Алматыда студенттік пәндік олимпиадасының ашылу салтанаты өтті
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы бірлесіп ұйымдастырып отырған XI Республикалық студенттік пәндік олимпиадасы өз жұмысын бастады. Консерваторияның үлкен концерттік залында олимпиаданың салтанатты түрде ашылуы өтті.
Жобаның мақсаты - болашақ мамандардың кәсіби мүмкіндіктерін дамыту, білім алушының оқу-танымдық белсенділігін ынталандыру, талантты және дарынды білім алушыларды іріктеу және қолдау болып табылады. «Өнер» және «Білім» бағытындағы пән олимпиадасы үлкен және кіші олимпиада түрінде өтеді. Жоғары оқу орындарының студенттері үлкен додада 12 мамандыққа қарасты 16 номинация бойынша сайысқа түссе, музыкалық колледждер мен мамандандырылған мектептердің тәлімгерлері кіші олимпиадада 9 мамандық ішіндегі 13 номинация бойынша білімдерін сарапқа салмақ. Республикамыздың Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Көкшетау, Қызылорда, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Семей, Өскемен және басқа да қалаларынан келген өтініш хаттардың жалпы саны 350-ден асып отыр.
Салтанатты жиынды консерватория ректоры Арман Жүдебаев ашты. Ол «Бұлақ көрсең көзін аш» деген сөз бар халқымызда. Тәуелсіз еліміздің болашағы – жастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылып отырған шара болашақ мамандардың кәсіби мүмкіндіктерін дамыту, білім алушының оқу-танымдық белсенділігін ынталандыру, дарынды білім алушыларды іріктеу және оларға шығармашылық серпін беруді көздейді. Осындай мәні жоғары шараны ұйымдастыруға зор қолдау көрсетіп отырған, консерваториямен тығыз ынтымақтастықта бірнеше бірлескен іс-шараларды атқарып жүрген Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының қорына алғыс білдіремін!» – деп атап өтті.
Шараны ұйымдастырушылардың бірі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының Алматыдағы өкілдігінің директоры Сергей Тохтаров та сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ашылу салтанаты Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының дарынды студенттерінің концерттік бағдарласымен жалғасты. Олардың ішінде консерваторияның аралас хоры, үрмелі аспаптар оркестрі, 1 курс студенттерінен құралған «Grand Classic» триосы, халықаралық байқаулардың лауреаты Айдос Байбосынов және т.б өнерпаздар бар.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін студенттік пәндік олимпиада биыл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен жарияланған «Жастар жылы» аясында өтуде.
Айта кетейік, XI Республикалық студенттік пәндік олимпиада сәуір айының 18 дейін жалғасады.
Abai.kz