Адам өзгелерді қуантқанда бақыттырақ бола түседі
Жүрегі кең мына кішкентай адамның үлкен ісіне қараңыздаршы. Сіздің қолыңыздан бұлай істеу келер ме еді?
⠀
Баи Фанг Ли Қытайдағы шағын қалашықта велотаксидің жүргізушісі болатын. Ол таңнан кешке дейін тынбай жұмыс істейтін. Ли қызметіне нақты ақы қоймаса да, пассажирлері оның мейірімділігі мен көтеріңкі көңіл-күйіне бола, артығырақ төлейді екен. Бір жағынан көпшілігі нанын ауыр еңбекпен тауып жүрген мейірімді ақсақалға қолдау көрсеткісі келсе керек. Ол жұпынылау пәтерде, кедей аудандардың бірінде тұрыпты.
⠀
Бірде 74 жасар Ли жалданып ауыр жұмыс істеп жатқан 6 жасар баланы байқап қалады. Бала ақысын алғанда қатты қуанады, сонысына қарамастан нанды қоқыстан алып жейді. Таңғалған ақсақал баладан неге олай істегенін сұрайды. Сөйтсе, кішкентай баланың әке-шешесі жоғалып кеткен, үйінде екі қарындасы бар екен. Өзі нанды қоқыстан жесе де мәз, тек қарындастарының қарнын аштырмаса болғаны. Баланың мейірімге толы жүрегі ақсақалды таңғалдырады. Сосын оларды балалар үйіне орналастырып, өмір сүрулері үшін өз айлығынан ақша төлеп тұратын болды. Ли бөлмесінің ақысы мен түскі асына ғана аз-маз қаражат қалдырып, қалған табысын балалар үйіне беретін. Ал өзі қарапайым өміріне риза болатын. Балалардың аштықтан құтылып, білім алып жатқаны ойына оралғанда ауыр тұрмысының өзі жеңілдеп кеткендей сезілетін. Уақыт өте қария балалар үйіне тапсырған үш бала өсіп, өмірден өз орындарын тапты. Ал Ли жетімдер үйіне ақша беруін тоқтатпайды. Мейірімді қария 93 жас ғұмыр кешіп, кедейлік пен кәрілік жеңіп, өмірден өтіпті...
⠀
Балалар үйінің қызметкерлері Ли қайтыс болғаннан кейін ол садақа еткен ақшаны есептейді. Сөйтсе ақсақал 53 мың долларды өзге адамдардың қуанышына жұмсаған күйі, бұ дүниемен қоштасқан екен...
⠀
Мүмкін Ли 53 мың долларға үй алар ма еді... жоқ, жақсы киініп, дәмді тамақтанар ма еді? Бірақ ол оған бақыт сыйлайтын ба еді? Адам өзгелерді қуантқанда бақыттырақ бола түсетінін Ли мырза ерте түсінген секілді...
Марфуға Шапиянның facebook парақшасынан
Abai.kz