Бекзат Саттарханов туралы фильм қазан айында ел назарына ұсынылады
Кеше «Бекзат» фильмінің жабық көрсетілімін өткіздік.
Бұл - жиырма-ақ жыл өмір сүріп, қазақтың абыройын, қазақ боксының мәртебесін асқақтатқан даңқты бокшымызға арналған туынды.
Портреттік фильмді көрермен көп күтті. Біз оны білеміз. Алайда осы тақырыпқа асығыс, дайындықсыз келу дұрыс болмайтын еді. Бұл Бекзаттың рухы алдындағы, халық алдындағы үлкен жауапкершілік болатын.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдады, «Хабар» Агенттігі жауапты жұмысты ойдағыдай атқарып шықты.
Фильмде – Бекзаттың боксқа келуі, Сидней олимпиадасына дейінгі жеңістері, алдынан шыққан кедергілері, тоқсаныншы жылдардың аяғындағы елдің тұрмысы бейнеленген.
Көрсетілімге бокшының ата-анасы Түркістаннан арнайы келді. Кеше Бекзаттың анасы – Сырлыкүл апамыздың туған күні екен. Ол кісі премьераның дәл кеше болғанын жақсылыққа жорыды.
Фильм осы жылдың қазан айында ел тұрғындарының назарына ұсынылады. Ал алты сериядан тұратын толық нұсқасы желтоқсан айында «Хабар» Агенттігінің эфирінен көрсетіледі.
Ұлт мақтанышы - Бекзат Саттархановтың есімі, бейнесі елдің жүрегінде мәңгі сақталады.
Дәурен Абаевтың facebook парақшасынан
Abai.kz