Жексенбі, 24 Қараша 2024
3430 2 пікір 21 Қазан, 2019 сағат 15:22

Талдықорған атшабарында Орбұлақ шайқасының тарихи қойылымы сахналанды

19-қазан күні Талдықорған атшабарында Орбұлақ шайқасының тарихи қойылымы сахналанды. Бұл - Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Алтын Орданың 750 жылдығына арналып ұйымдастырылды. Бұл қойылымды тамашалауға облыс әкімі Амандық Баталов арнайы келді. 

Орбұлақ шайқасы - қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғысындағы алғашқы бетбұрысты оқиғалардың бірі. Бұл шайқас 1643 жылдың жазында Қазақ ханы Жәңгір Хан мен жоңғар қолын басқарған Батыр Қонтайшы арасында өтті.

Ашық алаңда өткен тарихи қойылымды сахналауға 1500 ге жуық адам тартылған. Қойылымда жауынгерлердің ұрыс тактикалары мен айлакерлік әдістері көрініс тапқан. Сонымен қатар, актерлардың шынайы образы мен каскадерлық жұмыстардың шеберлігі қойылымның мазмұнын аша түседі.

Ал, облыс әкімі Амандық Баталовтың айтуынша, мұндай жобалар бабаларымыздың ерлігі мен батырлығын көрсетумен қатар, жастарды елжандылыққа тәрбиелейді.

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:

-Орбұлақ шайқасының тарихи қойылымы біздің облысымызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осымен екінші мәрте өткізіліп отыр. Бұл – бабаларымыздың ерлігі мен батырлығын көрсетумен қатар, жастарды елжандылыққа тәрбиелеуге бағытталған теңдессіз жоба. Ұлы Дала ұлы тұлғаларды дүниеге әкелді, олардың есімдері мен ерліктерін кейінгі ұрпақ біліп жүруі шарты. Өйткені өткенді білмей, болашақты бағдарлау мүмкін емес. Сіздер Бородино шайқасы жайлы да жақсы білесіздер, Мәскеуде жыл сайын оны тарихи жаңғырту дәстүрге айналған. Біз тарихи қойылым көрсету арқылы даңқты Орбұлақ шайқасын да ұрпақтар жадында орнықтыруды қалаймыз, - деді.

Одан бөлек, «Талдықорған» ипподромына жиналған көпшілік ыстық бауырсақ пен қымыздан дәм татып, қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады. Көрме барысында, киізден, теріден, күмістен жасалған бұйымдар сатылымға қойылған.

Және, бірнеше ұлттық спорт ойындары ел назарына ұсынылды. Көпшілік қауым қазақша күрес пен көкпар ойындарын тамашалып, Орбұлақ шайқасы кезеңіндегі сауыт-сайман, қару-жарақ асынған батырлармен суретке түсті.
Ал, Қазақша күресте Қызылорда облысынан келген палуан Ерғали Еламан үздік шығып, жаңа «Лада Гранта» автокөлігіне ие болды. Сонымен қатар, заманауи өнер сүйер қауым үшін этностильдегі киім үлгілері көрсетілді. Ал, кішкентай көрермендер үшін аниматорлар мен балалар алаңдары жұмыс істеді.

Айта кетейік, Алматы облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаевтың айтуынша, бұл шараларды өткізу үшін Облыстық Ішкі саясат басқармасы мен ТОО "Рухани Жаңғыру" мекемелерінің арасында 98 миллионға келісім шарт жасалыпты. Ал, қойылымды сахналауға 61 миллион теңге жұмсалған.

Бұл тарихи қойылым Жетісу жерінде екінші рет сахналанып отыр.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5613