Тапанша ұстамаған шенеуніктің ұсталып кетуі ғажап емес
Сонымен, 2007 жылдан бастап еліміздегі қорғаныс саласын шенсіз басқарған шенеунік Даниал Ахметов қызметінен босап, отставкаға кетті. Қорғаныс саласындағы шұғыл қабылданған ауыс-түйіс туралы Қазақстан президентінің баспасөз қызметі қысқаша мынандай ақпарат берді: «Мемлекет Басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Штаб бастықтары комитетінің төрағасы Мұхтар Қапашұлы Алтынбаевқа Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің міндетін уақытша атқару жүктелді.
Даниал Ахметов Қазақстанда әскери шені жоқ алғашқы қорғаныс министрі болды. Ол бұл қызметке 2007 жылы қаңтарда премьер-министр қызметінен босатылғаннан кейін тағайындалған еді. Экс-министрдің бұрынғы орынбасары, генерал-лейтенант Қажымұрат Маерманов ҰҚК тергеу абақтысында сыбайласқан жемқорлыққа қатысты іс бойынша отыр. Тек Маерманов қана емес, Даниял Кенжетайұлының айналасындағы әскери лауазым иелерінің бір қаншасы жемқорлық әрекеттерінің әшкере болуына байланысты істі болып жатыр.
Әйткенменде, кешеге дейін «жабық тақырып» болып келген әскери салаға қатысты жарияланымның барлығы бас бармақты қайқайтып көрсететіндей еді. Мысалы «нағыз жігіттерге арналған» «Сарбаз» газетінің 2007 жылдың қазан айындағы бір санында былай деп жазылыпты: «Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Даниал Ахметов өткен қыркүйек айында Алматы қаласында шоғырланған жоғары әскери оқу орындарында сөйлеген сөзінде... “Республикамыздың әскери білім беру жүйесі бүгінгі күннің талаптарына толық сай емес. Тұралап қалған әскери білім беру жүйесін әлемдік стандарт деңгейіне көтеруіміз үшін реформа жұмыстарын түбегейлі түрде жаңаша жүргізуіміз қажет. Жоғары әскери білім орындарының материалдық-техникалық оқу базаларын жақсартып, ұстаздар мен педагог-ғалымдардың біліктілігін жетілдіру мақсатында бөлінетін қаржы көлемі де еселене түседі...” – деп жоғары әскери оқу орындарының жаңа басшыларын ұжымдарына таныстырған болатын».
Мұнайдың бағасы шамадан тыс шарықтап өсіп Қазақстан «қара алтынның» ырыздығын көре қалған тұста премьер-министрдің тұғырына ту байлаған Даниал Кенжетайұлы шамасы пиар мәселесін мықтап түсініп алса керек, Қорғаныс министрі қызметінде де ол әркез жақсы жағынан жарнамаланып жүрді. Алайда, қаржы дағдарысы мен коррупцияға қарсы Қазақстандағы «бітіспес» майданның салқыны оны да орап әкетті. Осы уақытқа дейін баспасөз көтерген жайттардың біріне құлақ аспаған жоғары билік ақырында Ахметовке сеніп тапсырылған, бәлкім, қимастықпен сыйлай салған саланы жайлаған былыққа да назар аударыпты. Сонда дейміз-ау, қаржы дағдарысының қара дауылы тұрмаса қазынаны тонағандар бұтына толып жүре бермек пе еді?.. Тегінде, бейнелеп айтсақ, дауылдың соққаны да жақсы... жер ана қоқыстан бір тазарып қалады. Қазақстан да сол қаржы дағдарысының дауылы өршіген мына заманда өз ішіндегі қу аяқтардан бір арылып қалатын сияқты. Бірақ, ішіп-жеуге ебі бардың бәріне ыңғайлы бүгінгі жүйенің жілік майын шаққандар бәрібір коррупциямен күресті коррупцияның жеңісіне жығып салып отыра берері даусыз. Иә, бұл жолы әскерилердің ортасында шен тағып үлгермеген шенеунік қызметінен босады. Ол тіпті нағыз ұрыстың қандай болатынан да білмей «қыршын» кетті. Кешеге дейін қолына дұрыстап тапанша ұстамаған ол енді қандай қызметтің құлағын ұстар екен? Ұстау былай тұрсын, өзінің ұсталып кетуі де ғажап емес.
«Абай-информ».