Сенбі, 23 Қараша 2024
Саңлақ 5976 2 пікір 12 Сәуір, 2019 сағат 11:02

Азия чемпионатына тағы сол Чиншанло мен Ильин барады

20-28 сәуір аралығына Қытайдың Нинбо қаласында ауыр атлетикадан лицензиялық Азия чемпионаты өтеді. Құрлық біріншілігі 2020 жылғы Токио Олимпиадасына ұпай беретін маңызды алты турнирдің қатарына кіреді. 

Ауыр атлетика саласында көптеген өзгерістер орын алуда. Мәселен, Олимпиада ойындарына іріктеу сайыстарының саны көбейіп, олимпиадалық салмақ дәрежелері қайтадан жасақталды. Токио ойындарына ұпай беретін жарыстар қатарында 2020 жылы Қазақстан астанасында өтетін Азия чемпионаты мен қыркүйек айында Тайландта өтетін әлем біріншілігі де бар.

Сонымен қатар, Олимпиадаға іріктеу жүйесі өзгерді. Бұрын екі әлем чемпионатының қорытындысы бойынша лицензия берілетін. Енді төртжылдық ойындарына жолдама алу үшін алты бірдей турнирде ұпай жинау қажет. Одан да маңыздысы, Олимпиада ойындарына лицензияны кім ұтып алса, сол ғана қатысады. Бапкерлердің бұрынғыдай оның орнына басқа спортшыны жіберуге құқығы жоқ.

Ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Юрий Мельниковтың айтуынша, бас команданың басты мақсаты Олимпиадаға дейін өтетін турнирлерде барынша көп ұпай жинау. Осы кезекті Азия біріншілігіне қатысатын спортшылар арасында Олимпиада чемпионы Рахим Нижатов, Олимпиада жүлдегері Денис Уланов пен Жазира Жапарқұл бар. Сондай-ақ, Илья Ильин мен Зүлфия Чиншанло да қатарға қосылып отыр.

Айта кетерлігі, осыған дейін Илья Ильин денсаулығына байланысты мансабын аяқтауы мүмкін екені айтылған. Алайда, Азия чемпионатына баратын спортшылар тізімінен оның атын көріп отырмыз. Ильин енді қайтадан 96 келі салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Бұған себеп, олимпиадалық салмақ қатарында енді 105 келі жоқ (96 және 109 келі ғана бар).

Допинг дауына байланысты ұзақ уақыт жарыстардан шеттетілген Илья былтыр маусым айынан бастап жаттығуға қайта оралған. Әрі қыркүйек айының басында Талдықорғанда өткен Қазақстан чемпионатында топ жарды. Өзінің бұрынғы атақтарын қайтарып алуға білек сыбана кіріскен атлет осыдан кейін Ашхабадтағы әлем чемпионатына қатысуды көздеген. Алайда әлем біріншілігі жақындаған тұста Ильяның Ашхабадтағы әлемдік додаға бапкердің көмекшісі ретінде баратыны белгілі болды.

Бұған жеңіліп көрмеген ауыр атлеттің омыртқасындағы жарақаты себеп болған екен. Бұл жарақат 2016 жылы пайда болған көрінеді. Дәрігерлер омыртқа арасындағы жарықтарды байқаған.

Бәріміз білетіндей, Халықаралық ауыр атлетика федерациясының атқарушы комитеті допинг дауына байланысты Қазақстан ауыр атлетика федерациясын бір жылға жарыстардан шеттеткен болатын. Жаза мерзімі былтыр 19 қазан күні аяқталып, спортшыларымыз қараша айында Ашхабадта өткен әлем чемпионатына қатысты. Алайда Қазақстан құрамасы Түркіменстан астанасында аса сәтті өнер көрсете алмады. Бар болғаны бір күміс, бір қола медаль жеңіп алды.

Азия чемпионатына қатысатын еліміз спортшылары:

Ерлер: 

Арлей Чонтей (55 келі),
Фархад Харки (67 келі),
Денис Уланов, Нұржан Сәменов (81 келі),
Нижат Рахимов (89 келі),
Илья Ильин, Рустам Сыбай (96 келі),
Александр Зайчиков, Ибрагим Берсанов (109 келі)
Селімхан Абубакиров (+ 109).

Қыздар: 

Зүлфия Чиншанло (55 келі),
Карина Горичева (64 келі),
Екатерина Столяренко, Екатерина Быкова (71 келі),
Жазира Жапарқұл (76 келі),
Раушан Мешітханова (81 келі),
Лариса Кобелева (87 келі),
Айзада Мүфтілда (+87 келі).

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364