Жексенбі, 24 Қараша 2024
3032 0 пікір 12 Ақпан, 2019 сағат 09:26

Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде 400 орындық жаңа жатақхананың құрылысы басталады

Президент Н.Назарбаевтың Президенттің бес әлеуметтік бастамасы атты халыққа үндеуінің үшінші бағыты - «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» деп аталады.

Президент бұл бастаманы жүзеге асыру үшін - жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керектігін айтты. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады.

Яғни, инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының болашақ мамандарына үлкен мүмкіндіктер жасалмақ.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттарының құнын ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін көтеру туралы айтқан болатын.

Аталған шаралар орта мектеп түлектерін жоғары біліммен неғұрлым көбірек қамтуға мүмкіндік береді, бұл – жалпы әлемдік тренд.

Сондай-ақ, Н.Назарбаев студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін оларға арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырды. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді.

Президенттің осы тапсырмасына сәйкес, техникалық білім беруден республика көлеміне танымал оқу ордасы – Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті бірқатар шараларды қолға алған. Бүгінде бұл оқу ордасында 12 мыңнан астам студент білім алады. Оның жартысына жуығы мемлекеттік білім гранттарының иегерлері. Биылғы оқу жылында 1992 грант бөлінген.

Былтырғы жылмен салыстырғанда 270 түлек мемлекеттік білім гранты негізінде оқуға мүмкіндік алған. Ал, жалпы білім гранттарының саны жыл сайын артып келе жатқан көрінеді.

Бұл оқу орнының QS World University Ranking университеттер арасындағы беделді әлемдік ТОП-751+ рейтингісіне, сондай-ақ, RankPro университеттердің кәсіби ТОП600 рейтингісіне енген. Бүгінде мұнда  «Индустрия 4.0», «Цифрлық машина жасау», «Металлургиядағы нанотехнологиялар» және «Биоинженерия» орталықтары мен жаңа ІТ сыныптары ашылған. Цифрлық өндірісті қолға алған аймақтың инновациялық кәсіпорындарымен бірлесіп бәсекеге қабілетті мамандарды даярлайды.

Сондай-ақ, өңірде «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облысы бойынша филиалының бастамасымен жер-жерлерде ІТ сыныптары көптеп ашылып жатқан көрінеді. Бұл да болса жас буынның техникалық бағытқа бүйрегінің бұрып тұруына септігін тигізетіні сөзсіз.

Жатақханамен қамтылу қандай деңгейде?

Бастама көтерген және бір өзекті мәселе – студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл орайда Елбасы «2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын» деп нақты көрсетті.

Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті бұл міндетті орындау үшін келесі жылы 400 орындық жаңа жатақхананың құрылысы бастамақ. Ленин көшесі 67 мекен-жайы бойынша орналасатын жаңа ғимарат 1126,42 шаршы метрді құрайды деп жоспарлануда.

Мұнымен қоса, Қарағанды мемлекеттік медицина университеті екі жатақхана құрылысын жоспарлап отыр. Әрқайсы 500 адамға шақталған жатақханалардың орналасатын жері айқылдалып, қажетті құжаттамасы дайындалу үсінде. Аталмыш оқу орнындағы 8 мың студенттің 6 мыңнан астамы басқа өңірлерден келгендер мен шетелдіктер. Сондықтан, жаңа жатақханаларға сұраныс жоғары. Сондай-ақ, Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжінде 100 орындық жатақхана құрылысы келесі жылы басталмақ.

Облыстық мәслихаттың депутаттары да аталмыш мәселені жіті қадағалауда. Бірнеше мәрте отырыс өткізіп, жастарды жатақханамен қамту мәселесін көтерді. Сонда айтылған мәліметтер бойынша жыл басында облыстағы 9 жоғары оқу орнында 27 497 студент күндізгі бөлімде білім алады. Олардың 70 пайызға жуығы, яғни, 19172-сі басқа өңірлерден келген жастар. 26 жатақханада 9 мыңнан астам студент тұрып жатыр, ал, жоғары оқу орны жатақханаларындағы жастар 8 мыңнан асып жығылады. Пәтер жалдап немесе туыстарын паналап жүрген студенттер 22 пайызды құрайды, яғни, 4180 адам. Депутаттар әлі де 2 мыңға жуық студенттің жатақханаға мұқтаждығын анықтап отыр.

Мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді қордаланған мәселелердің шешімін табуға тиімді пайдалана білу маңызды. Жергілікті атқарушы билік осыны анық сезініп, бастаманың баянды болуына еңбек қылса дейміз.

Жансая Омарбекова

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3265
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5596