Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
60913 1 пікір 10 Сәуір, 2019 сағат 19:15

«Nur Otan» сайлау науқанына тас-түйін дайын»

Кеше 9 сәуір күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президенттік сайлау өтетінін мәлімдеді. Сөйтіп, 2020 жылы өтуі тиіс сайлау биыл 9 маусымға белгіленіп отыр. Мұны елімізде орын алып жатқан мемлекеттік маңызы бар саяси оқиғалардың жалғасы деп білуіміз керек. Наурыз айында еліміздің Тұңғыш Президенті, Қазақстанның дамуына өшпес үлес қосқан Елбасы Нұрсұлан Назарбаев өкілеттілігін тоқтататынын жарияланғаннан бастап, орын алған әрбір саяси қадам елдің ертеңі үшін аса маңызды болып отыр. 

Қазақстан Республикасы – тәуелсіз һәм демократиялық мемлекет. Бұқара өз президентін осыған дейін де сайлау арқылы таңдап келді.  Десе де, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен тең келер кандидат бұған дейін болған емес. Қай сайлауда болмасын Елбасы кез-келген қарсыласынан оқ бойы озық тұрды.

Елбасы Нұрсұлан Назарбаев өкілеттілігін тоқтатқаннан кейін түрлі саяси топтар алдағы сайлауға дайындықты бастап кеп жібергені байқалды. Олар, әрине кезектен тыс сайлау болатынын білді. Бірақ, саяси сарапшылар дәл жаздың ортасында, яғни 9 маусымда сайлау өтетінін болжай алмай қалды. Себебі, Елбасы қатыспайтын сайлауда көп дауыс жинауға әркім-ақ дәмелі. Мұның сыртында 9 сәуір күнгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы мәлімдемесінде алдағы президент сайлауының әділ, әрі таза өткізетініне уәде беруі елдегі саяси топтардың белсенділігін артырып отыр.

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев президент халықтың таңдауымен сайланатынын, Қазақстанның басшысы ретінде сайлаудың ашық, таза, әрі әділ өтуіне кепілдік беретінін айтуы және "әділ сайлау өткізу менің берік ұстанымым" деп қадап айтуы биліктің де алдағы сайлауға тас-түйін дайын екенін білдірсе керек.

Рас, маусым айында өтетін кезектен тыс президенттік сайлау Қазақстан халқын елең еткізген елеулі оқиға болды. Бұл сайлауда алдағы бес жылда Қазақстан халқын бастайтын көшбасшының кім екені айқындалады. Бұл сайлауда билік транзитінің қалай өтетінін қоғам болып бақылайтын боламыз. Бұл сайлаудан кейін Қазақстан Республикасын жарқын болашаққа бастайтын кезекті көшбасшысының тарихи шешімдерін өз көзімізбен көретін боламыз.  Сондықтан да бұл оқиғаға бүкіл қазақстандықтар жіті назар аударып отыр. Оның сыртында бұрынғыдай емес, саясаттың қызуы да қатты көтерілетіні анық. Екі мыңыншы жылдардың басындағыдай түрлі саяси көзқарастар пайда болып, түрлі пікірталастар болатыны байқалады.

Бұл орайда елдегі ең маңызды саяси оқиғаны ең басты саяси ұйым «Nur Otan» партиясысыз елестету мүмкін емес. Елбасының өзі жетекшілік ететін бұл партия әрбір саяси оқиғалардың басы-қасында жүреді. Оның үстіне «Nur Otan» партиясы жалпы халықтық партия. Мүшелерінің саны әлдеқашан миллионнан асып кеткен бұл алып ұйымның ел халқының ертеңі үшін қолға алып жатқан жобаларын айтып тауысудың өзі қиын. Сөйтсе де, бұл сайлау «Nur Otan» партиясының заманға сай жетіле түсуі керектігін де аңғартып отыр.

Елдің бәріне жақсы таныс «Nur Otan» партиясы жайлы ежіктеп бәрін түсіндіріп, қайта жазып отыруымыздың басты себебі, біріншіден, ел үшін еңбек етіп жүрген азаматтардың игі ісін тағы бір мәрте еске ала кету керек. Екіншіден, «Nur Otan» партиясы өз атынан кімді президенттік кандидатқа ұсынады? Бұл сұрақ бүкіл қазақ саясатының таразысына айналып отыр. Үшіншіден, «Nur Otan»-ның ұсынған адамы президент болу мүмкіндігі анағұрлым жоғары.

Енді негізгі тақырыпқа оралайық. Баста айтқанымыздай, маусым айының тоғызыншы жұлдызында кезектен тыс президенттік сайлау өтеді. Бұл нақты шешім. Бұл сайлауға «Nur Otan» партиясы тас-түйін дайын отыр. Бұл туралы партияның Орталық аппаратында өткен жиынында Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев мәлімеді.

Мәулен Әшімбаевтің айтуынша, мемлекет басшысы кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы шешімді дәл уақытында қабылдап отыр. Өйткені, дәл қазір президенттік сайлау өткізу өте ыңғайлы кезең туып отыр. Сол үшін Мәулен Сағатханұлы мемлекет басшысының бұл бастамасын бүкіл ел болып шынайы қолдау керек деген пікірде.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде, Қазақстан республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы шешімін толығымен қолдауымыз керек екенін айта келіп, бұл шешімнің елдің бірлігі мен берекесін нығайтып, ел билігінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қабылданып отырғанын жеткізді. Шешім дәр кезінде қабылданып отыр. Сондықтан да «Nur Otan» партиясы сайлау науқанына тас-түйін дайын болатынын айтты партия Төрағасының орынбасары.

Мәулен Әшімбаев, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары

«Nur Otan» партиясы алдағы 9 маусымда өтетін сайлау науқанына тас-түйін дайын. Біз бұл сайлауда өзіміздің ұйымдастырушылық, кадрлық, саяси және ақпараттық әлеуетімізді толық пайдаланып, заң аясында ғана жұмыс істейтін боламыз. Сайлау еліміздегі тұрақтылық пен бірліктің одан әрі күшеюіне оң әсерін тигізіп, халықты Елбасының саясаты аясында жаңа мақсаттарға жетелейді деп сенеміз.

Сондай-ақ, осы жиналыста маусым айында өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға билік партиясының атынан қатысатын кандидаттың есімі 23 сәуірде өтетін партияның кезектен тыс XIX съезінде белгілі болатыны айтылды. Партия Төрағасы орынбасарының айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев партияның кезектен тыс съезін шақыру туралы қаулыға қол қойған.

Мәулен Әшімбаев, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары

Еліміздегі жетекші саяси партия ретінде «Nur Otan» президент сайлауына белсенді түрде қатысады. Партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес партиямыз сайлауға қатысу үшін өз кандидатын ұсынады. Соған байланысты бүгін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2019 жылдың 23 сәуірінде партияның кезектен тыс XIX съезін шақыру туралы Қаулыға қол қойды. Сол съезде «Nur Otan» атынан сайлауға қатысатын кандидаттың есімі белгілі болады.

Жиын соңына қарай партия Төрағасы орынбасары Мәулен Әшімбаев елдегі ең ірі саяси науқанға жан-жақты дайындалу үшін атқарылар істерді атап өтті. Әрі партияның Орталық аппараты мен барлық деңгейдегі филиалдарына және бастауыш партия ұйымдарына сайлауға тыңғылықты дайындалуды ескертіп, нақты тапсырмалар берді.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1555
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3351
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6223