Жұма, 29 Наурыз 2024
Өмірдің өзі 4889 8 пікір 28 Мамыр, 2019 сағат 16:58

Елбасыға «Құрметті сенатор» атағы берілуі мүмкін

Тәуелсіз Қазақстанның бірінші президенті ел басқарған 30 жылда қашан, қай уақытта Сенатта жұмыс жасағанын есімізге түсіре алмадық. Әйтеуір білетініміз, тұңғыш президенттің тұңғыш қызы бұрын сенатор болған, қазір сол Сенаттың спикері.

Неге Сенат туралы сөз қозғады дейсіздер ғой... Жаңағы Дариға Нұрсұлтанқызы басқаратын Парламенттің жоғарғы палатасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тағы бір атақ бермек көрінеді. Сол туралы тарқатып жазайық енді...

Әлгінде Сенат Бюросының отырысы өткен. Оған спикер Дариға Назарбаеваның өзі төрағалық еткен. Сол жиында бір топ сенатор ақылдаса келе Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті сенатор» дейтін дардай атақты беретін болып келісіпті. Шатаспаңыз, әлгі атақты әлі берген жоқ. Берудің жолын қарастырып жатыр екен.

Не үшін, кім үшін?

«Құрметті сенатор» атағы Нұрсұлтан Назарбаевқа – Қазақстанның мемлекеттілігінің негізін қалағаны, Конституцияға қорған болғаны, азаматтардың құқығы мен бостандығына кепіл болғаны, қоғамның тұрақтылығын сақтап қалғаны, мемлекеттің стратегиялық даму бағытын айқындағаны, Қазақстанның құқықтық-конституциялық негізін қалағаны, демократиялылықты, зайырлылықты орнатып, құқықтық-әлеуметтік мемлекет еткені, елдегі парламентаризмді дамытқаны т.б. үшін беріледі екен-міс.

Бұл жаңағы сіздің не үшін, кім үшін деген сұрағыңызға ресми ақпараттың берген жауабы. Негізі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті сенатор» атағын беру туралы идеяның авторы – қазіргі президент міндетін атқарушы, ертеңгі президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев. Естеріңізге сала кетейік, Назарбаев отставкаға кеткенде оның міндетін, мандатын Қасекең қабылдап алған. Телеэкран арқылы ел-халыққа ант беріп, президенттік қызметіне кіріскен. Кірісіп тұрып Тоқаев, өзінің саясаттағы «ұстазы» Нұрсұлтан Назарбаевқа осындай атақ беруді айтқан.

Содан бері 2 ай, 7 күн өткенде сенаторлар Тоқаевтың тапсырмасын орындауға кірісіп кетті, әне. Олар бұл бастаманы сөзсіз қолдайды екен. Өздері айтып жатыр.

Бекзат Бекназаров дейтін Сенаттың вице-спикері, Дариға Нұрсұлтанқызының орынбасары: «Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның Елбасы басшылығымен жеткен жетістіктері біздің алған бағытымыздың дұрыстығын көрсетті. Елбасы әркез Сенаттың жұмысына көңіл бөліп отырды. Сенаттың Елбасы бастамаларын жүзеге асырудағы жұмысы дұрыс жүруі үшін барлық жағдайды жасады» депті.

Ал кезінде министр болған, бір жылдары Бас партияда Назарбаевтың орынбасары болған Мұхтар Құл-Мұхамед: «Біздің Конституция, сол Конституция бойынша жұмыс жасайтын қос палата Елбасы бастамасымен, Елбасы авторылығымен құрылған. 1995 жылы қабылданған Конституция бізге посткеңестік кеңістікте алғаш болып қос палаталы Парламент жасақтауымызға мүмкіндік берді. Бүгінде Сенат  алғашқы құрылған сәтінен бастап қазірге дейін тікелей Елбасының қамқорлығында, басшылығында келе жатыр деп кәміл айта аламыз. Елбасы – мемлекет пен Қазақстан Тәуелсіздігінің ғана емес, ол қос палаталы парламентаризмнің негізін қалаушы тұлға. Сондықтан да біз Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл бастамасын қолдаймыз» деп ағынан жарылыпты.

Георгии Ким дейтін депутат: «Мен бұл бастаманы толықтай қолдаймын. Себебі, бұл Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келмейді. Конституцияда Елбасының мемлекеттің қалыптасуы мен дамуына қосқан еңбегі айшықталып жазылған» депті.

Әйтімовасы бар, басқалары бар, тағы біраз адам сөз қосқан екен. Айтары бір болғандықтан, осы үшеуімен шектелгенді жөн көрдік. Сенаттың Бюро отырысы осылай келісіпті.

«Құрметті сенатор» деген Нұрсұлтан Назарбаевтың алғалы отырған алғашқы атағы емес. Осыған дейін бірінші президентке (өзімізді былай қойып) 50-ден астам шетелдік жоғарғы марапаттар берілген болатын.

Түйін

Елбасының бір басына жетерлік атақ-абыройы бар. Тұңғыш президент өз орнын Тоқаевқа босатқан күні Ата Заңымызда жазылғандай "Халық қаһарманы" атағын да алды. Осындай алып атақты алған Елбасыға неге сенаторлар "Құрметті сенатор" деген кішкене ғана марапатты бергелі отыр. Түсініксіз.  Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті сенатор» атағын беру мәселесі енді 30 мамырдағы палата отырысында талқыланады. Ал ол жиында сенаторлар бірауыздан (ал бізде басқаша болуы мүмкін емес) «Құрметті сенатор» дейтін атақты беретіні де анық секілді. Сонда не болды?  Сенаттың мұнысы "Халық қаһарманы" атанған Елбасыға жасаған құрметі ме, жоқ әлде қиянаты ма? Үлкен тұлғаға кіші шапан тура келер ме екен?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3604