Сергек Ерсайын. Қазтест - сақадай сай жүйе!
Тіл мәселесін айтқанда, «қазтест» деген жаңа сөз қосарлана жүретін болды, ол немене өзі? Қазтест - қазақ тілін бағалаудың ғылыми жолға қойылған Қазақстандағы бірден бір тетігі. Бұл - ешқандай адамдық факторды араластырмай, әлемдік ғылыми қисынға негізделіп жасалған қазақ тілін білу деңгейін сынайтын бірден бір бағдарлама. Қазтест жүйесі қазақ тілін білу деңгейін халықаралық тәжірибе мен талапқа сүйене отырып, төрт қырлы сынақтан өткізеді. Олар: тыңдалым, лексика-грамматикалық бөлік, оқылым, жазылым.
Тыңдалым. Шағын және ұзақ диалог, қысқа монологтарда және есту арқылы түсінгенін анықтауға арналған тапсырмалар.
Лексика-грамматика. Грамматиканы, лексиканы пайдалана білетіндігін анықтауға арналған тапсырмалар.
Оқылым. Алуан мазмұнды, түрлі стильді мәтіндер мен соларды оқу барысында түсінгенін тексеруге арналған тапсырмалар.
Жазылым. Тіл меңгеру деңгейлеріне байланысты шығармашылық диктант, мазмұндама және ұсынылған тақырыптар бойынша эссе жазу.
Тіл мәселесін айтқанда, «қазтест» деген жаңа сөз қосарлана жүретін болды, ол немене өзі? Қазтест - қазақ тілін бағалаудың ғылыми жолға қойылған Қазақстандағы бірден бір тетігі. Бұл - ешқандай адамдық факторды араластырмай, әлемдік ғылыми қисынға негізделіп жасалған қазақ тілін білу деңгейін сынайтын бірден бір бағдарлама. Қазтест жүйесі қазақ тілін білу деңгейін халықаралық тәжірибе мен талапқа сүйене отырып, төрт қырлы сынақтан өткізеді. Олар: тыңдалым, лексика-грамматикалық бөлік, оқылым, жазылым.
Тыңдалым. Шағын және ұзақ диалог, қысқа монологтарда және есту арқылы түсінгенін анықтауға арналған тапсырмалар.
Лексика-грамматика. Грамматиканы, лексиканы пайдалана білетіндігін анықтауға арналған тапсырмалар.
Оқылым. Алуан мазмұнды, түрлі стильді мәтіндер мен соларды оқу барысында түсінгенін тексеруге арналған тапсырмалар.
Жазылым. Тіл меңгеру деңгейлеріне байланысты шығармашылық диктант, мазмұндама және ұсынылған тақырыптар бойынша эссе жазу.
Әрбір бөлік алты деңгейге арналған тест тапсырмаларынан жасақталған. Жүйе үш ғылыми-әдістемелік зертханалық құрылымнан тұрады: тест тапсырмаларын қалыптастыру, тестілеуді ұйымдастыру және ақпараттық-технологиялық сүйемелдеу. Бұл құрылым өзін өзі ақтап, қазір елу мың тест тапсырмасы сараптамадан, сынақтан өтіп, қолдануға әзір тұр, оған қоса, үш тілде бірдей қолданыста www.kazakhtest.kz сайты және мұнда әлгі үш тілдің бірін білетін кез келген адам өз бетімен қазақ тілі бойынша білігін тестілеп, ресми тестілеуге дайындала алады. Қысқасы, қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын бұдан басқа ғылыми, ресми және ыңғайлы құрал бүгінде елде жоқ!
Ұлттық тестілеу орталығы Мемлекеттік тілді дамыту (Қазтест) басқармасының бастығы Айдос Әбдіхалықовтың айтуынша, қазіргі кезде бұл жүйені қолдануға арналған жан-жақты ғылыми құжат жасақталып, бекітіліп, кірісуге әзір тұрған көрінеді. Ол құжаттар: «Қазтест жүйесін енгізу мен дамыту тұжырымдамасы» және «Қазтест жүйесінің мемлекеттік стандарттары». Бірақ бұл жүйе ешкімді зорлап әкеліп тестіден өткізе алмасы белгілі, оған мәжбүрлейтін үкімет қаулысы керек, ол жоқ!
Мамандардың айтуынша, Қазтест жүйесінің аясында тілді бағалау ғана емес, оны оқыту, үйрету үдерістерінің бәрі «Қазтест жүйесінің мемлекеттік стандарттары» деген құжатқа бағындырылуы керек. Өйтпесек, біз қазақ тіліне қанша қаржы бөлсек те, қандай тер төксек те, нәтижесі мен тиімі болмайды! Бұл стандарт - осы саладағы барлық ресурс пен мүмкіндікті үйлестіретін, біріздендіруге итермелейтін бірден бір құжат екен. Қазір жұрттың бәрі қазақ тілін оқытуға құмар болып алды, бірақ оқыту үдерісі мен мақсаттары, жолдары сан алуан, соның кесірінен ол курстардан өткен адамдардың тілді білу деңгейлерін бағалау тетігі қолданылмайды. Ал, нәтиже күткендегідей емес. Әрине, тілді оқыту әдістемесі, тәсілі әр қилы болуы мүмкін, бірақ түпкі нәтижесі мен бағасы біреу болу керек. Демек, оны бағалау құралы да бірдей болуы қажет. Егер әркім өзінше оқытып, оны өзінше бағалай берсе, «домбырам не дейді, мен не деймін» дегенге қаламыз.
Қазтест жүйесі қоғамда, оқыту орындары тарапынан қаншалықты мойындалып отыр дегенге келсек, аталмыш жүйені есек көргендей, бірқатар мәжілісмендер соңына түсіп, жаптыруға тырысқаны бар. Олар бұның қандай жүйе екенінен бейхабар болғаны өз алдына, ол ұстанымдарын сыбыстарға негіздеп, қазақ тілін нақты бағалау сайманынсыз қалдыра жаздаған әрекеттерін ұқса болар еді. Ал, орыстілді қауым бұдан өлердей қорқып отыр. Себебі, бұл жүйе мемлекеттік тілге деген талапты нақтылайтынын олар сезгендіктен, түрлі жолдармен жүйенің іске кірісуін болдырмауға тырысуда. Бұны қолдана бастаса, премьер мен депутаттан бастап, ауыл әкімдеріне дейін талап нақтыланады. Бұл жүйеге қатысты Үкімет қаулысының кешеуілдеуі осындай саясаттан ғана туындап отырғаны болмаса, басқа ешбір қолбайлау жоқ!
Бұл жағынан билікте әлі нақты шешім жоқ көрінеді. Жуырда Ш.Шаяхметов атындағы Республикалық орталық семинарында бұл жүйеге оқытушылар мен Облыстық тіл басқармаларының қызметкерлері ерекше қызыққаны бар. Қатысушылар Қазтестің ыңғайлы құрал екенінен хабарсыз екен, өздерінің бұл жобадан неге оқшау қалғандарына өкініш білдірді. Бұл жерде Қазтест жүйесінің о баста Білім мен Мәдениет министрліктерінің біріккен жобасы екенін ескерсек, сол жоба біте келе одан әрі бірікпей қалған секілді. Себебі, Мәдениет министрлігіне қарайтын Тіл комитеті аталмыш жүйені өздеріне қолдануды қолға алса, ешкім де қарсы болмас еді, сонда облыстық тіл басқармалары бұл жүйеден хабарсыз екендіктерін айтып, иықтарын қиқаңдатпас еді. Демек, тіл мүддесі алуан мемлекеттік органдардың жеке мүддесінің құрбаны болып, дәліздегі қажетсіз нәрсенің күйін кешуде деген сөз. Ал, қыруар ақша бөлініп, тіл орталықтарында оқытылып жүрген мемлекеттік қызметшілердің тілді қаншалықты меңгергендері жөнінде нақты сынақ жоқ. Тіпті, ол үдеріс бетімен кетіп, кейбір облыстардағы Оқыту орталықтары қараң қалып жатқан секілді. Жуырда ғана бұл турасында 7-арна Тіл оқыту орталығының Өскемендегі бос қалған ғимаратын көрсеткені бар. Бұның бәрі мемлекеттік тілді білуге деген мемлекет тарапынан ешбір талаптың жоқтығын көрсетеді. Бұл түрімізбен, елбасы айтқандай, 2020 жылға қарай қазақ тілін білушілер халықтың 95 пайызын қалай құрамақ?
Бірақ Қазтест басшылығының айтуына қарағанда, жүйе қолданысқа сақадай сай тұр. Қолдануды 2008 жылдан бастап кеткен. Жыл сайын «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге аттанатын жастардың қазақ тілін білу деңгейін тестілейді екен. Бірақ тергей келе байқағанымыз, «Болашақ» стипендиясына үміткерлер Қазтест сынағының толыққанды тексерімінен жалтарған көрінеді. Оған себеп, тестіден өткен «болашақкерлердің» 40 пайызы тестік межеден құлап қалыпты. Грамматиканы тапсырғанымен, тілді ауызекі, жазбаша қолдануға келгенде жастарымыз мақұрым болып шықты. Осы жерде Қазтест елдегі оқушылар мен студенттерге оқытылатын қазақ тілі пәнінің тек қана теорияға негізделетінін, ал оның тіл қолданымына қатыссыздығын ашып беріп отыр. Енді тілді оқыту мақсаты мен әдісін түбірімен өзгертіп, тілді емес РЕЧті оқытуды қолға алатын мезгіл жеткендігін көрстуде. Бұл бір жағынан Тіл оқыту орталықтарында қауқарлы тестілеу техникасының жоқтығын да көрсетеді. Ендеше тіл оқыту сертификаты қалай болса, солай таратылуда деген сөз!
«Тілдер туралы заңның» 23-бабына сәйкес, мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде білуге міндетті мамандар мен лауазымдардың тізімі заңменен анықталады делінген. Осы бап әлі күнге жұмыс істемей тұр. Екі-үш ай бұрын Есеп комитеті «2001-2010 жылдарға арналған Тілдерді дамыту бағдарламасының» орындалу барысына тексеру жасағаны белгілі, осы тексерістің қорытындысы ретінде Есеп комитетінің қаулысында Үкіметке «ҚР Үкіметіне Мемлекеттік тілді міндетті білуі тиіс мамандықтардың, лауазымдардың тізбесін бекітуді тез арада шешсін» делінген тапсырма бар. Міне, осы бойынша аталмыш Тізбенің жобасын әлгі Қазтест жүйесін жасақтаған Ұлттық тестілеу орталығы әзірлеп қойыпты. Оны жаңадан ойластырып, уақыт созудың керегі жоқ, жоба үш жыл бойы ізденіп, мұқият жасалған. Барлық мамандықтар мен лауазымдар зерделеніп, міндеттері сараланған. Халықты әлеуметтік және еңбекпен қамту министрлігінде әр лауазымның, әр мамандықтың өлшемі мен маңызы, міндеті белгіленген «Жұмыс түрлерінің классификаторы» (Классификатор занятий) деген тізбе бар екен. Міне, әлгі тізім жобасы осы ғылыми-ресми құжатқа сүйеніп, жасалған. Ешкімге артық міндет жүктелген жоқ, әркім өз қызметінен туындайтын мемлекеттік тілді білу міндеті шығарылған. Бұнымен шектелмей, тізім жобасы сала-саламен, білім, денсаулық, мәдениет, қорғаныс, бизнес т.б. салалар бойынша қарастырылған. Шетел азаматтарының алдына да сәйкес міндет қойылуы керектігін ойластырған. Мысалы, түрік ағайындар келіп бизнес жасайды, қазақ қыздарын тілмаш етіп алады және ол тілмаш тек қана түрік-орыс тілдерінде ғана қатынасады. Бұған неге жол берілуі керек? Сол секілді батыстағы мұнай компанияларының қоғаммен қатынас бөлімдерінің басшылары мемлекеттік тілді білмейді! Неге олай? Неге ол қызметте екі-үш тіл білетін қазақтілді маман отырмайды? Осы осалдықтарды жөндеуге болады, сол тетік әзірленіп, енді ресми құжат аясында бекіту ғана қалып отыр. Міне, бар мәселе осы беку кезінде бірнеше жылға іркіліп қалуы мүмкін. Себебі, 2006 жылы жасақтала басталған Қазтест жүйесі 2008 жылдан бері әзір болса да, әлі іске кірісе алмай отыр емес пе?
Ал, әгәрки, ғайыптан тайып, әлгі мемлекеттік тілге міндеттеуші тізбе бекітіле қалса, оған қатысты жұмысты кімнің қалай атқарары айқын! Қазтест жүйесі іске кірісуге әзір! 50000 тест тапсырмалар қоры дайын, автоматтандырылған жүйе бар. Қазтестің ресми сайты жұмыс істеп тұр. Соның көмегімен кез келген адам онлайн жүйесінде өз бетімен тестілеуден өтуіне болады.Тестілеу туралы барлық мәлімет пен дерек үш тілде бірдей салынған. Енді сайтқа тіпті, қазақ тілінің төте жазу бөлімін қосу ойластырылуда. Сонда қытайлық бауырлар да кірісе береді. Латын қарпіне көшсек, оған да сайтты көшіре салмақ.
Қазтест басқармасы тіл оқыту жұмысын одан әрі жылжытуда. Тіл үйренуден соны бағалауға дейінгі барлық үдеріс қамтылуын біртұтас жүйемен қолға алмақ. Қазір барлық жерде түрлі пошым мен форматта тіл үйрету орталықтары бар. Оларды жабуға болмайды, тіл үйретуге монополия жүрмейді. Бірақ мұның барлығының басы бір нәтижеде түйіспесе, ештеңеге қол жетпейді. Осыған орай, шетелдің озық тәжірибесі ескеріліп, алты деңгейдің әрқайсысына шақталған сөздік қорын меңгеру талабы қолға алынуда. Мысалы, қарапайым деңгейде тіл меңгеру үшін әуелі 800 сөзді игеру керек. Осыны жаттау арқылы үйренуші өзінің лексикалық қорын жасақтайды. Базалық деңгейде - 1300 сөз, жалпы жоғары деңгейге жеткенше үйренуші 5000 сөзден тұратын лексикалық қор жинауы керек. Міне, осы лексикалық қор жасақтау мәселесін зерделеп, тіл үйренудегі тағы бір жоба ұсынылмақшы. Бұл да үш тілде қолданысқа дайын. Одан әрі бұл сөздік қорды қолданып, сөйлеуге айналдыру, яғни, грамматика мәселесі алдан шығады. Оны қазтестшілер әлемдік деңгейдегі озық тәжірибеден қазақ тілінің грамматикасын меңгеруді деңгейлетіп жасамақ.
Бұл жүйе қай елдерде бар? Мәселе бұл жүйені қай мақсатқа қолдануда көрінеді. Шамасы, біз бұл жүйені жақсылықтан қолға алып отырған жоқпыз. Мысалы, өз тілдері өздерінде отырған өзбек, түрікпен бауырларға керек емес. Әйтсе де, бұл жүйе негізінен әлемдік тілдік ортадағы басты ойыншы елдерде бар.ТМД да Ресей орыс тілінің ТРТИ жүйесін шетелдік азаматтарға арнап отыр, себебі, бұрынғы социалистік лагерде болған елдер орыс біліміне құштар болуда, солардың жастарын МГУ бұрынғыдай ала бермейді, оларды әуелі орыс тілін мықтап үйретіп, «қораға кіргізіп барып», жоғары білімдерін беруде. Бұның астарында үлкен жаһандық саясат жатыр. Бұл елдің тілдік қақпасы болып табылады. Түріктерде де осындай жүйе бар. Ал, америкалық TOEFL жүйесінің астарында әлемдік миді АҚШ-қа жинау саясаты жатыр. Ал, біздің Қазтест жүйесі Қазақстанды қазақ еліне айналдыруға септік етсе де, үлкен дүние болар еді.
«Абай-ақпарат»