отбасын қолдау және жәрдемдесу мақсатында «Үлкен отбасы» атты арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы керек. Отбасында бала саны көбейген сайын салықты азайту, пәтер ақы төлем ақысын төмендету, кейбір азық-түлікті тегін алуға арнайы талондар беру, мектеп жасындағы балалардың қоғамдық көліктерде тегін жүруі сияқты жеңілдіктерді енгізудің тетіктерін жетілдіру қажет. Қазіргі кезде тек  көп отбасылардың банктен алған несиелерін мемлекет тарапынан ішінара болса жабу тетіктерін қарастыруды ұсынамыз. Төртіншіден, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау барысында отбасында бірге тұратын зейнеткердің, мүгедектің, студенттің және бір жасқа дейінгі бала күтіміне, мүгедек баланы қарағаны үшін төленетін жәрдем ақылар мен шәкіртақы көлемін табыс көзі ретінде есепке алмауды ұсынамыз. Бесіншіден, көп балалы аналар мен тұрмысы төмен отбасыларың Үкіметтің тұрғын үйімен қамтамасыз етуге бағытталған саналуан бағдарламаларға қатысу мүмкіндігінің жоқ болуына байланысты көпшілігі тұруға өте қолайсыз-тар, жалдамалы орындар мен пәтерлерде тұруға мәжбүр. Сондықтан да олардың үй кезектілігін бөлек тіркеу шараларын және олар үшін барынша қол жетімді алдын-ала жарнапұл төлемей жалға берілетін, еліміздің барлық қалалары мен аудан орталықтарында салатын тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған жүйелі іс-шаралар қабылдануы тиіс. Сонымен бірге, тұрғын үй салуға ірі кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін арттыра отырып, тұрғын үй салатын кәсіпкерлік субъектілерге салық кодексіне сәйкес салық жеңілдіктері мен  мемлекеттік наградалармен ынталандыру тетіктерін жетілдіру қажет.

Көп балалы аналар мен қоғамның әлжуаз топтарын әлеуметтік қорғау саласына қатысты қордаланып қалған мәселелерді тез арада шешіп тастауға мүмкіндік жоқ екенін барлығымызда жақсы түсінеміз. Дегенмен де, еліміздегі әлеуметтік тұрақтылық пен халықты қорғауды күшейту мақсатында көп балалы аналар мен мүгедектерді және ауыр қиын өмірлік жағдайдағы өмір сүріп жатқан азаматтарымызды қолдауға бағытталған арнайы кешенді әлеуметтік бағдарлама әзірленуі қажет.

Парламент Сенатының депутаты,
Мұрат Бақтиярұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5627