«Nur Otan» партиясының қолдауымен өтетін айтыс «Qazaqstan» телеарнасынан көрсетіледі
«Nur Otan» партиясы, «Qazaqstan» РТРК және «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Үшжақты келісімге сәйкес, жыл соңына дейін «Nur Otan» партиясының қолдауымен еліміздің бірнеше аймағында өтетін барлық айтысты «Qazaqstan» телеарнасына ақпараттық сүйемелдеуге, яғни, сөз аламанын түсіруге және эфирге шығаруға құқық береді.
Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бұған дейін өзінің Instagram парақшасында «Nur Otan» партиясының доктринасында қазақ тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін дамыту қоғамдық бірлестіктің стратегиялық басым бағыттарының бірі екені туралы айтқан-ды. Осы орайда, «Nur Otan» дарынды шығармашыл жастарды қолдай отырып, төл өнеріміз бен ұлттық спорт түрлеріне ұдайы қамқорлық жасап келеді.
«Тәуелсіздіктің алғашқы сәтінен-ақ Елбасы ұлтымыздың ұлы мұрасын, озық дәстүрлері мен мәдени қазынансын түгендеуге, оларды заманға сай түлетіп, жаңғыртуға ерекше ден қойды. Халық өнерінің өркендеуіне жағдай жасап, дарынды жандарға жол ашты. Елбасының тікелей бастамасымен іске асырылған «Мәдени мұра» жобасында, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында да ұлттық рухани мұрамызды, құнды жәдігерлерімізді, спорттық ойындарымыз бен өнер сайыстарын түгендеп, дамытуға ерекше мән берілген. Ежелден «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, хан алдында дат айтып, еркін ойға ерік берген, баршаға бірдей теңдік берген елміз. Сондықтан ұлтымыздың осындай озық өнерін, ізгі дәстүрлерін жалғастыру бізді кемелдендіре түседі. Осыған орай, партия Төрағасының бастамасымен қайта жаңғыруға кірісіп, екінші тынысы ашылып отырған саяси ұйымымыз айтысқа айрықша назар аударып отыр» - деп жазды Бауыржан Байбек.
Сонымен, 12-13 қыркүйекте Атырау қаласында Фариза Оңғарсынованы еске алуға арналған «Жыр жұлдызы – Фариза» атты республикалық айтыс өтеді. Айтыс десе арқасы қозатын көпшілік алдында Аспанбек Шұғатаев, Еркебұлан Қайназаров сияқты басқа да белгілі айтыскерлер өнер көрсетеді.
18-19 қыркүйекте Қарағандыда Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған халықаралық айтыс болады. Бұл аламанға жергілікті айтыскерлерден бөлек Қырғызстан, Қытай және Моңғолия елдерінен келген суырып салма сөз майталмандары қатысады.
30 қыркүйекте Алматыда «Отан отбасынан басталады» атты отбасылық айтыс, ал 19 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында «Береке бірлігіңде, елім» деген атпен тағы бір аламан өтпек.
Биыл өтетін сөз бәйгелерін Орал қаласында 7-8 желтоқсанда өтетін «Алтын домбыра» республикалық фестивалі түйіндейді.
Abai.kz