Елбасы Үндеуіне сәйкес жоғары білім алу қолжетімділігі артқан
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының қазақстан халқына арнаған Үндеуі “Президенттің бес әлеуметтік бастамасы” деп аталады. Аталған бастама негізінде еліміздегі баспанамен қамтылғандар, жалақысы өскен жұмысшылар, білім алуға тиімді жол тапқан жастар мен шағын несие алған кәсіпкерлер көбейген. Үндеудегі үшінші бастама – жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту деп аталған болатын.
Осы негізде еліміздің әр өңірінде қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, күні кеше Түркістан облысында жаңа технологияны меңгерген IT мамандары өз біліктілігін арттырды. Оған Түркістан облыстық білім басқармасы негіз болған. Ол жерде экономиканың дамуын қажетті 8 салаға басымдық берілген. Олардың қатарына: ауыл шарушалығы, құрылыс, IT технологиялар, тігін және тоқыма өндірісі, техникалық және технологиялық, қызмет көрсету мен туризм сондай-ақ, білім беру салалары қамтылған. Сол негізде Түркістан облысында 17 колледж 22 мамандық бойынша арнайы орталықтар құрған. Орталық құрудағы негізгі мақсат – ел экономикасындағы индустриалды-инновациялық дамудың қарқынын ескере отырып, өкірдегі жастарды техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету. Тек, біліммен қамтып қана қоймай, жоғарғы оқу орнына дейінгі білім ошақтарының студенттерін оқу бітірген соң сұранысқа сай жұмыспен қамтуды да қамтамасыз етпек. Бүгінде өңірдегі 36 жоғарғы оқу орнына дейінгі білім беру мекемелері IT технология саласы бойынша болашақ мамандар даярлап отыр. Аталған оқу орындарының барлығы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту үшін құрылған құзыреттілік орталыққа енгізілген. Қазір Түркістан өңірінде облысытық білім басқармасы мен VISION интернет маркетинг компаниясы арасында келісім шар орнату жұмыстары жүргізілген көрінеді. Ал, осы жылдың 25-ақпан мен 8 наурыз аралығында Түркістан облысындағы 22 колледждің 23 маманы “WEB – дизайн” “Графикалық дизайн” бойынша біліктіліктерін арттырудың кешенді курсынан өткен. Олардың барлығы да IT технология саласының мамандары.
Аталмыш курстардан соң, IT мамандарының заман талабына сәйкес, кәсіптік білім беру сапасын көтеріп, жан-жақты қалыптасқан мамандар дайындалып шықпақ.
Елбасының аталған бастамасы дәл осылай басқа өңірлерде де қолдау тауып жатыр. Әсіресе, студент жастардың жатақханамен қамтылу деңгейі өскен. Мәселен, алдағы уақытта оңтүстік Астана студенттері үшін 42 жатақхана салынбақ. Олар 20 мың орынды қамтитын болады. Осылайша, еліміздегі ең көп студент жастар білім алатын Алматы шаһары жастарды осылай қуантпақ. Қорыта айтқанда, Елбасы Үндеуіндегі әр жол, әр бастама бүгінгі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Ол үшін мемлекет тарапынан барлық қамқорлық та көрсетіліп жатыр. Тек, енді осы мүмкіндікті әр өңір игілігіне пайдалана алса дейміз.
Abai.kz