Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 5335 5 пікір 3 Сәуір, 2019 сағат 09:56

Топас немесе оңбаған кім: Орыстілді Отандас па, Өкімет пе, Мен бе?

Бірден айтайын, мен өзімді соншалықты ақылды адаммын дей алмаймын. Мәселен, жаман ақылым жоғарыдағы сауалдың жауабын таппай-ақ қойды. Соған қарағанда, топастың көкесі өзім болуы әбден мүмкін...
Жарайды, мәселе менен гөрі орыстілді қазақстандықтар мен өкіметке көбірек қатысты. Негізі деймін де.

Тәуелсіздік қарсаңында Тіл туралы заң қабылданғанына биыл тура 30 жыл толады. «1989 жылы 22 тамызда қабылданды» деп нақтылай кетейін, кім біледі, кей топастар ұқпай жүрер...). Кейінірек берік күшіне енген сол заңға орай бейбақ тіліміз ресми түрде мемлекеттік тіл мәртебесін алғанына да ширек ғасырдан әлдеқашан асты. Бірақ дәл қазір күллі Қазақстан «шүлдірлеп тұр».

Қызық контраст: Қазақ елінде, әсіресе оның астанасында көпшіліктің, ең қорқыныштысы, мектеп ауласындағы бүлдіршін балалардың қолданыс тілінің орысшалануы күн өткен сайын тіпті күшейіп бара жатқандай... Күлсеңіз де, жыласаңыз да – жағдай осы.
Классикалық сауал («сұрақ» десем, біздің топастар оны тағы «мәселемен» шатастырары анық): «Кім кінәлі?».

Ойлап-ойлап, ақыры «Бұған адамға тән кәдімгі топастық немесе қасақаналық, қазақ тіліне қастық ниеттегі оңбаған пиғыл кінәлі» деген тоқтамға келдім!

Ал енді топас немесе оңбаған кім: орыстілділер ме, өкіметтегілер ме, қазақ жерінде қазақша сөйлейтін қарашаның өкілі – мен пақыр ма әлде? Міне, мәселе қайда?!
Естеріңізде шығар, Джек Лондонның әйгілі классикасы «Мартин Иденде» бас кейіпкердің білімін, тілін жетілдіру үшін жасайтын көп жанкешті әрекетінің бірі – жаңа сөздерді қағазға жазып, үйінің көз көрер жерінің бәріне жапсырып қоятыны еді ғой. Бала кезде оқығандықтан егжей-тегжейлі детальдарын ұмытыңқырап қалыппын, романды оқыған болсаңыз, білсеңіз керек, әлгіндей қарапайым әдістердің тиімділігі, ең бастысы ынта-ықыластың күштілігі сонша – Мартин айналдырған бірер жыл ішінде тілі қарадүрсін, қолы күс-күс қара жұмысшыдан бүкіл елге әйгілі жазушы деңгейіне дейін жетеді емес пе?!

Енді өзіміздегі жағдайға келейік. Біздің үйдің жанындағы нан дүкенінің маңдайшасында ширек ғасырдан бері «Дүкен «Нан» магазин» деген жазу ілулі тұр. Оның дәл қасында «Мейрамхана «Бақыт» ресторан» бар. Өзіңіз ойлап көріңізші, «дүкеннің» орысшасы «магазин» екені санаңа соншама уақыт бойы сіңу үшін, Құдай-ау, қаншалықты топас болу керек?!

Сүйікті өкіметіміз, сірә, орыстілділердің бәрі миғұла немесе «орманға қарап ұлыған оңбаған» деп ойлайды-ау... Әйтпесе, мекемелердің маңдайшасына, айталық, «Индустрия және инновация министрлігі» дегеннің дәл қасына «Министерство индустрии и инновации» деп, қайталай орысша жазып қою, басқасы басқа, еліміздегі бүкіл орыстілді азаматтарды қорлау, яғни «милаусыңдар» дегенді меңзеу емей, енді не?.. Жаратылысынан жалқаулыққа бейім жан иесінің – адамның оңайға үйір екені, миына артық салмақ салғысы келмейтіні, мәселен, жанында «магазин» деп жазулы тұрса, орыстілді адамның енжар санасы ешқашан «дүкен» деген ауыр сөзді жаттаймын деп «артық жұмыс істеп», еңбектене қоймасы, қауқарсыз қазақ тілі сияқты «қажетсіз нәрсе» үшін қараптан-қарап тілін сындыруды қиынсынатыны топасқа да түсінікті, меніңше.

Жақсы, олар емес, мен-ақ топас болайыншы. Бәлкім дұрыс шығар: отандасымыз нан алам деп шығып, тойханаға кіріп кетсе, әйтпесе автобуста «Келесі аялдама – «Вокзал» дегенді іле-шала «Следующая остановка – «Вокзал» деп міндетті түрде орысша қайталамаса, содан орыстілді бауырымыз байғұс пойыздан қалып қойса, кінәлі өкімет болып шығуы әбден мүмкін ғой?!

Жә, қылжақты қоя тұрайық. Алайда, «Қазақ тілінің болашағы – қазақ тілінде» деген Елбасы сөзін ұран еткен өкіметіміздің маңызды мақсатының бірі – қазақстандықтарға мемлекеттік тілді барынша меңгерту» емес пе? Сонда жиналыстарда «Барлығына түсінікті болу үшін және мемлекеттік тілдің қолданысын арттыру үшін қазақша сөйлейін» деп айта алмау қай елдегі қандай қисынға сыяды? Қайсысы намысқойлық пен патриоттыққа жатады: мемлекеттік тілде сөйлеу ме, өз еліңде өзге тілде сөйлеу ме? Әйтеуір менің топастау миым қорыта алмайтын қиын сауал көп...

Әлқисса. Сонау жылы қаладағы атынан ат үркетін бір лауазымды кісі күллі жұрттың көзінше «Қазақ тілі» қоғамындағылар шектен шықты» («В обществе «Қазақ тілі» переборщили») деп, аталған мекеме кеңсесіндегі есіктердің жазуы тек мемлекеттік тілде ғана болғаны үшін зіркілдеп, ақыры шаһардағы жазу атаулы тәуелсіздікке дейінгі «таз қалпына» түскені бар. Мемлекет аумағындағы жазудың мемлекеттік тілде болуын түсіне алмау, «шектен шығу» деп бағалау біздің елде ғана бар бейшаралық, қаны тамшылаған құлдық сана немесе тап-таза топастық екеніне тіпті топас менің де басым жететін сияқты...

Сонымен, «дүкеннің» орысшасы «магазин» екенін отыз жыл бойы бадырайта жазып қойып, енді орыстілді жұрт қазақша үйренеді деп аңқаулықпен күткен, «нанның» «хлеб» екенін қазақша және орысша екі тілдегі жарлықпен бекітіп, барлық жерлердегі бланкілерді екі тілде басып шығарудың (қайран қағаз, қайран мемлекет ақшасы!) қаншама қаржылық, материалдық шығын әм моральдық залал екеніне 30 жыл бойы ақылы мен батылы жетпеген өкімет органдарындағылардың өздері (бәрі болмаса да, біразы) топас немесе оңбаған емес екенін қалай дәлелдеуге болады енді?

Басқаңызды білмеймін, менің басым бұған жетпей тұр. Әй, нағыз топас өзім-ау, шамасы!..

Батырболат Айтболатұлының facebook парақшасынан

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377