Түйе сүтінен жасалған балмұздақ
Қызылордалық кәсіпкер түйе сүтінен балмұздақ өндіруді қолға алған. Бүгінде десерттің бұл түріне сұраныс жоғары, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.
Шиелі ауданының кәсіпкері Сабыр Ермаханов түйе сүтінен балмұздақ жасауды өңірде ең бірінші боп бастаған. Осыдан біршама уақыт бұрын ашылған бұл өндіріс орны әуелде тәулігіне 400 литр шұбат шығарса, осы жылы мемлекеттік бағдарлама аясында цехты жаңа технологиялармен жабдықтаған. Соның арқасында күніне өндірілетін өнім көлемі 2 тоннаға жеткізген. Цехта балмұздақпен қатар, сиыр және түйе сүтінен құрт, сүзбе, ірімшік, айран, шұбат, иогурт секілді 8 түрлі сүт өнімі әзірлейді.
– 2016 жылы бізде ауыл шаруашылығы кооперативі ұйымдастырылып, бастапқы кезде 10 мүше болды, қазіргі кзде 35 мүшеміз бар. 80 адам жұмыс істеп жатыр, 750 түйе бағып жатырмыз, 485 сиыр, 150 жылқы бар. Таза өнім болғандықтан сұраныс көбейіп жатыр, сондықтан да біз малдың санын көбейтіп, өнімді де ұлғайтып жатырмыз жылдан жылға. Жаңа сүт өнімдерінің қатарында түйе сүтінен жасалатын балмұздақ та бар. Тәулігіне 7 түрлі балмұздақтың мың данасы жасалады, - дейді кәсіпкер Сабыр Ермаханов.
Цехтың технологы, жас маман Баян Дүйсенбеков:
– 6 проценттік балаларға арналған балмұздақ шығардық. Оның пайдасы өте зор. Бұл тек салқындатып қана қоймайды, ол өте тойымды яғни бір жеген адамға тойымдылық қасиет береді. Оған қазіргі таңда сұраныс ұлғайып жатыр,- деді.
Сабыр Ермаханов облыстық кәсіпкерлік палатасына балмұздақ өндірісінің қуаттылығын арттыру бойынша бизнес-жоспар ұсыныпты. Болашақта аталған жоба мақұлданса, аймақтың барлық ауданыны үшін балмұздақтың жаңа түрі қолжетімді боламақ.
Abai.kz