Сенбі, 23 Қараша 2024
Дей салдым-ау 6640 35 пікір 2 Мамыр, 2019 сағат 13:28

Баяғы – бұрынғылар...

Бұрынғы. Бізде бәрі бұрынғыдай. Сайлау дейсіз бе? Ол да бұрынғыдай. Кандидаттар дейсіз бе? Олар да бұрынғылар... Жұрттың аузындағы сөз ғой бұл. Шынында неге бәрі бұрынғылар? Президент болмаққа бекінген 8 адам ОСК-ға құжат тапсырып, тіл емтиханын тапсырды ғой. Сол сегіздіктің саясаттағы жүргіп өткен жолына бір көз сүзіп шығайықшы...

Қасым-Жомарт Тоқаев. Биліктегі бас партияның төрағасы басшы болуға лайық деп таныған адам. Тоқаевтың да үлкен саясатта жүргеніне отыз жылдан асты. Жаңа кадр, жаңа адам деп айта алмайсыз.

Тоқаев – бұрынғы КСРО дейтін құрама елдің Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы қызметкері. Ол – Қазақстанның бұрынғы Сыртқы істер министрі. Ол – Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі. Ол – Қазақстан Сенатының бұрынғы төрағасы. Ол – БҰҰ Бас  хатшысының бұрынғы орынбасары.

Әміржан Қосанов. Ол – бұрынғы журналист. Ол – Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитеттің бұрынғы басшысы. Қосанов премьер-министрдің және Үкіметтің бұрынғы баспасөз хатшысы. Ол – ЖСДП-ның бұрынғы басшыларының бірі.

Дания Еспаева. Тәуелсіздік тарихында Қазақстан президенттігіне үміткер тұңғыш әйел адам. Десе де, Еспаева да бұрынғы банк қызметкері. Бұрынғы «БТА Банктің» Ақтөбе облыстық филиалының директоры болған. Бұрынғы мәслихат депутаты.  Банк саласында 30 жылдан астам уақыт қызмет еткен.

Жамбыл Ахметбеков. Президенттікке екінші рет түскелі отыр. Ол – бұрын мәдениет, сосын спорт-туризм басқармасын басқарған. Ол – бұрын Қорғалжың ауданында бірқатар қызметтерді атқарған. Ол – бұрынғы сайлаудың бұрынғы үміткері болды. Ол – бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтан жеңілген.

Төлеутай Рахымбеков. Ол – бұрынғы бизнесмен. Сәтбаев қаласы әкімінің, Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары. Ауылшаруашылығы министрлігінің бұрынғы департамент басшысы. Аталған министрліктің бұрынғы вице-министрі.

Амангелді Таспихов. Бұрынғы өндіріс саласының қызметкері. ҚР Сауда және индустрия министрлігінің бұрынғы қызметкері. Бұрынғы Сенат депутаты. Бұрынғы Мәжіліс депутаты.

Сәдібек Түгел. Бұрынғы журналист. Ақмолада облыс әкімінің баспасөз хатшысы болған. Бұрын «Менің Қазақстаным» қозғалысын басқарған.

Жұматай Әлиев. Бұрынғы мұғалім. Бұрын Орталық Азия университетін басқарған. Бұрынғы Мәжіліс депутаты.

Жас категориясына қарай:

Қасым-Жомарт Тоқаев – 65 жаста;

Әміржан Қосанов – 54 жаста;

Дания Еспаева – 58 жаста;

Жамбыл Ахметбеков – 58 жаста;

Төлеутай Рахымбеков – 55 жаста;

Амангелді Таспихов – 60 жаста;

Сәдібек Түгел – 64 жаста;

Жұматай Әлиев – 67 жаста.

Бұл сегіз кандидаттың төртеуін партиялар ұсынды. Үшеуін қоғамдық ұйымдар, тағы біреуін Кәсіподақтар федерациясы таңдады.

Міне, маусымда өтетін президент сайлауының үміткерлері осы азаматтар. Кандидаттардың алды жетпіске таяғандар болса, салыстырмалы түрде ең жасы – Әміржан Қосанов екен. Оның өзі 54 жаста. Сегіз үміткердің ішінде жасы елуге толмаған бірде-бір адам жоқ. Бұл өз кезегінде Тәуелсіздік алған 28 жылдың ішінде ең құрығанда президенттікке үміткер болуға лайық бір адамды тәрбиелеп шығара алмағанымызды көрсетеді.

Бұл азаматтардың барлығы дерлік жоғарыдағы бұрынғылар деген категорияның өкілдері. Барлығы да бұрынғылар. Бұрынғы депутаттар, бұрынғы әкімдер, бұрынғы баспасөз хатшылар... Ал бүгінгілер қайда?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

35 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377