Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Өз сөзі 9612 15 пікір 30 Мамыр, 2019 сағат 11:00

Пікірсайыста қазақ тілі шынайы саяси тілге айналды

Бұл пікірсайыстың бұған дейінгі басқа пікірсайыстардан жөні бөлек. Өйткені, еліміздің сайлау туралы заңына сүйенер болсақ, сайлауалды пікірсайыс міндетті түрде өтуге тиіс емес болатын. Яғни, сайлау алдында пікірсайыс өту міндетті емес. Дегенмен, еліміздің саяси менеджменті осынау пікірсайысты күн тәртібіне қойып, белгілі бір дәрежеде өткізді. Осы қадам арқылы билік елімізде демократия, саяси үрдістерді либерализация жасауға мүдделі екенін көрсетті.

Сондықтан, бұл дискуссия еліміздің саяси мәдениетін жаңа сапалы белеске шығарудың алғышарты саналады.

Менің бірінші түйгенім, кешегі пікірталаста қазақ тілі формальды мемлекеттік тіл емес, шынайы саяси тілге айналып үлгергенін көрдік. Яғни, ана тіліміз өзінің әсемдігі, әуендігі, ырғағы, терең түп тамыры арқасында еліміздің барша халқының жүрегінен нақты және мәңгіге орын тапты.

Бұл үлкен жеңіс!

Ал пікірсайыстың өзіне келетін болсақ, еліміздің жалпы күн тәртібі әлеуметтік өрлеу, рухани кемелдену, экономикалық өсім екенін көрсетті. Үміткерлер ауыл мәселесіне жіті мән бере отырып, ауылдың тыныс-тіршілігі, ауылды дамыту, оның инфрақұрылымын жетілдіруге көп мән берді. Өте дұрыс. Қазір ауыл мен қазақ ажырамас ұғым, ауыл дамыса, ел өркендейді.

Сонымен бірге, демократия, қоғамдық процессерді әртараптандыру, мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың тепе-теңдігін сақтау мәселелері өте өзектеніп, ушығып тұрғаны анық байқалды.

Үміткерлер де, билік те осы мәселені ескерсе, саяси жүйе эволюциялық жолмен дамуына барлық мүмкіндік бар.

Кешегі өткен пікірсайысты еліміздің саяси жүйесін жетілдіруге жасалған нақты қадам деп айта аламыз. Мемлекеттің саяси менеджменті қоғамдық пульсті анық басып, демократия стандарттарын бірте-бірте енгізуге құлқы бар екенін аңғартты.

Әрине, пікірсайыстың "әттеген-айлары да" жоқ емес, қоғамның бір бөлігі үміткерлердің өздері дебатқа келуі керек, дебаттың форматы бөлек болуы керек деген ой айтуда. Мұның бәрі рас. Десе де, "көш жүре түзеледі". Бүгінгі әлеуметтік желідегі ескертпелер болашақта ескеріледі деп ойлаймыз.

Сайлау науқаны әлі аяқталған жоқ. Егер де үміткерлердің біразы өзінің ойын аудиторияға қосымша жеткіземін десе, оларға қой дейтін ешкім болмайтыны тағы анық. 

Ерлан Саиров, саясаттанушы

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2068