Жексенбі, 29 Желтоқсан 2024
3895 0 пікір 17 Сәуір, 2019 сағат 10:12

Қазақстан Президенті Қайрат Келімбетовті қабылдады

Қазақстан Президенті «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетовті қабылдады. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.

Мемлекет басшысына «Астана» халықаралық қаржы орталығының қаржы нарығын дамыту, қаржылық қызметтерді тұтынушылар мен инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ, сауда және инвестициялық ынтымақтастық салаларындағы жұмысының негізгі қорытындылары жөнінде мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бір бөлігі екенін атап өтіп, жүктелген міндеттерді тиімді орындау қажеттігін айтты.

Қайрат Келімбетовтің ақпараты бойынша Орталықта барлық қажетті инфрақұрылым, соның ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының соты, Халықаралық арбитраж орталығы, қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі және халықаралық биржа комитеті орналасқан. Тараптардың әлемнің кез келген нүктесінен «Астана» халықаралық қаржы орталығының соты мен Халықаралық арбитраж орталығына электронды түрде талап арыз беруіне  мүмкіндік туғызатын Еjustice – онлайн-порталын іске қосу жоспарлануда.

Сонымен қатар, Қазақстан Президентіне елімізде инвестициялық ахуалды жақсарту үшін жасалған жағдайдың арқасында Қазақстанның қаржы орталығы GFCI қаржы орталықтарының жаһандық индексіңде әртүрлі 102 халықаралық орталықтың ішінде 51-орынға көтерілгені туралы ақпарат берілді.

Соңында Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығын одан әрі дамытып, ілгерілету үшін бірқатар нақты тапсырма берді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2083