Абайдың 175 жылдығын атап өту туралы мемлекеттік комиссия қандай шешімге келді?
Биыл мамыр айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазақтың Бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы Заңға қол қайған еді.
"2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде мерекелеуді қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылғы 1 шілдеге дейін 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылсын", деп жазылған Президент Жарлығында.
Ал бүгін Елордада Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өту туралы мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті.
Хакім атамыз, ұлы ойшыл, реформатор Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтуге қатысты іс-шараларға дайындық басталып кетті. Той қамына кіріскен Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысын бүгін вице-премьер Гүлшара Әбдіхалықова жүргізіп, негізгі баяндаманы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жасады.
Аталған жиында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өтудің басты жоспары һәм атқарылатын шаралардың жобасы қаралды. Ол бойынша Халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейлердегі 500-ге жуық шара қамтылған.
Соның ішінде:
1. 2020 жылы қараша айында, Парижде өзіміздің абайтанушы ғалымдар мен шетелдік әдебиетші-ғалымдардың қатысуымен Абай Құнанбайұлының мерейтойына орай ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.
2. Абайдың шығармашылық мұралары көп таралған шет тілдеріне аударылып (бұрын соңды тәржімаланғаны бар бәрі), насихатталады.
3. Құнанбай Өскенбайұлының ел басқару ісінде айтқан шешендік сөздері, жосыны, Абайдың балалары мен шәкірттерінің еңбектері кітап болып жарыққа шығады.
4. Тұрсын Жұртбайдың "Құнанбай" атты зерттеу еңбегі баспадан жарық көрмек.
5. БАҚ-та, соның ішінде телеарналарды, ғаламторда Абайға арналған бағдарламалар мен контенттер көбеймек.
6. "Жидебай-Бөрілі" қорығына баратын жол күрделі жөндеуден өтіп, музей үйі заманауи құралдармен жарақталмақ.
7. Халықаралық мәдени "Абай үйі" шаңарақ көтермек, т.б.
Дәурен Қуат, мемлекеттік комиссияның мүшесі, белгілі жазушы, "Қазақ әдебиеті" гәзетінің Бас редакторы:
- Сөз кезегі тигенде мен мына жайттарды айттым: 1. Абайтану ғылымы мүмкіндігінше әлемдік деңгейді қамтуы керек (бері дегенде түркі елдерінің әдебиетші-ғалымдарын жұмылдырып бастасақ та әзірге аздық етпейді). Ол үшін мемлекет тарапынан арнайы қаржы бөлініп, абайтанушы шетелдік ғалымдар қазақстандық гранттарға ие болуы тиіс. Абайтанушы ғалымдар мен әдебиетші, ойшылдардың еңбегі жыл сайын Жазушылар одағында қортындыланып отыруы қажет. (Бұл байқауға Абайға арналған өлеңдер, прозалық шығармалар да енуі мүмкін).
2. Абайға арналған ақындар мүшәйрасымен бірге Абай еңбектерін жаңаша талдап, сараптайтын ғалымдар мен философтардың, әдебиетшілердің, кәсіпкерлердің, саясаткерлердің, қарапайым оқырмандардың арасында да жыл сайын мүшәйра өтіп тұруы керек. Сонда біз Абайдың оқырманы ғана болып отыра бермейміз, Абай әлеміне енуге талпынамыз, есейеміз.
3. Абайтанудың мектеп пен мектепке дейінгі мекемелерге арналған оқу әдістемелік нұсқасы жасалып, Білім беру бағдарламасына енуі керек.
Оған қоса, Испан ақыны Хорхе Падрон мен Қазақстан Жазушылар одағы және "Фолиант" баспасы арасындағы үш жақты келісімге (испан тіліне тәржімалау, басу, тарату, насихаттау) үкімет тарапынан қолдау болса, деген тілегімізге вице-премьер де, министр де ризашылықпен келісімдерін білдірді.
Түйін. "Тойға дайындық әлі де пысықталады, көпшіліктің ақыл-кеңесіне, ұсынысына, әсіресе, абайтанушылардың сөзіне ден қоямыз", - деген мемкомиссия бүгінгі жұмысын қортындылады.
Abai.kz