Думан АНАШ. Бізге де ұлттық драма керек немесе қытай режиссерінің картинасынан туған ой
Көзіқарақты оқырманның есінде болар, «Алматы Ақшамына» осыдан екі ай бұрын «Зілзала ортасынан келген қазақтар» атты мақала жарияланған болатын. Жапонияның Тохоку университетінде дәріс беретін ұлты қазақ профессор Нұрбосын Жанпейісов ағамызбен болған сұхбатта айтылған әңгімелер оқырман қауымға әсер етіп, редакция телефонына тыным болмаған.
Алыста жүрген асылдың (ғылымға берілген, ұлтын сүйетін азаматты «асыл» демеске әддің жоқ) айтқан әңгімесінің тағы бір ұштығы есіме түсіп отыр.
Ағамызбен кездесер алдында «Комсомольская правда» басылымынан жапондардың соңғы ширек ғасырда зілзала туралы түсірген фильмдерінің саны артқаны туралы оқыған едім. Осыдан қазақтың әлгі «пейіліне қарай береді ғой» деген сөзі ойға орала берген...
Нұрбосын ғалым өз әңгімесінде Қытай режиссері түсірген зілзала туралы фильмнің тұсаукесер көрсетілімі Жапонияда 15-наурызға жоспарланып, жарнамасы жүргізілгенін, алайда, 11-наурызда жапон аралдарында орын алған жойқын зілзаладан соң аталған фильмнің көрсетілмей қалғанын айтқан еді.
Енді, жаратылыс иесінің жіберген зауалынан кейін, фильм шынайылығының да құны жоғалып кететіні белгілі емес пе?..
Міне, сол Жапония жұртына көрсетілмей қалған фильм еліміздің кинотеатрларында сәуір айында жүрді. Жуырда өзіміз де ғаламтор желісінен көріп шықтық.

Қытайдың Таншан шаһарында 1976 жылы орын алған алапат жер сілкінісі тұтас қаланы қиратқаны бар. Режиссер Фэн Сяоган «Зілзала» фильміне осы орны толмас өкінішті оқиғаны арқау етіп алған.
Тарихи драма бір жарым минутқа жетер-жетпес созылған жоғары балдық жер дүмпуінен қирап қалған қала мен ондағы тұрғындардың қасіретін кәсіби шеберлікпен шынайы бейнелей білген. Және тұтас қала арқылы емес, бар болғаны бір отбасының зілзаладан кейінгі тағдыры арқылы шебер өрілген бұл картина көрген адамға біраз ой салады. Қираған үйінді астындағы бетон басып қалған ұл мен қызының өмірін арашалап қалу үшін жанұшырған ананың азасы, құтқарушылардың анаға ұл мен қызының бірін таңдауы керектігі, әйтпесе, екеуінен де айрылатындығы туралы айтқаны аянышпен қоса, адам рухының әлсіздігімен бірге беріктігін де көрсететін сұмдық детальдар. «Басқа салса баспақшыл» дейді қазақ мұндайда. Алайда, ер баланы қалаған ананың таңдауымен ажал шеңгеліне қиылған қаршадай қыздың құдайдың құдіретімен тірі қалып, құтқару қызметінде жүрген қытай әскерилерінің отбасында өсетіндігі, оның ғұмыр бойы зілзала зардабын жадында ұстап, жан қиналысын кешуі, дәл осындай азапты арқасымен көтерген бауырымен және анасымен 32 жылдан кейін келесі бір зілзала уақиғасында қауышуы - үлкен тағдыр. Тағдыр кешу.
Әлбетте, киноны көру керек.
Осыдан кейін ой келеді. Ілкіде Қытайда болып жатқан зілзалаларды теледидардан көріп отырып, адам саны құмырсқа илеуінен көп халық қой, құдайдың табиғи тепе-теңдікті реттеуі үшін жіберген зауалы шығар деп отыра беретін едік.
Алайда, «Біреудің кісісі өлсе, қаралы - ол, қаза көрген жүрегі жаралы - ол» деп Абай атам айтқандай, шын мәнінде режиссер Фэн Сяоганның «Зілзала» картинасы әр адамның ішкі қайғысы мен тақсыреті ұлт трагедиясымен астасып жататындығын көрсетті.
Қазір, құдайға шүкір, «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы бар, жекелеген киностудиялар мен шығармашылық бірлестіктер бар, қазақ киносының қатары күн санап болмаса да, жыл санап артып келе жатыр. Алайда, тақырып аясы артқан жоқ.
Бұл - режиссер мен сценарийшілер қауымының таяздығы ма, әлде, бұқаралық үдеден табыламыз деген шешімі ме, әйтеуір, мән-маңызы терең көркем дүниені көз қанықтырып, көңіл жұбатып көре қоймағанымыз шындық.
Бізге де ұлттық драма керек. Кинода әрине. Ал, оған тақырып қана емес, айғақ, нақты өмірден алынатын сюжеттер жетерлік деп ойлаймын. Мәселенки, биыл 1931-1932 жылғы ашаршылық зобалаңына аттай 80 жыл толып отыр. Бұл - драма емес пе?! Ұлттық трагедияны картинаға айналдыратын, бұқаралық деңгейде көрсететін уақыт әлдеқашан жетті.
Аштық нәубетінде жан сақтау үшін түрлі амалдарға барған адамдардың тағдыры - ұлтымыздың тағдыры. Өткен бір жылдары жазушы Смағұл Елубай орыс жазушыларының бірінің еңбектерінде қазақ ұлтының саны ХХ ғасыр басындағы патшалық Ресей кезінде 10 миллионнан асып жығылатыны туралы деректі ұшыратқанын айтып еді. Яғни, сталиндік қуғын-сүргін жылдарынан кейін қазақ ұлтының саны 4-5 есеге дейін кемігені - халықаралық дәрежедегі қылмыс, ұлтты жою қылмысы. Осы қылмысты бүркемелеу үшін кеңестік биліктің барлық ақпаратты жоюы мүмкін ғой. Міне, осындай ұлт тарихының кезеңдері ұлттық кинодан көрініс табуы қажет. Оған арқау боларлық отбасылар мен адамдар тағдыры жетерлік. Үлкен әулеттен тігерге тұяқ қалмаған жәйттер көп.
Қазір ұлттық киномызда ұлтаралық келісім саясатын нығайту барысында елімізге депортацияланған өзге ұлыстардың келу тарихы сәтті бейнеленіп жатыр. Бұл да керек шығар. Дегенмен, бұл өзгенің тарихы. Қазақ үшін бұл фильмдердің пайдасы - өзге ұлысқа кімнің қайдан келгенін ескерту ғана.
Ал, қазақты ойлантатын, бүгінгі байлық пен қызыққа дарақыланған қазақты ойлантатын әлгіндей ұлт қасіретін сомдайтын фильмдер деп ойлаймын.
Оның үстіне, соңғы 20 жылда тәуелсіздіктің төл буыны өсіп шықты. Олардың арасында талантты, ұлтжанды дарынды жастар бар. Осы шығармашылық әлеуетті де осындай үлкен масштабтағы жұмыстарға пайдалану қажет.
«Алматы Ақшамы», №72, 18-маусым, 2011 жыл