Жексенбі, 24 Қараша 2024
Ауыс-түйіс 5626 0 пікір 25 Ақпан, 2019 сағат 18:41

Астанадағы ауыс-түйіс. Жаңа Үкіметке кімдер кірді?

Президент Нұрсұлтан Назарбаев 21-ақпан күні Үкіметті отставкаға жіберген еді. Бүгін Астанада ауыс-түйіс болды. Премьер-министрден тартып бірқатар министрліктерге жаңа басшылар тағайындалды. Сонымен қай министр қайда барды? Рет-ретімен жазайық.

Асқар Мамин - Премьер-министр

Әуелі Асқар Мамин туралы айтайық. 21-ақпан күні Президент Назарбаев Үкіметті отставкаға жіберу туралы жарлық шығарып, уақытша Үкіметтің тізгінін Асқар Мамин ұстаған еді.

Бүгін Мәжілістің пленарлық отырысына арнайы қатысқан Президент Маминнің кандидатурасын премьерлікке ұсынған еді. Мәжіліс бірауыздан мақұлдады. Сөйтіп, уақытша премьер болған Мамин енді, сол қызметте тұрақтап қалатын болды.

Әлихан Смаилов - Бірінші вице-премьер, ҚР Қаржы министрі

Бүгіннен бастап Асқар Маминнің бірінші орынбасары қызметіне Әлихан Смаилов кірісті.

Сондай-ақ, Смаилов ҚР Қаржы министрі қызметін қатар атқаратын болды. Естеріңізге сала кетейік, Әлихан Смаилов 2015 жылдан бері Мемлекет басшысының көмекшісі болған. Осы уаққа дейін Смаилов екі мәрте Қаржы министрінің орынбасары болды. Ал Үкімет отставкаға кетпес бұрын, ол қаржы министрі қызметін атқарған еді.

Жеңіс Қасымбек - Премьер-министрдің орынбасары

Бүгін жасақталған Үкімет құрамына Жеңіс Қасымбек те енді. Ол Премьер-министр Асқар Маминнің орынбасары болып тағайындалды. Жеңіс Қасымбектің кандидатурасын Мәжіліс мақұлдады.

Жеңіс Қасымбек Үкімет жұмысының стратегиялық бағыттағы шешімдерді қабылдау үшін қажетті құзыретке ие екен.

Гүлшара Әбдіқалықова - Премьер-министрдің орынбасары

Әбдіқалықованың да кандидатурасы Мәжілісте мақұлданды. Ол 2014 жылден бері Мемлекеттік хатшы қызметінде болған. Әр жылы Президенттің кеңесшісі, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі қызметтерін атқарған.

Бейбіт Атамқұлов - ҚР Сыртқы істер министрі

 

Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов Қазақстанның Сыртқы істер министрі қызметінде қалды. Бейбіт Атамқұлов бұл қызметке 2018 жылдың 26-желтоқсаны күні тағайындалған еді.

Нұрлан Ермекбаев - ҚР Қорғаныс министрі

Президент Үкіметті отставкаға жіберген соң, жаңа жасақталған құраммен өз қызметін қайта жалғастыратындардың бірі бұрынғы және қазіргі Қорғаныс министрі Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаев болды.

Ерлан Тұрғымбаев - ҚР Ішкі істер министрі

Үкімет отставкаға кетердің сәл-ақ алдында Ішкі істер министрлігіне тағайындалған Ерлан Тұрғымбаев та орнында қалды. Ол жаңа жасақталған Үкіметтің Ішкі істер министрлігін басқаратын болды. Айта кетейік, Ерлан Тұрғымбаев 2019 жылдың 12-ақпаны күні ҚР Ішкі істер министрі болып тағайындалған еді.

Дәурен Абаев- ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі

Бұрынғы Үкіметтің құрамында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігін басқарған Дәурен Әскербекұлы бүгін жаңа қызметке тағайындалды. Ол қайта жасақталған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тізгінін ұстады.

Марат Бекетаев - ҚР Әділет министрі

Үкімет ауысқанымен өз қызметін әрі қарай жалғастыратын министрлердің бірі - Марат Бақытжанұлы Бекетаев. Ол өз қызметінде қалды. Яғни, бұдан бұлай да ҚР Әділет министрлігін басқара бермек.

Елжан Біртанов - ҚР Денсаулық сақтау министрі

Біртанов та өз қызметін әрі қарай жалғастыра береді. Асқар Маминнің басқаруындағы Үкіметтің құрамындағы Денсаулық сақтау министрлігінің тізгіні қайтадан Біртановта болатын болды.

Арыстанбек Мұхамадиұлы - ҚР Мәдениет және спорт министрі

Мәдениет пен спорттың тізгінін қатар ұстаған Арыстанбек Мұхамадиұлы да өз қызметінде қалды.

Қанат Бозымбаев - ҚР Энергетика министрі

Өз қызметінде қалғандардың тағы бірі Қанат Бозымбаев. Ол бұдан бұлай да Энергетика министрі болып жұмас жасайды.

Асқар Жұмағалиев - ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі

Ал бүгін Президент пәрменімен қайта жасақталған министрлік - ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің тізгінін Асқар Қуанышұлы Жұмағалиев ұстайтын болды.

Бердібек Сапарбаев - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі

Ал бұған дейін Ақтөбе облысының әкімі қызметінде болған Бердібек Машбекұлы Сапарбаев енді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды.

Айта кетейік, осыған дейін аталған қызметті атышулы министр Мәдина Әбілқасымова атқарып келген.

Роман Скляр - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі

Бүгін Мәжіліс кандидатурасын мақұлдаған тағы бір адам Роман Скляр болды. Бұл азамат бүгіннен бастап ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметін атқарады.

Бұған дейін Скляр дейтін азамат Жеңіс Қасымбек басқарған Инвестициялар және даму министрлігінде вице-министр қызметін атқарған екен.

Сапархан Омаров - ҚР Ауылшаруашылық министрі

Бүгін ғана тағайындалған су жаңа министрдің біреуі - Сапархан Омаров. Ол енді ҚР Ауылшаруашылық министрі қызметіне кірісетін болды. Оның кандидатурасын Мәжіліс мақұлдады.

Күләш Шәмшидинова - ҚР Білім және ғылым министрі

Жұртқа жағымсыз Ерлан Сағадиев қызметінен кетіп, оның орнына су жаңа министр болып Күләш Шәмшидинова тағайындалды, бүгін.

Руслан Дәленов - ҚР Ұлттық экономика министрі

Ал Мамин тізгінін ұстаған Үкіметтің Ұлттық экономика министрі - енді Руслан Дәленов дейтін азамат болды.

Қысқашы осы. Астанадағы ауыс-түйістің ауаны осы болды. Президент қаулы шығарды. Мәжіліс те өз міндетін қалтқысыз атқарды. Сөйтіп, Үкіметтің жаға құрамы бекітілді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5555