Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 5204 32 пікір 16 Қазан, 2019 сағат 15:25

Мемлекетшілдік дегеніміз билікті қолдау ғана емес, Ерлан мырза!

Ерлан Қариннің "Жас Алаштағы" саяси монологын оқып шықтым.
Оқып шықтым да, Ерланға мына сауалды қойғым келді: - Тәуелсіздіктің қалыптасу тарихында қазақ халқы өзіне жүктелген жауапкершілікті қалай атқарды? 30 жылда қазақ деген халық мемлекеттің қабырғасының қақырауына жол беріп көрді ме? КСРО-ның шекпенінен шыққан кейбір елдерде азаматтық соғыстар болып жатты. Тағы бір елдерде бірнеше дүркін төңкеріс болды. Ал бізде ең құрығанда бір рет мемлекеттік төңкеріс болып көрді ме? Жооқ! 30 жылда қазақ бәріне көндікті.

Саяси элитаның есепсіз байлық жиюына, қазба-байлықтың қызығын өзгенің көруіне, сапалы өмірге беттей алмауына, Назарбаевтың туыстарының мемлекеттік билікті жаулап алуына, атылып кеткен арыстардың артын қазбаламай қоя тұруына, әділетсіз сайлаулар мен адам құқығының жаншылуы секілді адам төзбес оқиғалардың бәріне, бәріне көнді.

Мемлекеттің іргесінің берік қалануын ертең ешкім өтпелі биліктен сұрамайды, халықтан сұрайды. Соны терең ұғынғандықтан халық өзі кемдік көріп жүрсе де, елдікті бәрінен биік қойды. Айналып кетейін, "надан әрі геосаясатты білмейтін" халық осылай істей ме?

Ақселеу ағаның мына цитатасын қолданыпсың: «ұлттық идея деген – ұлттың, мемлекеттің тек бүгін ғана емес, ұзақ мерзім аясында бақытты да кемел өмір сүруін қапысыз қамтамасыз ететін тетік және халықтың ынта-жігерін оятатын белсенді өмір салты",- деп, ал енді мына сауалға жауап берші, дәл осы жүйе қазақ қоғамын бақытты ете алды ма? Қытайға қарызы бар, табиғи ресурстардың денін қытайдың қолына ұстатқан қазақ болашақта бақытты бола ма? Неге қазіргі жүйе күллі халықты ашындырып алды? Өміріне разы, әділдік салтанат құрған қоғамда аналар ашынып алаңға шыға ма? Қуатты мемлекет құру үшін қуатты халық болу керек. Құрғақ уәдемен қарны тойған елдің дені Оңтүстік Кореяда тәшкі тасып, Батыста кемпір мен шалды бағып, азаматтық белсенділік танытқан жастарың Шри-Ланканың плантацияларында қашып жүр. Бақытты қоғам осылай жүре ме?

"Ұлтшылдық өзінің тарихи миссиясын орындады" депсің. Кешіріп қойғын, ұлттың алдында өтелмеген ұлы парызымыз бар. Ана тіліміз орыс тілін биліктің төріне отырғызып қойып, өзі есіктен сығалап әлі жүр. Туған тілін білмейтін әрі менсінбейтін ұрпақ әлі бар. Қазақ билігінің жиындары әлі күнге екі тілде өтіп, Жаңа Жыл мерекесінде Қазақ Президенті әлі күнге елді екі тілде құттықтайды. Әркім мансұқтаған тарихымызды түгендеп біткен жоқпыз. Шовинистік пиғылдағы қауым қасымызда мысықтілеуленіп жүр. Георгий лентасын 9 мамырда кеуделеріне тағып алып, көшелерде көліктер шеруін өткізгені кеше емес пе? Діннің түрлі тармағына бөлініп алып, өзгенің дәстүрін қазақтың санасына тықпалаған қауым ше? Ендеше, қайдағы өтелген ұлттық миссияны айтып отырсың? Мемлекетшілдік деген сатыға өтуіміз үшін ең бірінші, ұлт мүддесін бәрінен биік қоюмыз керек. Ұлттық борышы өтелмеген ұлт ешқашан мемлекетшілдіктің деңгейіне көтеріле алмайды! Ұлтшылдық рухы жаншылған ұлтта мемлекетшілдік идеясы идеологияның түп қазығы бола алмайды!

Және мемлекетшілдік дегеніміз билікті қолдау ғана емес, ел тағдырына алаңдау, билікке конструктивті сын айту. Оппозициялық бағыттағы халықты мемлекетшіл емес деп айып тағуға болмайды! Олар да өз елін сүйгендіктен, мемлекетшіл болғандықтан ел тағдырына пофигизммен қарай алмайды. Мемлекетшілдіктің критерийі мансабы бар не жоқ деген өлшеммен өлшенбейді!

Қырғызстан билігін мемлекетшілдіктен ада деп сөгіпсің, Украинаны жұртқа жем болды деп пайым жасапсың. Бір елдің Президентінің кеңесшісі ретінде сенің өзге елдердің саяси үдерістеріне біржақты баға беруіне құқың жоқ! Революциялар легі өтіп, мемлекеттігінен айырылмаған және гүлденіп жатқан
мемлекеттер бар екенін тарихтан білесің, сондықтан біржақты қалыптасқан пікіріңді қоғамға тықпалаудың қажет шамалы...

Ерлан, азаматтық уайым деген болады. Сонда, сеніңше, елдің бүгінгі тағдырына алаңдап пост жазғандардың бәрі халықтың көңілімен ойнап жүрген популист пе?
Бұл не мысқыл? Тек қана биліктегілер саясатпен айналысып, халық "ләпбай, тақсырлатып" отыра беруі керек пе?
Ау, пікірлер плюрализмі қайда қалды сонда?

Сеніңше елдің іргесінің сөгілмеуіне билік қана мүдделі ме? "Қызметі өрлеп мансапты болу үшін, билік арқылы байлыққа жету үшін бір күндік саясатпен айналысатындар көбейді" депсің. Осы жерде билікті сынап, мансапты болғандар мен билік арқылы байлық жиғандар нақты кім? Атын атап, түсін түстеп жазсаңшы. Қоғам да біле жүрсін! Билікті сынап жүрген азаматтардың талайын білем, бірақ солардың мансабы биіктеп, не миллионер болып кеткенін көзім шалмапты. Қайта олардың біразы жұмыссыз қалып, шетел қашып, биліктің "қара списогына" енгендіктен жұмыстарынан тепершік көріп жүргендерінен хабардармын. Бейбіт шеруге шыққандардың азаматтық құқы жаншылып, белсенділер түрмеге қамалып, тіпті кейбіріне "экстремист" деген айып тағылып жатыр. Анық әділ мемлекетшіл тұлға болсаң, соны неге ашық жазбайсың? Неге қоғамның уайымына бір сәт құлақ түрмейсің? Объективті неге сараламайсың? Иә, "біз тарихта талай теперіш көріп, самайдағы тер, тамырдағы қан түгесілгенше күресе жүріп, дербес мемлекет болуға қол жеткіздік" Иә, "ендігі әлсіздікті тарих кешірмейді?"

Бірақ шыныңды айтшы, туған билігінен әділетсіздік көріп, туған билігінен өгейлік көріп, азаматтық рухы аяусыз жаншылып, сапалы өмірге беттей алмаған қазақ қоғамының жаңашылдыққа деген ұмтылысын, бетбұрыс жасауға деген ұмтылысын келешек ұрпақ ақтап алмайды деп нық айта аласың ба? Ал, өзінің халқын осы күйге жеткізіп, дәрменсіз еткен бүгінгі жүйені тарих кешіре ала ма екен?

Дина Елгезектің facebook парақшасынан

Abai.kz

32 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3269
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5652