«Қазақстан» атауын Қазақ елі деп өзгертетін уақыт жеткен жоқ па?
Еліміз Қазақстанның соңғы жиырма жылдың ішінде жеткен жетістіктеріне қарамастан, мемлекет имиджіне «стан» жалғауы кері әсер етіп жатқан сияқты. Осыны ескеріп арнайы әрекет еткен қырғыз елін шетелдіктер қазір Киргизия деп атайды. Сол секілді «өзімізді Қазақ Республикасы деп жарияласақ» деген пікірді соңғы кездері сенатор Ғарифолла Есім жиі көтеріп жүр. «Ой-көкпардың» қонақтары бұл туралы қандай пікір білдірер екен?
Ғарифола ЕСІМ, сенатор, академик:
Иә
- «Қазақстан Республикасы» деген - біздің ресми атауымыз. Демек, қазіргі кезде осы атауды қолдану - азаматтық борышымыз. Сонымен бірге қоғамның және жекелеген адамдардың ойынша, Қазақстан Республикасы дегеннің орнына Қазақ Республикасы деп атау жөн деген пікірлер айтылуда. Мен де осыны қолдаймын. Ойларыңызда болар, кеңестік заманда Қазақ ССР-і деген атау болған. Ол Қазақ Советтік Социалистік Республикасы деген түсінік еді. СССР-дің ыдырауымен Советтік Социалистік деген саяси ұғымдар келмеске кетті. Одан қалғаны - Қазақ Республикасы.

Кезінде Парламент осылай қалдырғаны дұрыс болушы еді, бірақ неліктен екенін білмеймін, Қазақстан, яғни Қазақстан Республикасы деп бекітілді. Жалпы, ұғымдар, түсініктер елдің саяси кемелденуіне байланысты толығып, өзгеріп отыруы - табиғи құбылыс. Сондықтан бұдан былайғы кезде Қазақстан Парламенті, Президенті республиканың атауына өзгеріс туралы ұсыныс енгізіп, қоғамның талқысына салса, ол да - түсінікті жағдай. Қазақ елі деген - Қазақстан Республикасының субстанциясы, мәні және мазмұны. Ал елдің атауы Қазақ Республикасы болса, дұрыс болар еді деген жеке пікірім бар. Ертедегі карталарда Қазақстан территориясын Казақия деп атаған. Сірә, бұл да тегін болмаса керек. Көпшілік болып ойланып, құқықтық негізде бір шешімге келуге болатын іс деген ойдамын.
Нұрлан ӨНЕРБАЙ, Мәжіліс депутаты:
Жоқ
- Бұлай етуді біздің көпұлтты қоғам көтермейді. Өзбекте бір мақал бар ғой «әр кәлләдә - бір қиял» деген. Сол айтқандай, мұндай жаңа пікірлер, жаңа ұсыныстар әр тараптан бір қылаң беріп отыруы мүмкін. Бірақ оған біздің қоғам дайын емес. Себебі бұған дейін өзіміз ұран етіп көтерілген «қазақстандық ұлт», «Қазақстан халқы» деген ұғым әлі түгел сіңіп болған жоқ.
Әрине, жеке басым Қазақ Республикасы деп аталуын қалар едім. Ол үшін алдымен елдік деңгейде үлкен арнайы шаралар, тәрбиелеу жұмыстары жүруі керек. Кез келген Қазақстан тұрғынының көкейіне «мен - қазақ елінің азаматымын» деген сезім орнату оңай шаруа емес.
Қысқасы, халықтың өз аузынан шығуы керек. Әйткенмен халықаралық тәжірибеде мұндай нәрсе бар ма, жоқ па - оны да зерттеу керек. Мысалға, француз елі, ағылшын, жапон елі деп ешкім айтпайды ғой. Мемлекеттің атауы ыңғайсыз естіліп қалуы мүмкін. Жалпы алғанда, Қазақ елі деп атау үшін уақыт жеткен жоқ, әлі ерте. Қазақстанның егеменді ел екендігін енді-енді ғана әлем халықтарына мойындатып, таныстырып жатырмыз. Көптеген шетел басылымдары «Қазақ республикасы» деген атауды жиі қолданып жатады. Қазақ Республикасы, Қазақ елі деп аталуы көңілге қуаныш береді. Бірақ біз көпұлтты халықпыз ғой. Қазақстандағы басқа ұлт өкілдерінің барлығы өз ықтиярымен, өзінің жүрек қалауымен осы шешімге келуі керек. Бұл заман күштеп мойындата алмайтын заман ғой.
Ой-талқы
Қазақ Республикасы деген атауға қалай қарайтындығы жөнінде пікірін білу үшін біршама қоғам қайраткері мен саясаткер тұлғаларды мазалаған едік. Алаш азаматтарының бұл туралы пікірі қақ айырылды. Біршамасы бұған өзге ұлт өкілдері қалай қарайды екен, соны бақылау керек дегенді айтты. Мәжіліс Парламентінде отырған ұлты қазақ емес депутаттардың біразына хабарластық. Көбінің уақыты бос емес болып шықты, енді біріне ойлануға уақыт керек екен, қош, әйтеуір, ешбірінің аузынан нық айтылған жауапты ести алмадық. Дегенмен Ғарифолла Есім көтеріп жүрген бұл бастаманы Алаш азаматтарының да қолдай қойғандары некен-саяқ. Мәселен, Коммунистік партияның төрағасы Серікболсын Әбділдин: «Бұл бастама жұртты алаңдатып, арандатып бірімен-бірін жау етеді. «Қазақстан» деген атаудан да жамандық көріп отырған жоқпыз», - деп жауап берсе, жазушы Смағұл Елубай да бұл ұсыныстан бірден бас тартты. Ұлт жанашыры: «Қазақстан» атауын «Қазақ Республикасы» етіп өзгерткеннен ешбір жетістік көріп отырған жоқпын. Себебі Қазақ елі деп атаудың өзі де қателік болар еді. Атаудың бұдан да басқа нұсқаларын іздеп әуре-сарсаңға түсудің қажеті жоқ. Өз басым бұл бастаманы бос әурешілік деп білемін, себебі мен білетін Парламент заңнамаға мұндай мағынадағы өзгеріс енгізуге құлық таныта қоймайды», - деп жауап берді.
Дайындаған Сәкен Көкенов
«Алаш айнасы» газеті 17 маусым 2009 жыл