Жұма, 22 Қараша 2024
Анық 5625 5 пікір 15 Ақпан, 2019 сағат 13:00

Мәулен Әшімбаев көпбалалы отбасыларды қолдауда екі мәселеге назар аударуға шақырды

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев халықтың тұрмыс сапасы мен табысын арттыру бойынша ұсыныстарды талдап жатқан жұмыс тобын екі мәселеге назар аударуға шақырды.

«Соңғы уақытта ана мен бала құқығын қорғау, қазақстандық отбасыларды әлеуметтік қорғау мәселесі жиі көтеріліп жүр. Осыған байланысты мемлекет тарапынан әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында ауқымды жұмыс атқарылғанын айта кету керек. Мемлекет басшысының Бес әлеуметтік бастамасы мен Қазақстан халқына Жолдауы, елдің өзге де стратегиялық құжаттары қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Нақтырақ айтқанда, Мемлекет басшысының өткен жылдың қазан айындағы Жолдауында баспанаға қолжетімділікті қамтамасыз ету, монополистердің тарифтерді түсіруі, медицина қызметінің сапасын арттыру және өзге де нақты ұсыныстар айтылып, ол ұсыныстарды қазіргі таңда мемлекеттік органдар орындап жатыр», - деді Мәулен Әшімбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, көпбалалы отбасыларды қолдау бағытында да бірқатар шаруалар атқарылуда.

«Республикалық бюджет пен Әлеуметтік сақтандыру қорынан балалы отбасыларды қолдауға өткен жылы 311 млрд теңге жұмылдырылған болатын. Оның үстіне мемлекеттің көмегі тек әлеуметтік төлемдермен шектеліп отырған жоқ. Кірісі төмен отбасылар үшін мекенжай бойынша әлеуметтік көмектің бар екенін білесіздер. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы биліктен де үлкен көмек бар», - деді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстан бөлек аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қосымша қандай көмек көрсетуге болатыны туралы мүмкіндіктерді қарастыруды тапсырғанын тілге тиек етті.

«Сол себепті, Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев жетекшілік етіп отырған жұмыс тобы белсенді түрде жұмысын жүргізіп жатыр. Уақыт өте жұмыс тобы өзінің нақты ұсыныстарын жариялайды. Бұл ретте біздің ойымызша, екі маңызды мәселеге назар аудару керек: ең алдымен, біздің мемлекеттің шынайы мүмкіндігіне қарау керек. Жалпы, жұмыс тобының жұмысы туралы айтар болсақ, біздің бюджеттің мүмкіндігі шексіз емес екенін ескерген жөн. Көпбалалы отбасылардан бөлек, мемлекет тарапынан қолдауға мұқтаж азаматтардың санаты көп. Олардың қатарына қарт адамдарды, мүмкіндігі шектеулі жандарды, толық емес отбасыларды, жұмыссыз және білімсіз қалған жастарды жатқызуға болады. Олардың бәрі де мемлекет тарапынан көмекке зәру. Сол себепті, мемлекет қазіргі таңда не ұсына алатынын көру керек. Бұл бағытта Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев жетекшілік етіп отырған жұмыс тобы белсенді түрде жұмыс жүргізуде», - деді Мәулен Әшімбаев.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары екіншіден көпбалалы отбасыларды қолдаудың түрлі жолдарын іздеу керектігін атап өтті.

«Бұл жерде тек әлеуметтік жәрдемақы туралы ғана сөз болмауы керек. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын көмектің өзге де формалары бар. Ең алдымен, баспана мәселесі, коммуналдық төлемнің белгілі бір бөлігін жабу, қоғамдық көлікпен тегін жүру, дәрі-дәрмекпен қамту секілді қолдаудың әртүрлі жолдары бар. Көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету туралы сөз қозғағанда әлеуметтік көмектен бөлек, қолдаудың түрлі жолдары барын ескеруіміз керек. Мәселеге кешенді түрде жақындауымыз қажет», - деді Мәулен Әшімбаев.

Еске сала кетсек, кеше азаматтардың тұрмыс сапасы мен табысын арттыру, сонымен бірге көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту бойынша жұмыс тобының отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ерболат Досаев өз ұсыныстарын айтқан болатын.

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5297