Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Осы ғой енді... 8472 10 пікір 5 Наурыз, 2019 сағат 12:21

Оралмандардың "Отандастар" қорының жиыны орысша өтті

2017 жылы маусым айының 22-25-күндері Астанада өткен  Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы  «Отандастар» қорын құрып, осы қор арқылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына шетелдегі ағайынмен байланыс жасауды міндеттеген  еді.  Дәл бір жылдан кейін, яғни 2018 жылы маусым айында  «Отандастар қоры» КЕАҚ (Коммерциялық емес акционерлік қоғамы)  жұмысын бастады.

Қазақстан Республикасының Үкіметінің Қаулысында аталмыш «Отандастар қоры» КЕАҚ  «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қызметін қамтамасыз ету негізгі нысанасы болып айқындалсын», - деп арнайы  атап көрсетті.

«Отандастар қоры» КЕАҚ-ның құрылуына байланысты Қауымдастықтың жұмысын қазіргіден күшейтіп, жаңа деңгейге көтеруге үлкен мүмкіндік туады деп сендік. Өйткені Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығының қаржы мәселесінің дұрыс шешілмеуінен болып кезінде көп қиындыққа душар болды.

Бүгінде  «Отандастар қоры» өзінің арнайы жасалған жол картасы арқылы әрбір қала, облыс әкімшіліктерімен  Мәмілеге (меморандум) отыруда. Мәміленің мақсаты шетелдегі  және елімізге  қоныс аударған этникалық қазақтарға қолдау көрсету  екен. Жуырда  сондай мәмілелердің бірі - «Отандастар қоры» КЕАҚ-ның өкілдері мен Павлодар облысы әкімшілігі арасында  жасалды. Осы ресми іс-шараға куә ретінде көңілге келген аздаған ойларды ортаға салуды жөн көрдім.

Аталмыш ресми салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары  Бегентаев Мейрам Мұхаметрахымұлы мырзаның жиналған аудиторияcында тек қазақтар отырғанын, соның ішінде орысша білмейтін алыс шетелдерден келген оралмандар,  жастар мен студенттер өкілі, журналистер отырғанын ескерместен  тек орыс тілінде сөйлегенін, ал «Отандастар қоры»-ның басқарушы директоры Әбілдинова Әлия Сапабекқызы ханымның да  сөзін алдымен көп көрім қазақша бастап алып, соңын сиырқұймышақтатып орысшаға бұрмалап кеткені де көңілге дақ қалдырады. Қазақтың мәселесін бұл адамдар орыс тілінде   жоқтамақ па деп ойлап қалдық.

Мемлекетімізді дамыған елдердің қатарына жеткізудің ең басты тетіктерінің бірі демография екендігі бәрімізге аян. Бабаларымыз ол туралы:

«Тоқсан іңген боталап,

Тоғыз келін қомдасын.

Ұлың оншақты болсын,

Қызың моншақты болсын,

Дәулетің көп болсын,

Перзентің көп болсын,

Басың көп болсын,

Асың көп болсын,

Жасың көп болсын,

Досың көп болсын!

...Беделің тасып өрлесін,

Ошағың мәңгі сөнбесін!», - деп келер ұрпағына бата-тілегін қалдырып кеткен еді.  Өйткені, «беделіміз тасып өрлейтін, ошағымыз мәңгі сөнбейтін»  «Мәңгі ел!» болу үшін «бас көбеймей - ас көбеймейтінін», немесе «мал егіз туса-шөп айыр өсетінін» бабаларымыз жақсы білген.

«Қазір елімізде тұрғындар саны 18 миллионнан асып, 19 миллионға бет алды. Кең-байтақ жерді жиырма миллионға жетпейтін халықпен еркін игере аламыз ба? Оның үстіне демографиялық өсіміміз де көршілес елдермен салыстырғанда өте төмен. Мысалы, 1967 жылы Қазақстанда 12,4 миллион, Өзбекстанда 10,8 миллион халық болған екен. Яғни біз көршілерімізден 2 миллиондай артық болыппыз. Арада елу жыл өткенде, яғни 2017 жылғы есеп бойынша Өзбекстан халқы 34 миллионға жақындап, үш есеге көбейіпті. Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан халқы да үш есе өскен. Өкінішке қарай, біз бар болғаны жарты есе ғана өсіп, 18 миллионнан әрең асып отырмыз. Тұрғындар саны өспеуіне бір себеп – елді тастап шетке көшушілер көп. Айталық, кейінгі 10 жылда елімізден 324 мың адам сыртқа көшкен. Ал келушілер бар болғаны 283 мың адам. Оның сыртында бала туу жөніндегі жағдайымыз да мәз емес. 1980 жылдары республика көлемінде бір жылда 800 мың сәби дүниеге келсе, қазір бұл көрсеткіш екі есе азайып, 400 мыңның айналасында болып тұр. Демографиялық жағдайымыз осы қалпынан өзгермесе, бұл фактор экономикамызға кері әсер етері анық. Мысалы, бір ғана Солтүстік Қазақстан облысында бүгінгі таңда тұрғындары 50 адамға жетпейтін 100 елді мекен бар екен. Олардың 38-і жақын арада мүлдем жабылады. Қалғандарының болашағы бұлдыр» (Егемен Қазақстан.2018ж 16-қараша) Бұл ескіріп кетпеген статистикалық көрсеткіш.

Мәселе дәл осындай ерекше актуальды мәселе туындап тұрған бүгінгі таңда «Отандастар қоры» КЕАҚ арқылы Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының атқаратын шаруасы ұшан-теңіз болуға тиіс еді. Өкінішке орай, «Отандастар қоры» КЕАҚ Дүниежүзі қазақтары  қауымдастығының қызметін қамтамасыз ететін негізгі нысанасын ысырып тастап, қауымдастықтың  барлық фунциясын атқаратын жеке жол картасын жасап алған.

Бірақ ол жол картасы тек қаражат шашуға бағытталған әртүрлі шоулар, форумдар, кіші құрылтай, музыкалық фестиваль, экскурсия-саяхат қатарлы мәдени шаралардан құралған. Есесіне біз күткен аса маңызды сөз тіркестері бұл картада жоқ. Нақтылап  айтсақ, этникалық қазақтарды елге көшіріп алу, қабылдау, қоныстандыру деген сөз  бұл  жол картасында кездеспейді. Көші-қон мәселесіне көңіл бөлініп, қандастарымыздың елге қосылу қарқынын көбейтудің мүмкіндіктері қарастырылмаған. Демографиямызды дамытудың негізгі тетіктерінің бірі болушы шетелдегі қандастардың елге көшіп келіп қоныстануы, оралмандардың көшінің маңыздылығы мен қажеттілігі туралы  айтылмаған. Турасын айтсақ, шетелдердегі қазақтарды Атамекеніне тарту, қоныстандыру туралы бұл бағдарламада ешбір сөз жоқ.  Яғни, бүгінде  айтып жүрген  оралмандар көшінің тоқырауын азайтатын, себеп-салдарын ашатын нақты тұжырым жасалмаған деп түсінуге болады.

Сондықтан да  аталмыш құжаттың дені ұлттықмерекелерде облыс, қала, аудан әкімшілік тарапынан бұрыннан бері көршілес елдердегі қандастарды елдегі болып жатқан ауқымды мәдени іс шараларға қатыстыру сияқты жұмыстары мемлекет есебінен атқарылатын «академиялық туризмді»  ғана еске салады. Жалпы елімізде болып жатқан мәдени іс-шараларға көрші мемлекеттерде тұратын қандастарды қатыстыру бұрыннан істеліп келе жатқан дәстүрлердің  бірі болатын.

«Отандастар қоры»-ның Астананың төріндегі зәулем кеңсеге отыз-отыз бес менеджерлер шоғырланған, ауыр  қозғалатын сылбыр мехнизммен шетелдерге этникалық қазақтарымен тұрақты байланыс жасауы екіталай. Естуімізше бұл жердегілердің бәрі де жылы-жұмсақтың жолын жақсы білетін бай-бағланның балалары мен туыстарынан құралған көрінеді. Себебі, көбі қазақша екі сөздің басын қосып сөйлей алмайтын көрінеді. Қазақша сөйлей алмайтын адамдар этникалық қазақтармен елге көшіп келіп жатқан оралмандар туралы, олардың толып жатқан проблемасы жөнінде түсінігі мүлде жоқ, орысша білмейтін қандастармен сөйлесуі мүмкін емес, тағы бір бюрократиялық аппарат болып шыға келуіне бір-ақ қадам қалып тұр деген сөз.  Мұндай аппараттар бізде жеткілікті. Осыдан-ақ қордың ақшасы мақсатсыз жұмсалып кете ме деген ойға қаласың.

Мысалы: шетелдегі қандастарға арнап радио, сайттар ашамыз деп «Отандастар қоры» КЕАҚ-ның жол картасында көрсетілген. Бұл ешбір сын көтермейтін жоспар. Себебі  бүгінде ғаламтор мүмкіндігі мен қоса  елімізде осы бағыттағы веб-сайттар мен  қазақ радиолары да жетіп артылады. Керісінше барлық қаржы қандастарды елге көшіріп әкелу, оларды отанымызға бейімдеу, қолдау көрсетуге жұмсалуы керек. Жол қартада баяғыдан ҚР-да атқарылып  келе жатқан жұмыстарды қайталап көрсете бергені  қаржыны мақсатсыз талан-таражға салудың тәсілі тәрізді.

Жалпы оралманға қатысты жұмыстардың ауыры өңірлерге жүктелетіндіктен Астанадағы «Отандастар қоры» КЕАҚ-ның  штатына 5-6 адам ғана қалдырып,  қаражаттың денін өңірлерге бөлу тиімді екені айтпаса да анық. Сонда ғана жол картасын іске асыруда нәтижелі болары күмәнсіз. Жалпы жедел, іскер  топ өңірлерде жасақталып, орталықта шағын менеджерлер басқарып отырса заман талабына сай өнімді де нәтижелі шаралар іске асуына қолайлы болмақ.

Бұл  жол картасы көші қон мəселесін замануи тұрғыда шешуге  бағытталу қажет. Павлодарда болған мемарандумға қол қою рәсімінде  облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Дәуенов Ернұр Нұрланұлы мырзаның оқып таныстырған аз-мұз есебінде «Отандастар қоры»-ның жол картасында Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы тарапынан атқарылатын жұмыстың өте аз көрсетілгені қордан өңірлерге қаражат бөлінбейтінінің айғағы болмақ.

Қазақ санын көбейтудің бір жолы – өркениетті елдердің этностық көшті жүргізудегі озық тәжірибелерін, атап айтсақ Германия, Израиль қатарлы этностық көшті жақсы жүргізетін мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, оның оңтайлы тұстарын елімізде пайдалану  уақыты әлдеқашан болғаны туралы нақты дәйекпен күн тәртібінен түспей үнемі айтылып келеді. Бұл тәжірибе дегеніміз, оралмандарды көшіріп алуда олардың бұрыннан өмір сүріп жатқан тұрғылықты жерінен бастап, Атажұртқа визаның қай түрімен қоныс аударады, барған соң тұрақты тұруға, тіркелуге, азаматтық алуға қандай құжаттар керек болады – оның бәрін сол жақта дайындау деген сөз. Сонымен қатар бері көшіп келуге құштар болғанымен қаржылық  мүмкіндігі жоқ отбасыларға нақты қаржылай қолдау көрсету, келгесін әлеуметтік көмек беру жолдары бізде әлі күнге бірізділікке түскен жоқ. Шекарадан өткенде кім қарсы алады, қай өңірге орналасады, баспана мәселесі қалай шешіледі, не жұмыс істейді - бұл да шешілмеген мәселенің бірі ретінде қалыс қалып келеді. Жалпы біздің елде оралмандарды күтіп алып орналастыру мәселесімен де  ешкім айналыспайды. Біраз облыстарда оралмандарға арналған бейімдеу орталықтары  болғанымен олардың жұмысы бүгінгі заман талабына сай емес, көшіп келген қандастарға қызмет көрсету мемлекеттік стандарты әлі күнге қалыптаспаған.

Оралмандардың тұрақты тіркеліп, азаматтық алуындағы құжаттарға қатысты дау да бір төбе.  Соңғы жылдары оларға әуелі ықтияр хат беру керек, азаматтыққа құжатты содан кейін өткізеді деген ереже шықты. Ықтияр хат дегеніміз төлқұжатқа теңестірілмейтіндіктен азаматтық алатын уақыты жеткенше  оралман бауырымыздың ығыры шығады. Ал елге келгесін көрсететін көмегінің де шанағы белгілі, мемлекет жергілікті билікке, жергілікті билік қалталы азаматтарға, кәсіпкерлерге жүктей салады, ал олардың көмегі де жүйелі емес, көмескіленіп барып соңы құрдымға кетіп жатады.

Ресей президенті Владимир Путин дүниенің түкпір-түкпіріндегі орыстар мен орыстілді азаматтарды ешқандай кедергісіз, әуре-сарсаңға салмай миллиондап қабылдап, бірден азаматтық беретін бағдарламаға қол қойды. Енді әлемнің әр тарабынан Ресейге репатрианттар толассыз ағылатыны анық. Ал біз оралмандардың келуін жеңілдетпек түгілі, неше түрлі сылтаумен барған сайын қиындатудан танбай отырмыз. Әншейінде Ресейді үлгі тұтқанда алдына қара салмайтын орысшыл басшылар этникалық қазақты көбейту мәселесіне келгенде әрине осылай бұлталаңға салатыны белгілі болып қалуда. Біздегі  ресми емес дерек бойынша бүгінгі таңда елімізге алыс-жуық шетелдерден келген 30 мыңдай адам әлі азаматтық ала алмаған.

Кезінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасының орынбасары болған, көші-қон мәселесімен көп жылдар бойы айналысып келген ұлт жанашары белгілі ғалым, жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев ағамыздың  көші-қон мәселесін жүйелі зерттейтін орталық құруды талай мәрте ұсынды. Этникалық қазағының үштен бірі әлі шетелде жүрген біздің елде шынында ондай орталық әлі күнге жоқ.  Еліміздегі қаптаған ғылыми-зерттеу институттары мен сансыз аналитикалық-сараптау орталықтарының бұл салаға неге назар аудармайтыны бізге түсініксіз. Ал көші-қон және оралмандар туралы айтылып жүрген әңгімелердің көпшілігі ешқандай нақты зерттеуге негізделмеген, екпіндеткен қызыл сөзден, заңнамалық, қаржылық жағынан орындалуы мүмкін емес, бос ұсыныстардан тұрады. Осыған орай, Үкімет кеңсесінің бір бөлімі, ең құрығанда бір секторы көші-қон жұмыстарын үйлестіріп, Премьер-министрдің бір орынбасары осы жұмыстарға басшылық жасап отырса жұмыс жүйеленіп, алға басады. Өйткені бұл  саланы жетік білетін мамандар мен басшы кадрлар жеткіліксіз.

Елімізде әлі күнге көші-қон жөнінде арнайы мамандар да­йындау қолға алынған емес. Бұрын оралмандар туралы деректер көші-қон мекемелері арқылы бір орталыққа жиналатын. Қазір жеке көші-қон мекемелері де жоқ, оралмандардың дерек қоры да жұмысын тоқтатқан ба, беймәлім!

Соның салдарынан Қазақстанда оралмандар мәртебесін алып жатқан кімдер, олар қайда жүр, Қазақстанда қалды ма, әлде қайтып кетті ме – оны анықтау қиын. Болашақта оралмандардың дерек қорының жұмысын қайта жүргізіп, оған Қазақстанда тұрақты қалатын оралмандарды ғана енгізу мәселесі осы орталықтардың сараптамасы арқылы шешіліп тұрса  ғана нәтижелі болар еді.  Осыған орай облыстардағы көші-қон үрдісі бойынша барлық мәлімет, ақпараттарды, статистикалық есептерді бекітілген формаларға сәйкес облыстардағы тиісті мекемелерден жинақтап алып, Үкіметке ұсынатын статистикалық есепке жауапты мекеме, Тәуелсіздіктің алғашқы жылыдарынан бері оралман мәселесімен айналысып келе жатқан өңірлердегі Қауымдастық филиалдарының тәжірибелі мамандары  болуға тиіс.

Мәселен, облыс әкімдіктері кезінде әр облыстағы Көші-қон басқармасының жанынан Оралмандардың бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарын құрып ашып берген. Олардың әр қайсысында бекітілген штаттық кестеге сәйкес қызметкерлері бар болатын. Осы мекемелер 2013 жылы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қосылып жергілікті бюджеттен жыл сайын арнайы қаржы бөлініп тұрса да содан бергі уақытта оралмандардың мүддесі үшін емес басқарманың мүддесі үшін жұмыс жасап келе жатқандай әсер қалдырады. Міне осы мекемені Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және «Отандастар қоры» » КЕАҚ -на беріп шет елден келгендерге бірінші кезекте құқықтық ақпараттық ақыл-кеңес беретін іскерлік орталық ретінде қайта құру бүгінгі заманның талабы. Сонымен қатар Еңбек министрлігіндегі этникалық қазақтармен жұмыс жасау басқармалары да қысқартылып жатыр. Облыстардағы бөлімдері де қысқартылып басқарма қарамағындағы  бөлімдерге қосылып аты бар заты жоқ болды. Осы мәселені облыс әкімдері оралмандарды бейімдеу орталықтарын қауымдастықтың облыстық филиалдарына  жауаптандырып, нақты істермен айналысса ғана нәтижелі болар еді деген ойға қаламыз.

Қорыта айтқанда, Елбасының арнайы тапсырмасымен құрылған «Отандастар қоры» КЕАҚ, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының көп жылдан бері атқарып келген, кейбірі қаржылық мүмкіншілікке орай кезек күтіп тұрған жүйелі жұмыстарын аттап өтіп,   басқа бағытта жасаған жол картасы арқылы  шетелдегі қазақ диаспорасының  шешімін күткен сансыз  меселелерімен айналысатын қауқары барма, өйткені дәл қазіргі таңда осы қорда этникалық қазақтың мұң мұқтажын, менталитетін түсіне білетін, көші-қон саласында тәжірибесі бар мамандар жұмыс істей ме деген ой алаңдатады.

Қордың басты мақсаты мен міндеті Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп тарихи отанынан тыс жерде өмір сүріп жатқан қандастарды елге көшіріп әкелу, оларға жөн сілтеп, тұрмыс-тіршілігін ондап, кәсіппен айналысуына, жұмысқа орналасуына және ортаға бейімделіп, баспаналы болуына жағдай жасау болмақ.  Ендеше «Отандастар қоры» КЕАҚ осы міндетінен ауытқымаса екен деп тілейміз.

Амантай Тойшыбайұлы, журналист

Abai.kz

 

 

10 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048