Жексенбі, 24 Қараша 2024
Ел іші... 6689 16 пікір 21 Қазан, 2019 сағат 15:34

Елбасынан кешірім сұрағандар бостандықта. Ал сұрамағандар ше?

"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының экс-басшысы, "аса ірі көлемде пара алғаны үшін" 14 жылға бас бостандығынан айырылған Талғат Ермегияевтің ісі қайта тексеруге жіберілді. Бұл туралы Ермегияевтің қорғаушысы Алла Котлова мәлімдеді.

Алайда, адвокат қайта тексеруге кім және не себеп болғанын айтпапты.

- Ермегияевке қатысты қылмыстық істің қайта тексерілу керектігі туралы шешім қабылданады деп үміттенеміз. Сондай-ақ осы қылмыстық іс басқа да фигуранттарға қатысты. Біз осыған қатты үміттенеміз, - деді Ермегияевтің адвокаты Алла Котлова.

Котлова тергеу барысында заңдылықтар бұзылған болса, іс қайта тексеріліп, сотта қаралуы керек дейді. Алайда Котлова тексерістің нәтижесі қашан шығатынын білмейді. Тек өз қорғауындағы Ермегияевтің кінәсіз екенін айтады.

-Ермегияв өзі істемеген қылмысы үшін сотталды. Нақтырақ айтқанда, оған пара алды деген айып тағылды. Ермегияев пара алмаған. Бұл тергеу барысында да, сот талқысы кезінде де дәлелденбеді. Сол себепті іс қайта қаралуы керек деп есептейміз. Қалған эпизодтар бойынша, қосымша тергеу жүріп, сараптамалар тағайындалып, тергеу шаралары жандануы керек деп есептейміз", - деді адвокат.

Айта кетейік, Ермегияев ҚР ҚК 366 бабының 4-бөлігі, ("Пара алу"), 189-бабының 4-бөлігі ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу")  бойынша істі болып, 14 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сот оның жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге және барлық дүние-мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарған.

Ал, былтыр ғана дәл осы баптармен 10 жылға сотталған Қуандық Бишімбаев осыдан он күн бұрын бостандыққа шықты. Айта кетерлігі, Бишімбаев істі болғаннан кейін экс-президент Н.Назарбаевтан кешірім сұрап хат жазған еді.

Елбасынан кешірім сұрап, араша тілеген жалғыз Бишімбаев емес. Осыған дейін парақорлықпен һәм қызметін асыра пайдаланып істі болған қаншама шенеунік Елбасынан кешірім сұрады. Олардың талайы бостандыққа шықты. "Бұқаға туған күн бұзауға да туарын" ескеріп, кешірім сұрағыштардың бірқатарының сөздерін осында жариялауды жөн санадық. Майлы креслода отырған әр ағайын, сөздерін жұптап, дайындық жасай жүрсін! Айтпақшы, бұл сөздер айтылғанда ел президенті әлі - Нұрсұлтан Назарбаев еді.

Қуандық Бишімбаев, Бұрынғы Ұлттық экономика министрі:

– Барлық жетістіктерім мемлекет басшысының арқасында. "Самұрықта", "Бәйтеректе", министрлікте, қайда жұмыс істесем де мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындауға тырыстым. Мен сияқты жас азаматқа сеніп, оған және елге қызмет етуге мүмкіндік бергені үшін президентке шексіз алғыс айтамын. Президенттің алдында кінәлі екенімді білемін. Өзім жұмысқа шақырған Жақсыбаев, Жақыпов және басқалар маған кесірін тигізді. Кадрларды таңдау кезінде қатты қателестім. Адамдарды өзіме жақындаттым. Олар сеніміме кіріп, мені пайдаланып кетті. Президенттен кешірім сұраймын, халықтан осы үшін кешірім сұраймын.

Серік Ахметов, бұрынғы үкіметбасы:

– Назарбаевтың үмітін ақтай алмағаным үшін кешірім сұраймын. Қарағанды облысындағы қазіргі уақытта қалыптасқан ахуалға бірден-бір жауапты екенімді жақсы түсінемін. Осы үшін де Мемлекет басшысы көп ойланды және көп уайымдады.

Егер сот және Мемлекет басшысы маған қатарға қосылуға мүмкіндік берсе, өз тарапымнан мемлекет мүддесі үшін бар білімім мен тәжірибемді жұмсауға әзірмін және осы арқылы өзімнің адал атымды қайтарғым келеді. Қалай болған күннің өзінде мен мемлекетіме, халқыма және ұлт лидеріне адал болып қаламын.

Бауыржан Әбдішев, Қарағанды облысының экс-әкімі:

– Өмір бойы адал қызмет еттім. Көпбалалы отбасында өмірге келдім. Әке-шешем қарапайым жұмысшылар-тын. Отбасымыздағы басты құндылықтың аты – еңбек еді. Осының арқасында өстім. Елбасының арқасында жауапты мемлекеттік істі атқардым. Уақыт өте халық мен атқарған жұмыстың әділ бағасын бере жатар. Ешқашан өз мүддемді ойлаған емеспін. Облыстың мәселесін шешерде заң жүзінде әрекет еттім. Одан аттағам жоқ…

Қарағанды облысын басқару – үлкен жауапкершілік. Президент өзінің саяси және еңбек жолын дәл осы өңірден бастаған. Мұны ешқашан ұмытқан емеспін. Қылмыстық жоспар құру, қызметімді асыра пайдалану, кәсіпкерлерге кедергі келтіру менің ойымда да жоқ еді. Мен Президенттің адал сарбазымын. Президентке және халыққа адал қызмет еттім. Маған біреулер әдейі қастандық жасады, осы себепті де Назарбаевтан кешірім сұраймын.

Ерлан Арын, Павлодар облысының экс-әкімі:

– Мемлекеттік қызметкердің атына кір келтіргем жоқ, осы себепті қазір осы арада отыру маған өте ауыр. Еліміздегі ең ірі өңірдің біріне басшылық еткен мені айыпты санауда. Мен Президенттің, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді адамымын.

Президенттің үмітін ақтай алмадым. Дәл осы арада Мемлекет басшысынан кешірім сұрағым келеді. 1991 жылдан мен Президенттің барлық реформасын қолдап келемін және әрдайым соның командасында болдым. Мемлекет басшысының сенімді адамдарының қатарында болу әншейін ол қойып кеткен қызметте отыру емес. Кәсіби маман болу, еліңді сүю, адал қызмет атқару. Бұл тұрғыда мен тағдырымның қалай шешілеріне қарамай, өзімді әлі де болса Елбасының командасындағы адаммын деп санаймын.

Мұрат Оспанов, Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің экс-төрағасы:

 – Мен ешқашан пара алған емеспін. Тарифті көтеруі үшін «Атырау Жарық» кәсіпорнынан 300 мың доллар талап еткенім өтірік. Сондықтан маған тағылған кінәні мойындамаймын. Тек тым сенгішпін, соған өкінемін. Қызымның тойы өтетін еді. Соған әлгі ақшаны қарызға сұрағанмын… Мұның бәрі менің бет-беделіме дақ түсірді. Ел мені «жемқор» деп ойлайды. Одан бұрын маған үлкен үміт артқан Президенттің сенімін ақтай алмадым. Өкінемін. Қатты өкінемін». 

Елбасынан кешірім сұраған шенеуніктер бұлармен шектелмейді.

Кедендік бақылау комитетінің төрағасы болған Серік Баймағанбетов те кешірім сұраған.

2013 жылдың 8 қаңтарында сотта оның кінәсі дәлелденді. Судья Серік Баймағамбетовті 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

2014 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Президенті үкімімен Серік Баймағанбетов жазасын 5 жыл ғана өтейтін болды.

2015 жылдың 19 ақпанында Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы сотының үкімімен Баймағамбетов шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды.

Денсаулық сақтау министрлігінің экс-басшысы Жақсылық Досқалиев.

Досқалиев 2001-2004 және 2008-2010 жылдары Қазақстанның денсаулық сақтау министрі болды. 2010 жылдың қыркүйегінде басшыға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оған қызметтік бабын асыра пайдаланды, ірі мөлшерде пара алды деген айып тағылды. Сол жылдың 5 тамызында қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сот бұрынғы министрді 7 жылға бас бостандығынан айырды.

2012 жылдың қаңтарында Президент үкімімен Досқалиевтің жазасын өтеу мерзімі 7 жылдан 2 жылға қысқарды.

2012 жылдың 29 қарашасында Астана қаласының соты Досқалиевті шартты түрде мерзімінен бұрын босату шешімін шығарды.

Түрлі жылдары экономика және сауда министрі, білім және ғылым министрі болған Жақсыбек Күлекеев.

Ол 30 жылға жуық мемлекеттік қызмет атқарды. 2008 жылдың 1-сәуірінде 100 мың доллар пара алды деген күдікпен қамауға алынды.

Ал 2008 жылдың 13-қарашасында Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты Жақсыбек Күлекеевке "қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін" 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Жақсыбек Күлекеев жазасын толық өтеместен 2009 жылы күзінде шартты түрде бостандыққа шықты.

Түйін. Біз есімізге түскендерін жаздық. Өздері айтпақшы, "президенттің адал сарбаздары". Бұлар кешірім сұрап, рақымшылыққа ілінгендер.

Ал, Елбасынан кешірім сұрамаған  екі азаматтың бірі Мұхтар Жәкішев болса, екіншісі Ермегияев. Бұлар бостандыққа шыға ма?

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5618