«Qazaqstan» телеарнасының «JańǵyryQ» жобасы көрерменге ұсынылады
2019 жылдың 1 сәуірінде Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан» телерадиокорпорациясының құрамына кіретін «Qazaqstan» телеарнасының «JańǵyryQ» жобасына арналған баспасөз-конференциясы өтті.
Шараға «JańǵyryQ» жобасының продюсері, «Maqpalsher» жобасының авторы Мақпал Жұмабай, әнші-авторлар Мархаба Сәби, Аршат Хайролла, Ербол Нариманұлы қатысты.
««Qazaqstan» телеарнасы музыкадағы әр түрлі бағыттарды жүйелі түрде насихаттап келеді. Басым бағытымыз – ұлттық ән-күй өнері. «Мен қазақпын» ұлттық мега жобасы мен «Ұлы дала сазы» жобасы – ақпараттық кеңістігіміздегі ұлттық музыка бағытындағы бірегей жобалар ретінде өз орнын айқындады. Бұл жұмыс мақсатты түрде жалғасын табады. «Qazaqstan» телеарнасының көрермендері сан алуан, соның ішінде жастардың үлесі көп. Сол жастарымыздың отандық музыканы тыңдап, талғамы мен таңдауы қатар дамуы үшін заманауи музыкаға да ден қойып отырмыз. Жаңашыл туындылар ұсынып жүрген жастарды да қолдап келеміз. Өз жерімізде пайда болған q-pop жанрының жанкүйерлері де көп. Қазақ тілі мен қазақ музыкасын түрлендіріп, өздігінше дамытқан бұл субмәдениетке де арнамыз эфирінен орын берді. Сонымен қатар, еліміздің мәдени өміріндегі елеулі оқиға – Димаш Құдайбергеннің халықаралық деңгейдегі «Арнау» атты ірі концертін «Қазақстан» телерадиокорпорациясы ұйымдастырып отыр. Бұл – біз үшін мәртебе әрі зор жауапкершілік. Ал назарларыңызға ұсынып отырған «JańǵyryQ» жобасы заманауи қазақ музыкасында өз жолын салып келе жатқан авторлық музыкаға арналған. Бұл жоба өзіндік ойымен, орындау мәнерімен, шығармашылық идеясымен ерекшеленетін авторларды жинайтын музыкалық алаң. «JańǵyryQ» – авторлық музыка мен жанды дыбысты насихаттайтын еліміздегі бірден-бір музыкалық жоба. Бұл жоба музыка саласындағы авторлық көзқарас пен орындаушылық өзгешеліктерді көрсетуімен құнды. Жоба бұқаралық сипат алған бүгінгі ән өнеріне жаңа тыныс береді. Сол арқылы өзіндік әуезі мен ұстанымы бар авторлардың қалыптасуына себеп болмақ. Біз «JańǵyryQ» жобасы арқылы жаңа музыкалық бағыттардың, мәдени қауымдастықтардың тууына ықпал етеміз деп сенеміз», - деді жоба продюсері Мақпал Жұмабай.
«JańǵyryQ» жобасы 4 концерттен тұрады. Жоба ерекшелігі – әр орындаушының өз музыкалық тобы бар және ол өзінің авторлық туындыларын ғана орындайды. Жобаға эксперименталды электронды музыка өкілдері де қатысты. Ал түсірілім бір дубльмен, концерттің шынайылығын сақтау арқылы жүзеге асты. Дыбыс пен видео сапасын қамтамасыз ету үшін арнайы режиссерлық топ пен дыбыс режиссерлері жұмыс істеді.
Жиын барысында Мархаба Сәби: «Жанды дауыстағы концерттер мен live форматтағы жобаларға ғана қатысамын деп осыдан бір жыл бұрын шешім қабылдаған едім. Дегенмен, бұл ұстанымымызды жүзеге асыратын алаңдар аз болды. Осы ретте «Qazaqstan» телеарнасының бұл бастамасы өте маңызды. Мұндай жобалар біз секілді әнші-авторлардың шығармашылық мүмкіндігін ашуға, жанды дыбыстың салтанат құруына және тыңдарманның талғамынынан шығуға ықпал етеді» деді.
Жобаға 12 орындаушы қатысты. Олар: Moldanazar тобы, Мархаба Сәби, Satzhan project, Maqpalsher, Darkhan Juzz, Jeltoksan, DAMU, Qonyratbay Fam, Qudyr, ARShAT, ámir.
Жоба қатысушыларының бірі Ғалымжан Молданазар түсірілім барысында: «Осындай жанды дауыстағы музыканы халыққа тура, бетпердесіз жеткізіп жатқаны үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Біз үшін мұндай жоба бірінші рет, сондықтан қобалжимыз. Бұл – біз үшін үлкен тәжірибе. Әрбір уақыттың толқындары мен желісі болады. Ол әрдайым болған, болады да. Ең маңыздысы, біздің оны қалай жеткізетініміз. Осындай жобалар жалғасатын болса, музыкамыз үшін керемет серпіліс болады деп ойлаймын» деген пікірін білдірген болатын. Ал Satzhan project жобасының жетекшісі Сәтжан Шәменовтің пікірінше, «бұл жоба еліміздегі музыканың сапалық деңгейінің көтерілуіне септігін тигізіп, жанды дыбыстың қозғалыс ретінде дамуына ықпал етеді».
Баспасөз-конференциясы соңында «JańǵyryQ» жобасынан үзінді көрсетілді.
«JańǵyryQ» жобасының тұсаукесерін 6 сәуір күні, 11:40 та «Qazaqstan» Ұлттық арнасынан көре аласыздар!
Айта кетейік, «JańǵyryQ» жобасының идея авторы Ерлан Қарин, продюсері Мақпал Жұмабай, қоюшы режиссері Тоғжан Құрманжанқызы, дыбыс режиссері Оралхан Сәдуақас.
Abai.kz