Жұма, 27 Желтоқсан 2024
«Соқыр» Фемида 6506 5 пікір 20 Ақпан, 2019 сағат 16:41

Төтенше жағдайлар Комитеті - өмірге қауіпті мекеме!

Ішкі Істер министрлігі мен оның төтенше жағдайлар жөніндег Комитетінің есебіне құлақ салсаңыз, майдан шебінен түсіп жатқан ақпаратты тыңдап отырғандай әсерде қаласыз.

«Тек биылғы қаңтар айында ғана елде өрттен 116 адам қаза тауып, 129 адам жарақат алған», дейді Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин өзі өткізген брифингте.

Өрт салдарынан көз жұмғандардың саны былтыр, өткен жылға қарағанда, 19 пайызға өскен. Оның пікірінше, кінәлі баяғы қарапайым халықтың өзі. Пешті дұрыс орнатпайды, отты орынды жақпайды. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгеше» емес, жыл сайын қайталанып, елдің құлағы да үйреніп қалғандай. Сонда, төтенше жағдаймен күресетін орган не бітіріп отыр? «Апат айтып келмейді», бірақ, «құдай сақтансаң, сақтармын дегенді» бұл мырзалар қаперіне де алмайтын сыңайлы. Жәрайды, халықты жаппай газбен қамту бұл мекеменің мойнындағы жүк емес. Алайда, жұрттың негізі көмір жағып отырған кезде, одан келер қауіп-қатердің алдын алу осылардың міндеті емес пе еді? Әлде, тек статистиканы тіркеп, бейбіт күні қанша жаннан айырылғанымызды жариялап отыруға ғана қауқары бар ма? Отынның сапасы, пайдалануға болатын пештің стандарттары жайлы құжаттар, ережелер неге қабылданбаған? Басқа да қауіпсіздік шаралары неге жүргізілмеген? Өзі айтқан, ыс тиудің алдын алатын, газ анализаторлары неге жаппай орнатылмаған? Бұл көп «негеге?» тұщымды жауап болмайтыны анық, әйтеуір.

Астанадағы әйгілі апаттың салдарынан туған қысым ба, Премьер министр Президент әкімшілігіне министрдің орынбасары Юрий Ильиннге сөгіс жариялау туралы ұсыныс жіберіп, Комитет төрағасы Владимир Беккерге өзі қатаң сөгіс жариялапты. Екеуін де қызметтен қуса, артық болмас еді. Бірақ, «қолы қысқа» болар, ал, ана екеудің «панасы» пәрмендірек шығар... Әйтпесе, қызмет тарихында екі рет сотқа тартылған адам бұлайша биік «ұшпас» еді ғой. Ильинді айтам. 2009 жылы жол ережесін бұзып, басқа көлікті соққаны үшін және 2012 жылы заңға «томпақ» бұйрықтар шығарып, екі рет жазаға тартылған. Екі ретте де азын-аулақ айыппұл төлеп құтылған. Алдыңғысын «мәшинені кім айдамайды, ережені кім бұзбайдыға» сайсақ та болады. Кім білген, мүмкін, аздап «ұртап» та қойған шығар. Болмаса, білдей бір чиновник ол істі сотқа жеткізбес те еді ғой. Ол жағы бізге беймәлім.

Ал, екінші іс қызығырақ. 2012 жылы Алматы қаласы бойынша жедел дайындық, азаматтық қорғаныс, табиғи апаттарды ескерту және салдарын жою жөніндегі Басқармаға жетекшілік етіп отырған Ильин мырзаның мекемесінде тексеру жұмыстарын жүргізген әділет департаменті заңның бірнеше рет бұзылғанын анықтаған. Осы іс бойынша шақырылған сот отырысына Юрий Викторович келмей қояды. Лауазымы сонша биік болмаса да, «заңнан жоғары тұрмын» деген емеуіріні болар. Әйтсе де, нәтижесінде, Ильин мырза жауапқа тартылып, бар жоғы 16 мыңнан сәл асатын сомадағы айыппұл төлеп, аман-есен кетеді. Бұл сот оның қызмет сатысы үшін «барьер» емес, «трамплин» болған сияқты. Көп ұзамай, Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметіне, президент әкімшілігіне, одан Ішкі Істер министрлігіне бірақ «секіреді». Оның ереже бұзуын «еркелікке» балады ма, жоқ «еркектікке» балады ма, биік лауазымға шақырғанда, қызметінің бұл «қызықтары» ескерілмей қалғаны анық.

Бір жағынан алсақ, қай шенді заң бұзбай жатыр? Бастысы, «тоқпағың» мықты шықсын, қанша «киіз» болсаң да, кірмейтін жерге де кіргізіп жібереді. Әйтпесе, Ресей әскерінің бұрынғы офицері, 1996 жылға дейін тәуелсіз Украинаның бір облысындағы азаматтық қорғаныс саласында жүрген беймәлім чиновникті, аяқ астынан, Алматыға алып келіп, жыл санап сатылап өсіре ме (ол туралы биографиясынан танысуға болады)? Бәлкім, керемет маман ретінде таңдаған шығар. Бірақ, нәтижесі қайсы? Біздің елді, жерді, тілді білмейтін адам не тындырды?

Ал, төтенше жағдайлар Комитетінің басшысы Владимир Беккер бекерге отыр ма? Немесе, өзі таққа қонған соңғы үш жылда не бітірді? Оның жұмысының мардымсыз екенін былтырғы көктем (алдыңғы жылғы, оның арғы жылғы) көрсетіп берген болатын. Қарапайым құтқарушыларға тағар мініміз, айтар сынымыз жоқ. Олар өз міндеттерін орындап, елмен бірге су да кешіп, батпаққа да батып жүрді. Суыққа да, ыстыққа да қарамастан, апатқа ұшыраған елге арқасын тосты, көмек қолдарын созды. Діттеп қарасақ, олардың да жағдайы жетісіп тұрған жоқ. Көбінің әлеуметтік мәселесі шешілмеген. Алатын айлықтары шәй-суынан артпайды. Біршамасы «времянка» паналап жүргеніне күмәнім жоқ. Қажет техникамен, басқа да құрал-жабдықпен толық қамтылмаған. Ал, бұл үшін бюджеттен кәдімгідей қаржы бөлініп отырғаны белгілі. Сондықтан да болар, апаттан құтқарушы мекемеде кадрлар тапшылығы бар, ал ол түйткілді шешетін талпыныс жоқ. Сонда кілтіипанның кілті басшылық қызмет сеніп тапсырылған кісілерде болып шықпай ма? Әрине.

Сенатор Дариға Назарбаева айтпақшы, «жылда еритін қардың суы ылғи алапат апатқа айналып шыға келеді». Сенатор, жуырда ғана, сенат комитетінің өзі өткізген отырысында төтенше жағдайлардың алдын алуға тиісті шенділердің бірқатар жүйелік қателіктер жіберіп отырғанына тоқталды: «Құзырлы мекеме қызметкерлерінің саны аз және кадрлар жетіспейді, гидрометеорологиялық қызмет кем қаржыландырылады, гидротехникалық құрылыстар қате жоспарланады, су жайылуы мүмкін аймақтарға үй салуға рұқсат беріледі. Гидротехникалық құрылымдарды пайдалану барысында, қауіпсіздік мәселесі, бойынша түрлі мекемелер арасындағы құқықтық келіспеушілік әлі күнге шешімін таппай отыр».

Сенатор тізіп өткен кемшіліктерге көз салсаңыз, көпе-көрнеу нәрсеге мекеме басшыларының өздері әдейі жол беріп отыр ма деп қаласыз. Демек, не тікелей міндеттерін орындағылары жоқ, я қолдарынан келмейді, не болмаса, бұл жағдай оларға тиімді. Назарбаева өткізген сенат комитеті өткен жылы да өздерінің мемлекеттік органға біршама ескерту жасағанын, бірақ олар оны орындамағанын да айтып өтті. Яғни, апатқа қасақана жол берген болып шықпай ма?

Бір қызығы, бұл үшін ешкім жауап беріп те жатқан жоқ. Мысалы, жауап беруі тиіс, бес бүлдіршін қыршын кеткен соң ғана, премьер министрден қатаң сөгіс алған Владимир Беккер мырзаның үстінен бұған дейін де ҚР ҚК-нің 15-ші тарауына (Мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылық ) жататын, 361-ші бабы (Кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу) бойынша іс қозғалып, ол іс Астана қаласының прокуратурасына, одан әрі Мемлекеттік қызымет және жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігіне тапсырылған екен. Бірақ, Беккердің «мұртын балта да шаппағанын» көріп отырмыз. Ал менің байғұс кәлләмді «құтқарушы Беккер қандай кәсіпкерлікке заңсыз араласыуы мүмкін» деген дүдамал ой мазалайды. «Құс фабрикасы бар» деген өсекті естіп қалып ем. Бәлкім... Қой құрысын, дерегім жоқ, өтірік болар...

Арқада қыс ұзақ, сондықтан, өрт қаупі әлі де сейілген жоқ. Өртеніп кететін де, өрт шыққаны үшін жауапты болатын да өздеріңіз екенін ұмытпаңыздар. Ал, Арқаның қары сөгіліп, жылғаға жылға қосылып, су жайылатын кез де алыс емес. Суға кетсеңіздер, «тал қармайсыздар». Өйткені, Ильин мен Беккердің «күйсеуі» бөлек, сенуге болмайды. Бұл мырзалар «қылышын су кеткен соң ғана сермейді», яғни, шығынды есептеп, ақша бөлумен ғана айналысқанды жөн санайды.

Апаттан аман болыңыздар!

Асхат Асан

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052