Ерғали Бақаш. Хан Кененiң рухы асқақтаған күн
"Кенесары Хан" қоғамдық қорының президентi, Кенесары ханның жетiншi ұрпағы Талғат Айдаровтың бастауымен елiмiзге белгiлi бiр топ зиялы қауым өкiлдерi Қырғызстанға барып қайтты. Бұл сапардың әлқиссасы әу баста қырғыз елiндегi "Инсанат" қорының төрағасы Өмiрбек Эгембердиевтiң Алматыда болған сапарында айтылыпты. Конференцияның мақсаты - өткен тарихымыздағы құндылықтарымызды жоғалтып алмай, сақтап қалу. Екi елдiң ежелден келе жатқан туыстық қарым-қатынасын одан ары күшейту. Конференция Бiшкектiң "Даелия" мәдени орталығында өттi.
"Кенесары Хан" қоғамдық қорының президентi, Кенесары ханның жетiншi ұрпағы Талғат Айдаровтың бастауымен елiмiзге белгiлi бiр топ зиялы қауым өкiлдерi Қырғызстанға барып қайтты. Бұл сапардың әлқиссасы әу баста қырғыз елiндегi "Инсанат" қорының төрағасы Өмiрбек Эгембердиевтiң Алматыда болған сапарында айтылыпты. Конференцияның мақсаты - өткен тарихымыздағы құндылықтарымызды жоғалтып алмай, сақтап қалу. Екi елдiң ежелден келе жатқан туыстық қарым-қатынасын одан ары күшейту. Конференция Бiшкектiң "Даелия" мәдени орталығында өттi.
Сөз арасында атап өткенiмiздей, елiмiзде болған қырғыздың белгiлi азаматы Өмiрбек "Кенесары хан" қорының мақсат-мүддесiмен егжей-тегжейлi танысып шыққан соң, елдерiндегi бүгiнгi берекетсiздiктерiне қайыр болар дедi ме, қазақ туысқандарына жата жабысып, өзi басқарып отырған "Инсанат" қорымен бiрiгiп жұмыс iстеуге ұсыныс бiлдiрген. Өмiрбектiң бұл ойын қордың жетекшiсi Мұхтархан Абаған халқымызға танымал тұлғалармен ақылдаса келе, ой-елегiнен өткiзiп барып, алдыңа келсе атаңның құнын кеш дегендей көршi елдiң мақсатын бiлмекке, қырғыз ағайындарға бармаққа қамданды. Көңiлде күдiк те жоқ емес-тi. Араға бiр ғасырдан артық уақыт салып ағайындарымыз қателiктерiн мойындарына алып жатса, бұл өткеннiң өкiнiшiнiң аз да болса жеңiлдегенi емес пе? Оның үстiне Қырғызстандағы қақтығыстан бiр емес, екi бiрдей президенттерiнiң елден қашуы адам санасына қандай әсер беретiнiн ойлай берiңiз? Осының бәрiн қырғыздар бiз Кенесарының қарғысына қалғандықтан осындай берекетсiздiкке душар болып жатырмыз деп ойлайтын сияқты. Солай болуы да әбден мүмкiн.
Қырғыз ағайындар қазақ зиялыларын қонақжайлық танытып шекарадан күтiп алды. Қандарында бар кiшпейiлдiлiк пе, жоқ әлде бабаларының қателiктерiн мойындарына алғаны ма, құрақ ұшып бәйек болды. Халықаралық деңгейде өткен айтулы жиын басында екi жақтың қас-қабақ аңдуымен басталып едi, бара-бара бiрiнiң сөзiне бiрi бас шұлғумен емен-жарқын әңгiме өрбiттi. Ұйымдастырушы Өмiрбек Эгембердиев iс-шараның мақсат-мүддесiне тоқталып, былай деп ағынан жарылды. "Өткенiмiзге зер салсақ, қырғыз-қазақтың тарихын бөлiп-жарып қарауға болмайды. Ежелден бұл екi қордың бiрiгiп бiр мақсатта жұмыс iстеуi, сiздер мен бiздерге тиiмдi деп ойлаймын" дедi. Ары қарай сөз кезегi төл теңгемiздiң авторы қазақтың ру-тайпаларына арналған сүбелi тарихи кiтаптар шығарып жатқан "Алаш" тарихи-зерттеу орталығының президентi Хайролла Ғабжалиловқа тидi. Ол қазақ пен қырғыздың тамырының тереңде жатқан ұлт екенiн, уақытша қиыншылықтардың күнi ертең ұмыт болатынын, қайтсек болашақ ұрпаққа тiлiн, дiнiн, тарихын терең түсiндiру қажеттiгiн ертеңгi елдiң ұлтжанды азаматтарына қандай қадамдарға бару керектiгiн атап өттi. Сондай-ақ, қолынан iс келетiн азаматтардың шекараға қарамай ел мүддесi үшiн аянбай қызмет iстеулерiне ақ жол тiлеп, қуанышын жасырып қала алмады. Ел игiлiгi үшiн қандай да бiр ұлағатты iске қолынан келген көмегiн аяп қалмайтынын жеткiздi. Көңiлдi тербеген, отты сөзге жиналған жұрт қайта-қайта қол соғып ризашылық танытты.
Елiмiзде Кенесары ханның атын жамылған онға жуық қор бар. Сол қордың көбi не iстеп, не қойып жатқанын өздерi де бiлмейдi. Тек қорды тiркетiп алғанымен, қаржының жоқтығына байланысты нәтижелi жұмыс iстеп жатқандары шамалы. Бiрақ ұлы ханға он қор да көптiк етпейдi. Барлық қордың мақсаты тек бiреу ғана - Ұлы батырдың бас сүйегiн елге әкелiп, денесiмен бiрге арулап жерлеу. Ұлттың мерейiн асырып, рухын асқақтату.
Қырғыз Ғылым академиясының академигi, сексеннiң сеңгiрiне шыққан көрнектi ғалым Мырзабек Иманалиев ақсақал сөзге шыққанда айырқалпақтылар атағы алысқа кеткен көрнектi ғалымдарының әр сөзiн жерге түсiрмей қағазға түртiп отырды. Ұлттың арындай бұл ақсақалды бәрi төбесiне көтеретiнi қол шапалақтастарынан-ақ белгiлi болды. Аспай-саспай сөз бастаған ғалым қазақ пен қырғыздың өрiсi бiр дедi. "Екi елдiң осындай игi бастамасы ынтымағымызды арттырып, тарихымыздың кең қанат жаюына көмектеседi. Ұлы батыр Кенесары қазақ пен қырғыздың бiр жағадан бас шығарып, өз алдына түтiн түтетуiн аңсап, құрыштай мықты елдiң саясатына қарсы тұрғаны тарихтан белгiлi. Бiрақ көктен тiлеген тiлек iске аспады, қасында жүрген опасыздардың кесiрiнен асқақ арманды жер құштырды. Жә, бұның бәрi өткен тарихтың жаңғырығы. Ендiгi мақсатымыз не болмақ? Қайтсек, жоғымызды толықтап, барымыздың бағасын арттырамыз?" Ғалым осындай сауал тастады. Соның жауабын жұптады. Халықаралық конференцияда елге белгiлi азаматтар сөз жарыстыру үшiн мiнбеге көтерiлген жоқ. Елдiң өткен-кеткен тарихына байланысты әңгiменi тереңнен қозғап, дәлелдер арқылы ойларын көпке жеткiздi. Тарих ғылымдарының докторы Қамбар Атабаев қыз алысып, қыз берiскен екi ұлттың бiр-бiрiне тарих жағынан жақын екенiн, өткен дәуiрiмiзде көп шындықтың бұрмаланып, терiс түсiндiрiлгенiн ашып айтты. Рас, шындықтың қашанда жолы ауыр. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының "Ақиқат бар, бiрақ ол бiршама кешiгiп жүредi" деген сөзi осындайда ерiксiз ойға оралады. Мемлекет және қоғам қайраткерi Ишенбай Әбдiразақов: "Қазақ халқының тарихы тереңде жатыр. Ұлы суреткер Мұхтар Әуезов пен ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов қырғыз халқының Манас жырын өз бастарына төнген ауыртпалыққа қарамай, қорғағандарын бiз ешқашанда ұмытпаймыз. Сiздердiң қарыштап дамып келе жатқан қадамдарыңызға әрқашанда сәттiлiк тiлеймiз, әрi сiздерден үлгi алуға тырысамыз" дедi. "Барыс", "Парасат" ордендерiнiң иегерi Сейтқапар Мамадалиев екi елдiң ғылым, техника жағын тiлге тиек етiп, болашақ даму жоспары туралы сөз өрбiтсе, ғалым Жанұзақ Әкiмұлы: " Жаһандану дәуiрiнде бiр ұлтты бiр ұлттың жұтып жою қаупi бар. Сондықтан алпауыттарға жем болмау үшiн тереңде жатқан тарихымызды тiрiлтiп, қырғыз бен қазақтың бүгiнгi бет-бейнесi, ертеңгi болашағы үшiн ұлттық құндылықтарды басты орынға қоюымыз керек" дедi.
Орманхан Манаптың шөбересi, қоғамдық бiрлестiктiң төралқа мүшесi, Медетбеков сөз алып, қырғыздар атынан қазақ бауырластарына ыстық ықыластарын жеткiзiп, Кенесарының ұрпағы Талғат Шораұлы мен қордың атқарушы директоры Мұхтархан Абағанға шапан жауып сый-сияпат көрсеттi. Тарихшы Ташмамбет Кенесариев, (Кенесары бабамыздың құрметiне қойылған) заңгер Шолпан Баекова, Ишенгүл Садықова, Құлбек Бөкенбаевтар өз ойларын ортаға салды. Наурызбай батырдың ұрпағы Айсара Ысқақова апамыз ақ батасын бердi. Қордай ауданы Қарасай ауылының әкiмi Жандос Алтыбаев сынды белгiлi азаматтар сөз сөйлеп, Кенесары мен Наурызбайдың Қарасай ауылындағы ескерткiшiне алдағы уақытта жарық тартылып, әкiмшiлiктiң қарамағына алынатынын жеткiздi. Қорытынды сөз алған "Кенесары қорының" атқарушы директоры Мұхтархан Абаған: "Тарихымызға сын көзбен емес, шын көзбен қарайық, оны жинақтап кейiнгi ұрпаққа жеткiзуiмiз керек. Сонда ғана өткенге деген өкiнiшiмiздiң орны толатын болады", - деп, кесiмдi ой айтып, Кенесары ханның ұрпағы Талғат Айдаров пен Орманханның шөбересi Шәмшiбектi ортаға шақырып, қол алыстырып, төс қағыстырды. Ұзаққа созылған жиынның бар қорытындысы осы болғандай, жиналған қауымның жүзiндегi шаттықтың белгiсiн көрсеңiз, тiлмен айтып жеткiзу қиын. Сонымен қырғыз ағайындардың мұрындық болуымен тарихтың бiр бетi ұлы батырымыз Кенесарының аруағына құран бағышталып, ас берумен жабылды.
Алдағы уақытта екi қордың ұжымы бiр мақсатта жұмыс жүргiзетiн болады. Алаштың алдаспан ақыны Мағжан Жұмабаев "Алашта Кенемдей ер тумайды" деп жырға қосқаны белгiлi. Ұлы ханның бас сүйегi елге оралатын болса, қазақтың күнi бұл күннен де жарық әрi нұрлы болатынына сенiмiмiз мол. Өйткенi хан Кене - ұлттың айбары мен намысы, ұяты мен ары. Ең бастысы - рухы. Рухын жоғалтқан ұлт өз мүддесiн қорғай алмайды. Ал бiздiң рухымыз тәнiнен ажырап қалған бас сияқты. Ақын тiлiмен айтсақ, "Қазақ бүгiн - Кенесары, Кеудесi бар, басы жоқ". Ащы да болса ақиқаты осы! Қырғыздар не үшiн ойда-жоқта Кенесарыға ас берудi ойластырды. Себебi, тыныштығы кетiп, берекесi қашқан елдiң болашағына алаңдағандықтан осы қадамға барса керек. Тарих қашанда ақиқатқа айналып соғады. Ал бiз Хан Кененiң бас сүйегiн елге әкелуге енжарлық танытып отырмыз. Бұл -жақсылық емес, ертеңiмiздiң нұрлы, бүгiнiмiздiң баянды болуы үшiн ата-бабамыздың рухының алдында жүзiмiз жарқын болуы керек. Ендеше, ойланайық, ағайын!
«Абай-ақпарат»