Жексенбі, 25 Тамыз 2019
1541 4 пікір 18 Шілде, 2019 сағат 16:42

Қазалылық жас тың кәсіпті бастады

Қызылорда облысы Қазалы ауданы, Бірлік ауылының тұрғыны Гүлзат Құтжанова жоғары сападағы попкорн өндіруді қолға алды,- хабарлайды Абай-ақпарат.

Айта кететін жайт, ел нарығында попкорн өніміне сұраныс мол. Және кәсіптің бұл түрімен айналысатындар бірең-сараң ғана. Кәсіпкер жаңа тауарға «Томпи» деген атау беріпті.

- Мен «Бизнес Бастау» бағдарламасының оқыту курсынан өтіп, аймақтық инвестициялық орталығынан несие алып, кәсібімді бастадым. Несие қаражатына Ресейден 3 құрылғы әкеліп, жұмысты бастап кеттім. Қазірдің өзінде үш бірдей қызмет цех жұмысын жандандыруға атсалысып жатыр. Попкорнның нарықтағы құны да қымбат емес. Бар болғаны - 80 теңге. Кәсіпорын қазірдің өзінде 20 мың попкорн өнімін өндіреді, - дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, өнімге Қазалы ауданын қоспағанда, Арал, Байқоңыр және Қызылорда қаласынан сұраныс өте жоғары екен. Ол жаңа бастаған кәсібін брендке айналдыруда ойластырып отыр.

- «Томпи» попкорн өнімін брендке айналдырғым келеді. Өнімнің қаптамасында тақия киген смайлик бейнесі тұр. Яғни отандық өнім екендігін білдіру мақсатында осылай жасадық. Попкорнды халыққа кеңірек таныстыру үшін сауда орталықтарымен келісімге келуді жоспарладық. Халық жиі баратын «Магнум» сауда орталығында попкорн сатылмайды екен. Сондықтан біздің өнімімізді ірі сауда нүктелеріне шығару ісін қолға алдық,- дейді Г.Құтжанова.

Жалпы, Қазалы ауданы «Қазалы кәмпиті», «Дәмді» сауда белгісімен пастерлеген сүт өндірісімен елімізге кеңінен танымал.

Ал соңғы жылдары ауданда бизнес бастауға ниеттілер қатары артқан.

Abai.kz

4 пікір