Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
3853 0 пікір 28 Наурыз, 2019 сағат 10:47

Қызылорда облысында апатқа ұшыраған әскери тікұшақ экипажы қаза тапты

27 наурыз, сәрсенбі күні Ақтаудан Шымкентке ұшып бара жатқан Қазақстан қарулы күштерінің тікұшағы Қызылорда облысында апатқа ұшырап, экипажы түгел қаза тапқан. Бұл туралы Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter әлеуметтік желісіндегі парағында хабарлады.

"Тікұшақ экипажы қаза тапты. Тергеу бастау туралы бұйрық бердім. Қаза тапқандардың үй-ішіне көңіл айтамын. Оларға материалдық көмек көрсетіледі" деп жазды Тоқаев.

Қорғаныс министрлігі әскери тікұшақ бортында 13 адам болған және қаза тапқандар бар деп хабарлады. Алайда нақты қанша адамның мерт болғаны туралы дерек бермеген.

Ресми ақпаратта әскери жаттығуға қатысқан төрт тікұшақтың екеуі Қызылордаға қонып, біреуі апат болған аумаққа оралғаны айтылған. Тікұшақтар қас қарайған әрі ауа райы қолайсыз уақытта арнайы әскери жаттығуға қатысқан деп мәлімдеді министрлік.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың бұйрығымен құрылған арнайы комиссия тікұшақ апатқа ұшыраған Қызылорда облысы Жалағаш ауданына аттанған.

Апатқа Ми-8 әскери тікұшағы ұшыраған деп хабарланды. Қазақстан ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің өкілі Нұрсұлтан Нұрмұхаметовтің РИА "Новости" агенттігіне айтуынша, "құлаған тікұшақ түгелдей жанып кеткен".

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2037