Жексенбі, 16 Маусым 2019
Аймақ 731 5 пікір 17 Мамыр, 2019 сағат 11:14

Қызылордада ет комбинатының құрылысы басталды

Аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және ет өнімдерінің экспортын арттыру бағытталған бұл жоба берері мол. Аталған нысан Қызылорда қаласына қоңсы қонған Талсуат ауылдық округінде орналасқан, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.

Іргесі қаланған ет комбинат вакуумдық қаптамада жылына 5 мың тонна терең өңделген ет өндіруге қауқарлы. Сонымен қатар, мұнда 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Жоба бойынша құрылыс жұмыстары жыл соңында толық тамамдалып, іске қосылады. Негізгі инвесторы – «Сыр маржаны» ЖШС.

– Облысымызда индустриялық даму бағдарламасы нәтижелі іске асырылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін өте маңызды бірқатар өндіріс орындарының құрылыстары басталды. Облыс экономикасын индустрияландыру мәселесі өте маңызды болғанымен, ауыл шаруашылығы қашанда ел экономикасын алға сүйрейтін жетекші саланың бірі ретінде қала береді.  Елбасының тапсырмасына сәйкес қазір елімізде «Етті мал шаруашылығын дамыту» бағдарламасы қабылданып, іске асырылуда. Өздеріңіз білетіндей, 2016 жылы облыс буферлік аймақтан шығарылып, ет экспорттайтын аймақтардың қатарына енді. Дегенмен, облыста халықаралық стандартқа сай ет комбинатының болмауынан біз бүгінге дейін ірі қара, қой, түйе малдарын тірілей экспорттап келдік. Бүгін іргетасын қалағалы отырған ет комбинатының құрылысы арқылы біз облыстың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ет экспортын ұлғайтатын боламы , - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

Айта кетейік, өткен жылы Сыр елі Өзбекстан, Иран, Біріккен Араб Әмірлігіне және Ресейге 10,4 мың бас қой, 100 бас ірі қара, 366 бас тірі түйе жіберген экспортқа болатын. Соңғы жылдары облыста асыраушы салада сыртқы нарыққа жол тартқан өнімдер 3-тен 15 пайызға дейін ұлғайған. Ал былтырғы жылдың қорытындысы бойынша экспорттың 97% – өңделген өнімнің еншісінде.

Дәурен Сейітжанұлы

Abai.kz

5 пікір