Нұрғазы Сасаев. Қазақ балаларының спортта тым аздығының басты себебі – тіл мәселесі
Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл болса да, үлкен спортта қазақ балаларының саны көбеймей отыр. «Баяғы жартас - бір жартас» дегендей, Кеңес Одағы тұсындағы осы бір кемшілігіміз - әлі сол күйінде. Табан тірескен дүлей додада ел намысын қорғайтын қыз-жігіттеріміздің басым көпшілігі - өзге ұлт өкілдері (одан қалса, сырттан шақыртылған келімсектер).
Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл болса да, үлкен спортта қазақ балаларының саны көбеймей отыр. «Баяғы жартас - бір жартас» дегендей, Кеңес Одағы тұсындағы осы бір кемшілігіміз - әлі сол күйінде. Табан тірескен дүлей додада ел намысын қорғайтын қыз-жігіттеріміздің басым көпшілігі - өзге ұлт өкілдері (одан қалса, сырттан шақыртылған келімсектер).
Апыр-ау, спортта неге қазақ аз, осы? Арагідік сүйегімізге таңба болған осы мәселенің түйінін іздеп, осы сұрақтың жауабын қазбалап қоятынымыз да бар. Ондайда әртүрлі себептері айтылады. Бірақ осы мәселенің тереңде жатқан түйіні тіл мәселесі екендігі әлі ашылмай отыр. Бәрі тіл мәселесіне келіп тіреліп тұрмағанымен, негізгі кінәраты - осы. Өйткені сонау заманнан бері біздегі бапкерлердің басым көпшілігі - орыстілді мамандар. Ауылдан келген қазақ балалары олардың айтып тұрғандарын түсінбей, бірте-бірте шетке қарай ығыса береді. Өзінің түсіндіргенін ұқпайтын спортшыны қай бапкер жақтырсын?! Осылай бапкер мен шәкірт арасы суи береді, суи береді.
Қазақ спортының қара шаңырағы болған «Спорт» газетінде табаны күректей 49 жыл қызмет еткен Сайын Тұрсынов ағамыз: «Өзім спорттың ішінде жүргендіктен, балаларымды кішкентайларынан спорт секцияларына бердім. Бірақ бапкерлердің бәрі - орыстілді мамандар. Қазақ баласын ешқайсысы маңдайынан сипамайды екен. Көбіне сырттағы додаларға шықпайды, өзгелер барады. Осылай олар спортты тастап кетті», - деп күйінген еді.
Мысал ретінде айтайық, қазақтың атақты балуаны, төрткіл дүниеге жойқын қара күшімен танылған тарланы Әбілсейіт Айханов Жетісудан Алматыға келеді.
1957 жылы Дене тәрбиесі институтының күрес бөліміне түспек болады. Сонда көпшілікке танымал білікті бапкер, марқұм Петр Матущак орыс тілінде «бұрын күресіп пе едің, разрядың бар ма» деп сұрайды. Қазақтың сайын даласынан шыққан, сексеуілдей сидиған жас жігіт орыс тілінде жауап бере алмай, қара терге түседі. Уақыт болса өтіп барады. Ақыры «борюсь» дейді. Талапкерлерден емтихан қабылдап отырған бапкер кеңкілдеп күледі. Сол кезде марқұм Қабден Байдосов ағамыз сөзге араласып, екеуінің сөздерін бір-біріне аударып береді.
Басқа-басқа, бірақ қазағы көп бокстың өзінде мынандай бір жағдай болған. Күрзі жұдырықты қайсар жігіттеріміздің бірі, Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов та Алматыға келіп, бокспен шұғылданып жүргенінде, біреу оған «ты что, левша?» дейді. Қос жұдырығын кезенуі солақай Ибраимов атымды сұрап тұр екен деп ойлап, «нет, я Ермахан» депті...
Міне, тіл білмей қазақ балалары осылай опық жеген. Осылай күлкіге қалған. Елдің бәрі Әбілсейіт аға мен Ермахан емес. Табиғатынан сүйектеріне сіңген ұяңдық пен ұялшақтықтың кесірінен қаншамасы спортты тастап кеткен де болар. Оған күмән келтіре алмаймыз. Мұндай қиындықты тек Әбілсейіт аға мен Ермахан сияқты табанды тарландар ғана жеңе алды.
Ал сол дәуірде солақай саясатты ұстанған өзге ұлт өкілдері бұл проблеманы кезінде оп-оңай «шешіп берген». «Сіздер, қазақтар, күрес пен боксқа бапандайсыздар. Күрес пен бокс сіздердің болмыстарыңызға, мінез-құлықтарыңызға жақын. Сондықтан сіздер осындай спорт түрлеріне бейімсіздер. Ұжымдық спорт түрлеріне сіздер келіңкіремейсіздер. Жаратылыстарыңыз солай» деп аузымызға құм құйған-ды.
Ал біз соған мәз болдық. «Ойбай, біз бокс пен күреске болмаса, қалғанына жоқпыз», - ғой деп, іліп әкеттік. Әрі бұл пәлсапаны түрлендіріп, түлетіп те жібердік. Мақтаныш көрдік. Бір ғасыр болмаса да, міне 60 жылдан асып кетті, осы пәлсапаға имандай иланып жүрміз.
Оу, сонда Алла тағала, Жаратушы күш әр спорт түрін әл ұлттың маңдайына, пешенесіне жазып қойып па? Әлде қазақ доп тебуді білмей ме? Ел қатарлы жүгіре алмай ма? Мергендігіміз қайда қалады? Қайсарлығымыз бен қажырлылығымызды неге кәдеге жаратпаймыз? Әлде қазақтың неше жылдық тарихында ұжымдық спорт түрлері болмаған ба? Болғанда қандай! Қазақтың ұлттық ойындарының ішінде көкпар деген сайыс бар. Білмесеңіздер, біліп қойыңыздар, көкпар - ұжымдық ойын. Осындай ұлттық ойыны бар қазақты ұжымдық ойынға жолатпауымыз қалай? Әлде КСРО тұсында бізді «мінез-құлықтары қызба» деп санаушылар болды ма екен? Айтыңыздаршы, бізден де қызба Аргентина футболды қалай ойнайды? Қызуқанды Британ елдері мен Кавказ халықтарына ұжымдық ойынға баруға болады да, бізге болмай ма?
Жоқ, мұның бәрі - тұзы татымайтын, дәйексіз пікірлер. Тіліміз бен діліміздің дамуына кесірін тигізген мұндай сөздерді қоғамнан сылып алып тастау керек. Спортта қазақ балалары көбейсін десек, мемлекеттік тілді мамандар санын көбейтіп, ана тіліміздің мәртебесін көтеруіміз керек. Қазақ тілінің беделін өсіру керек. Тілдің құдіреті мен киесінің асқақтығын түсінетін кез баяғыда келді.
Автор: Нұрғазы Сасаев
Абай ОМАРОВ (коллаж)