Сейсенбі, 31 Желтоқсан 2024
3785 3 пікір 18 Сәуір, 2019 сағат 10:55

Қазақстан Президенті Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысты

Алқа отырысына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Б. Сағынтаев, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Қ. Қасымов, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Ә. Смайылов, Президент Әкімшілігінің және Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамы қатысты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Ішкі істер министрлігінің алдына құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру туралы міндет қойғанын айтты.

– Полицияның жұмысы қоғамның жіті назарында. Сіздердің қызметтеріңіз ел азаматтарының мүдделерімен және қауіпсіздігімен тығыз байланысты. Сондықтан, Ішкі істер министрлігінің жұмысы айқын әрі жүйелі болуы керек. Полиция ашық болуы тиіс. Бұл үшін халықпен тығыз байланыс қажет. Осы мақсатта біз Елбасы бастаған құқық қорғау жүйесіндегі реформаны жалғастырамыз. Реформаның негізгі міндеті – қазақстандықтардың құқықтарын қорғау ісін мүлтіксіз қамтамасыз ету, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті еліміз бойынша қылмыстық ахуал тұрақты екенін атап өтіп, ішкі істер органдарының жұмысындағы күшейтуді талап ететін бағыттарды көрсетті. Соның ішінде, полиция мен қоғамның арасындағы өзара тиімді іс-қимылдың болмауы, мал ұрлығы, ұялы телефондар мен автомобиль бөлшектерінің қолды болуына байланысты алдын алу жұмыстарының қажетті деңгейде болмауы, сондай-ақ, есірткі бизнесіне қарсы күрестің әлсіз болуы мәселелері бар. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жол апатынан болатын өлім-жітім көрсеткішін азайту қажеттігіне, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларына, азаматтарымызды табиғат апаттарынан және төтенше жағдайлардан қорғау жұмысын күшейтуге ерекше назар аударды.

– Полицияға қойылатын негізгі талап – тиімді жұмыс. Ал оның тиімділігін бағалаудағы басты шарт – халық сенімі. Тұрғындар полицейлердің дөрекілігі мен біліксіздігіне байланысты жиі шағым айтады. Кейбір жағдайларда полиция қызметкерлерінің өздері заңды бұзады, әсіресе жол ережелерін сақтамайды. Ішкі істер министрлігі жүргізіліп жатқан реформалар аясында тәжірибелі әрі адал кәсіби мамандарды сақтап қалудың кешенді шараларын қарастыру қажет. Сондай-ақ, жас кәсіби мамандарды іріктеу барысында олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетіне баса назар аудару керек – деп тапсырды Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік туристермен жұмыс істеу үшін арнайы мамандандырылған жеке бөлімдерге байланысты қабылданып жатқан шаралардың орынды екенін атап өтіп, шетелден келген азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағымды инвестициялық климат қалыптастырудың аса маңызды шарты екенін айтты.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті өз өміріне қауіп төнсе де, өзге адамдарға көмек қолын созатын қатардағы полицейлерге ризашылығын білдіріп, мемлекет тарапынан Ішкі істер министрлігінің қызметкерлеріне және олардың отбасына лайықты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаевтың есебін тыңдаған соң жүктелген міндеттерді орындау үшін бұқаралық ақпарат құралдарының, әлеуметтік желілердің мүмкіндігін пайдалана отырып, жүйелі жұмысты жолға қоюды, ал Үкіметке министрліктің жұмысын қажетті ресурстармен қамтамасыз етуді тапсырды.

Соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алқа отырысында берілген тапсырмалар Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңес Хатшылығының ұдайы назарында болатынын атап өтті.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2125