ҚАЙРАТ РЫСҚҰЛБЕКОВТЫҢ «АҚТЫҚ СӨЗІ» – ӨЗ СӨЗІ
«Өз елі өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді..."
(Ілияс Жансүгіров)
Үлкендердің әңгімесіне орта жолдан киліге кету – бұрыннан әдетімізде жоқ. Аға сыйлап өскен мұсылман баласының дәстүрін бұза қою да ойымызда болмаған. Осы жолы да үндемей қоя салуға болар еді. Бірақ, амалсыз төтеден қосылуға тура келіп тұр.
Ақиқатын айтқанда, «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде жарық көрген бұл тосын әңгімеге жолағым келмеген. Оның мәнісі – қаламдарын сайлап, бір-бірімен бетпе-бет келген екі жазушы да сыйлас ағаларым. Бір өлкенің ауасын жұтып, бір өзеннің суын ішіп дегендей, бауырлас жақындығымыз тағы бар.
Роллан Сейсенбаев – Абай шығармаларын шет елдің 15-тен аса тілдеріне аудартып, жалғыз өзі бір институттың жүгін арқалап жүрген әлемдік құлаштағы жазушы. Журналдағы редакторлығы өз алдына.
Ал, қашан көрсең тіп-тік, Алтайдың алып қарағайы секілді асқақ жүретін Ғаббас Қабышұлы да қара жаяу емес, сатира мен көсем сөздің өлкесінде атой салып жүрген баһадүр.
Өрістері басқа болғанмен, екеуі де рухани ортада әлдеқашан танылған, елге сыйлы, бір біріне «салмағы тең» тұлғалар. Ең бастысы – бұл кісілердің дуалы аузынан шыққан әрбір сөзге бүкіл халық қалтқысыз сенеді. Мәселенің түйіні осында болып тұр.
Роллан Сейсенбаев «Тамыры терең талант» деген мақаласында («ҚӘ», 09.09.2016 ж) Қайрат Рысқұлбековтің «Ақтық сөз» атты өлеңі «Дешті қыпшақ жырлары» жинағына енгенін айтып, сүйінішін білдіріпті. Дұрыс-ақ! Қолдан келсе, қазақтың қара баласын сырттағыларға таныта жүргеннің пайдасы болмаса, зияны жоқ.
Ал, кезінде «Ара-Шмель» журналының бас редакторы болған, журналистиканың аға буын өкілі, сатирик жазушы Ғаббас Қабышұлы «Тамырдың таязы да бар» деген мақаласында («ҚӘ», 16.09.2016 ж) бұл өлеңнің авторы Қайрат екендігіне күмән келтіріпті.
Сонымен, ойлана келе, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот процесінде Қайрат Рысқұлбековтың ақталуына үлес қосқан қоғамдық қорғаушысы болғаным бар, өмірін зерттеп, кітап жазғаным бар дегендей, өзім білетін осы бір жайтқа түсініктеме беруді жөн санадым.
Өйткені, ақиқатты білу – өлгендерге емес, тірілерге қажет.
Әйгілі Желтоқсан құрбаны Қайрат Рысқұлбеков тірі болса, биылғы 13 наурызда ердің жасы 50-ге толатын еді. Жарты ғасырлық мерейтойы дүркіреп өтпегенімен, есімін ел есінде қалдыру мақсатында біршама шаруаның басы қайырылды. Туған ауылында, Таразда, Семейде ескерткіштері ашылды, мектептер мен көшелерге аты берілді. Елбасының жарлығымен 1996 жылы «Қазақстанның Халық қаһарманы» атанды. Бұл атақ еліміздің бостандығы мен тәуелсіздігі жолында күрескен, ерлік көрсеткен, халық мойындаған бірегей тұлғаларға ғана берілетінін атай кеткен жөн.
Міне, осындай шырқау биікке рухы көтерілген айбарлы ұланның өмір өткелінен, сөйлеген сөзінен, өкінішке қарай, кемдік іздеушілер әлі тиылар емес. Қазақтың төбесінде қанды қылыш ойнаған со-онау бұлғақты кезеңде:
Сөйлесем даусым жетпейтiн,
Кез болдық мынау заманға.
Шовинизм едi ғой,
Басты себеп жанжалға! – деген Қайраттың «Ақтық сөзіне» күмәнмен қараушылар сыртта емес, арамызда жүргені қынжылтады. Әңгіме осыдан өрбімек.
Алдымен, құдайшылығын айтайық, бүкіл кеңестік жүйенің бет-пердесін жұлып алған мынандай уытты сөз Мәскеудің ең жанды жеріне тигенінде дау жоқ. Бас кетерлік көзсіздікті олардың кешіре алмайтыны және анық. Баяғыда «Великодержавному шовинизму – бой!» деген Лениннің ұраны болған, бірақ Қайраттың айтқаны одан да асып кетті. Соны түсініп, бағалаған халықаралық “Гардиан” газетi (Лондон), “Ди Вельт” газетi (ФРГ), “Исни форум” журналы (Түркия), “Нью-Иорк таймс” газетi (АҚШ), Франц-пресс, Рейтер агенттiктерi қазақ баласының жүректілігін жарыса жазды. Уақыт дәлелдегендей, ұлыорыстық астамшылықтың көрінісі, бір ұлттан екінші ұлтты биік қоюдың ақыры –Кеңес империясының құлауымен аяқталды.
Содан бері ширек ғасыр өтіпті. Еліміздің Тәуелсіздік алғанына 25 жыл, Желтоқсанға 30 жыл толып отыр. Сөз жоқ, Тәуелсіздік пен Желтоқсан егіз ұғым! Бір шынжырмен маталып, бір бұғаумен құрсауланған – Якутия, Балтық жағалауы, Грузия мен Әзірбайжан, тағы басқа бауырлас елдердегі демократиялық қозғалыстардың көшбасында да осы киелі Желтоқсан тұр.
Қаймана қазақ қамы үшiн
Қарусыз шықтық алаңға.
Алыстан әсер алдырып,
Қырып салды-ау табанда! – деп, халық қасіретін өлеңмен жеткізген Қайрат Рысқұлбековтың «Ақтық сөзі» сол Желтоқсанның кілті десе де болады.
«Ақтық сөз» ағаш рет Жоғарғы сотта оқылды. Бертінде «Экспресс К» газетінің қызметкері Серік Малеев орыс тіліне аударды. Стамбұлда білім алған Мақсұтхан Жақып пен филология ғылымының кандидаты Конан Кочтың бірлесуімен түрік тіліне тәржімаланды. Қырғыз, татар, әзірбайжан, латыш, ағылшын тілдерінде жарияланды. Бұдан басқа да тілдерде жарық көруі мүмкін. Ол жағы енді тереңірек зерттеуді қажет етеді.
Сөйтіп келіп, бүгін ойламаған жерден мынандай шу шыққан соң, сол ағайындар: «Әй, қазақтар, не болған сендерге? Орталарыңнан шыққан жалғыз батыр ұлдарыңның тірлігі осы ма?» дейді ғой. Дейді. Енді не болдық? Бұл арада жалғыз Қайраттың ғана емес, бүкіл желтоқсандықтардың абырой-беделі тағы да таразыға түсейін деп тұр.
Тағы да дейтінім, Ғаббас Қабышұлы бұл мақаласын осыдан он жыл бұрын, 2006 жылдың 7 қыркүйегінде «Ана тілі» газетінде «Рысқұлбековтың ақтық-сөз өлеңін жазған Шәріпжанов кім?» деген тақырыппен жариялағаны бар. Сол жылы іле-шала жарық көрген «Қазақтың Желтоқсаны» атты кітабымда мен бұған сыпайылап жауап қайтарған едім. Сірә, ағамыздың назарына ілікпеген болу керек. Пікірінен қайтпапты.
Басқа басылым болса бір сәрі, зиялы қауымның бас газеті болып есептелетін республикалық ұлттық газеттерде Желтоқсанның дәл 20 жылдығында, енді міне, 30 жылдығы қарсаңында – осындай дәйексіз мақаланы қайталап ұсынудағы мақсат не?
«Тағдыр менi аямады, қорлады,
Жалынсам да, жыласам да болмады.
Қараңғы өмiр, бақытым жоқ, жоқ менiң.
Армандаған ақ сәулеге жетпедiм...» - деп, абақтының тар қапасында торға түскен көкжалдай арпалысып өткен Қайраттың тірі кезінде жинаған абырой-беделіне шәк келтірудің мәнісі не? Бөтен ойға қимайсың.
О дүниедегі боздақтың енді қайтып келіп: «Ағасы, бұл өлеңді менің жазғаным рас еді» деп, куәлікке жүгінбесі хақ. Жоғын жоқтайтын ағайын-туыстарынан да көптен бері хабар-ошар болмай кетті. Ендеше, «Айтылмаса, сөздің атасы өледі», шетке ығысып тұрудың жөні қайсы? Деп қолыма қалам алдым. Соған байланысты, ертеректе өткен тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. Ол да Желтоқсан тақырыбына қатысты.
Он алты жасында алаңдағы аласапыранда мерт болған Ләззат Асанованы да «Желтоқсанға қатысқаны күмәнді екен» деген желеумен, сан-саққа жүгірткен біреулер төбе көрсеткен еді. Сол негізсіз жаланың кесірінен анасы Алтынай қаншама сот процесін бастан кешірді десеңізші! «Аққа Құдай жақ» дегендей, ақиқат жеңіп, он екіде бір гүлі ашылмаған Ләззаттың желтоқсан құрбаны екендігі архивтік құжаттармен дәлелденді. Бірақ, көңілде ащы із қалды. Енді келіп, қайран Қайраттың басына да сондай қауіп төніп тұр.
Газеттегі мақалада есімі аталған белгісіздеу аудармашы әйелдің естелігіне сүйеніп, Қайраттың өлеңін басқа біреуге тели салу – асығыстық шешім болар еді. Қазір кім не айтпай жатыр? «Желтоқсанда студенттерді алаңға алып шыққан мына мен болатынмын!» деп, кеудесін соққан профессорды да көрдік. Соның бәріне сене беру – көзіқарақты жанға абырой әперер іс емес. Айғақсыз, дәйексіз көпіріп сөйлеушілер көбейіп тұрған қазіргі уақытта, тіпті, абайлаған жөн. Оның үстіне, жаны нәзік әйел заты кейде көңіліндегі қимас бейнеге барды-жоқтыны жинақтап, таңатынын өмірден көріп жүрміз.
Жәнібек Кәрменов ағамыздың «Ойламаңдар, жігіттер, баста дәурен тұрмайды. Өтіп кеткен сұм жалған, қайтып бір мойын бұрмайды. Адам қонақ өмірге, бір күні қолын бұлғайды...» деп келетін «Өмір туралы толғауын» күйеуінің қойын дәптерінен тауып алған бір апамыз жан-жүрегі елжіреп, қалалық газетке жариялатып жібергені бар. Белгілі ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбаевтың араласуымен бұл әңгіме, әйтеуір, өршімей тоқтады. Кім біледі, дер кезінде байқамағанда, ол да біреудің еншісінде кетер ме еді?
«Ақтық сөздің» хикаясы да соған келіңкірейді. Қайраттың өлеңінің жазылу сырынан бейхабар жан өзімен дәмдес-тұздас болған ақын рухын әспеттеу үшін ұсынғаны анық аңғарылып тұр. Ал, Тоқтархан Шәріпжанов оны көзі тірісінде неге баспасөзде жарияламаған? Орынды сауал. Жақсы болсын, жаман болсын, әрбір туындының иесі мен киесі барын, біреудің еңбегін иеленудің салмағы ауыр екенін ақын ағамыз жақсы білген. Сол себепті, Қайраттың өлеңінен бойын аулақ ұстаған. Оның екінші жағы тағы бар – оған төменде тоқталамыз.
Бұрында жазғанмын, қайталап айтайын, Қайрат Рысқұлбеков ешқашан ақын атанған емес. Кезінде данышпан Абайдың өзін «керітартпа заманның ақыны», Жамбылды «қолдан жасалған жырау» деп, ағаш атқа теріс отырғызған қазақ қоғамы поэзияның есігінен сығалап көрмеген бозбаланы ақын ретінде қабылдай қоюы да екіталай. Десек те, «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» (Абай), сөз қуған қазақтың төл баласы екені анық. Қайраттың арғы аталарының бірі Сауытбек сал Ұсаұлы Шу өңіріне танымал ақын болған деседі.
Өміріміз жылаумен өтер ме екен,
Бармағымыз тістеулі кетер ме екен?
Адамзаттың түспеді рақымы,
Арызымыз Құдайға жетер ме екен?
Ау, Ақбөпе, ау-у-у-у, аһ-аһа!, - деп келетін «Ақбөпе» дейтін дастаны осы күнге дейін елдің аузында сақталғаны айтылады. Оған қоса, туған жері Мойынқұм – арғы беті Арқамен, бергі беті Шумен шектесіп жатқан, халқы шетінен әнші, термеші, өлеңші боп келетін ұлан-ғайыр өлкенің алтын қақпасы. Сондай сауыққой жыршылар, өнерпаздар шыққан өлкенің өрені бір-екі ауыз ұйқас құрастыра алатынына ешкім шүбә келтіре қоймас.
Тұтқынға түстiм жаутаңдай,
Жоламай ешкiм қасыма.
Бара қалсаң сәлем айт,
Елдегi құрбы-досыма, - деген қарапайым жолдарды айту үшін үлкен талант иесі болу шарт емес.
Дегенмен, Қайраттың бойында тумысынан жазуға, сызуға үлкен құлшыныстың болғанын көз-көрген достары мен ауылдастарының аузынан талай естідім. Оны сәулетші мамандығына жетелеп келген де – сол өнерге деген ынтызарлық деп ойлаймын. Төлеби ауылындағы Сәду Шәкіров атындағы мектеп-интернатта Қайратқа 8 сыныпқа дейін дәріс берген ұстазы, қазақ тілі мен әдебиетінің маманы Бақытгүл Қасымованы тыңдап көрейік. (1991 жылы 28 қарашада айтқан сөзі менде сақтаулы екен.)
– Ол талапты жаратылған бала еді, - дейді ұстазы. - Сурет салуды қатты ұнататын, оның үстіне ақынжанды қасиеті де бар еді. Кейбіреулер жүз жыл жасаса да, соңына айта жүрерліктей бір із қалдыра алмайды. Ал Қайрат болса, қас-қағым сәтте, жасындай жарқ етіп өте шықса да, бір ауыз отты сөзімен туған халқының жүрегінен мәңгілік орын алды.
Қарапайым оқытушының берген бағасы – ең әділетті баға болмақ. Өйткені, шәкіртін ұстазынан артық білетін адам жоқ. Ғұлама Конфуцийдің: «Кімде-кім тумысынан білімді болып туса, ол барлық адамдардан биік тұрады. Одан кейінгі орында оқып, білім алғандар болмақ...» деген тәмсілі дәл Қайратқа арнап айтылғандай. Ал, өрелі жастың бойындағы оянбаған талантына келсек, оған ол кінәлі емес, заманы кінәлі. Тірі қалғанда, ол мүмкін, үлкен ақын болатын ба еді?..
1992 жылдың 20 маусымында Мемлекеттік жастар ісі жөніндегі комитеттің басшысы Иманғали Тасмағамбетовтың ұйытқы болуымен Семей қаласында Қайрат Рысқұлбековті еске алу күндері ұйымдастырылды. Алаштың рухани астанасы болған осы шаһардан мәңгілік мекен бұйырған Қайрат ол кезде әлі ақталмаған. Соған қарамастан, осындай батылдық іс жасап отырған замандастарымды қолдап, әкесі Ноғайбай ақсақал бастаған бір топ ағайындармен бірге мен де мәдени шараға қатысып қайттым.
Мен не етермiн, не етермiн,
Мен келмеске кетермiн.
Көрмеген қош бол таңдарым,
Көре алмай мен өтермiн, - деген сыршыл өлеңдері жұртқа жаңа таныла бастаған Қайратқа семейлік зиялы қауым мен жастардың ілтипаты ерекше еді, әсіресе, педагогикалық институтта болған жүздесуде ол айқын сезілді. Роллан Сейсенбаев ағамыздың соңғы жазған мақаласынан сол ықылас пейілдің әлі де төмендемегенін сезіндік.
Айтайын дегенім, жиналыстың арасында Ноғайбай ақсақал екеуміз Семей облыстық прокуратурасының архивіне барып, аға тергеуші Серiк Әбдiкәрiмовтің қолынан Қайраттың тұтынған заттарын қабылдап алдық. Алдын-ала келісімдері болған екен. Көнетоз сары рюкзакта сақталған заттарының арасынан тор көзді қалыңдау күнделік шықты. Мұқабасы ескіріп, кейбір беттері жыртылған. Бұдан сәл бұрынырақ, інісі Талғат тағы бір күнделігі болғанын айтып жүретін. Онысын мен көрмедім. Ал мына күнделіктегі Қайраттың өз қолымен жазылған 12 өлеңі мен ой-толғаныстарын түгелдей көшіріп алдым. Жыртылған беттердің бірінде «Ақтық сөздің» бір-екі шумағы сақталып қалыпты. Одан басқа, сотта оқылған «Прокурорға» деген өлеңі жүр. «Анама» деген лирикалық жазбасынан қоштасу сарыны сезіледі.
Қалдырып жаны мәңгі жас ұлыңды,
Құпия шерттім осы жан сырымды,
Хош енді жолықпасаң, қайран ана,
Көзімнен ақ жаулығың жасырынды... – дегеніне қарағанда, Қайрат өзіне бір тықырдың таянғанын сезген сияқты.
Ертістің бірқалыпты аққан түнгі сарынын тыңдай отырып, сарғайған күнделік беттерін парақтаған сәтте, неге екенін білмеймін, есіме татардың батыр ақыны, фашистердің тұтқынында мерт болған Мұса Жәлелдің «Моабит дәптері» түсті. Оның да тағдыры осындай жұлым-жұлым дәптермен сырласумен аяқталған еді-ау.
Өгей ұлың болдым ғой мен өз елім,
Өлім күтіп шетте өртенді-ау өзегім.
Өлсем – қызыл гүлдер өссін қаныма,
Көз жасымды қабылдасын өзенің, - («Асау жүрек») деп шер төккен Мұса Жәлел мен Қайраттың тағдырындағы ұқсастық домбыраның қос ішегіндей қатар өріліп жатыр.
Алматыға оралған соң, Қайраттың «Түрме жыры», «Анама», «Ана тілі», «Бір досыма», «Өкiнiш» атты өлеңдерін қысқаша алғысөзбен «Қазақ әдебиеті» газетіне ұсындым. Ішкі көңіл-күйін сыртқа көп сездіре бермейтін Бас редактор Оралхан Бөкеев қалай қабылдағанын білмеймін, бірден нөмірге салыпты. Кейіндері бір тілдескенімізде, «Желтоқсан желі» деген пьесасын жазуға осы өлеңдердің ықпалы тигенін жасырмады. Ал, қастерлі күнделікті мен Қайраттың әкесіне қайтарып бердім.
- Нәке, мына күнделікке мұқият болыңыз. Уақыты келгенде, бұл жазбалар баға жетпес жәдігерге айналады, - деп, айтқаным сол екен, қаршыға қабақтың астындағы қара-қоңыр көздерден тарам-тарам аққан жасты көрдім...
Ноғайбай ақсақал «Ақтық сөзді» 1987 жылы Қайраттың сотында қорғаушы болған адвокаты өз қағаздарының арасына жасырып алып шыққанын айтқан еді. Соны қайта еске салып едім: «Ия, ия, ол балама үлкен рахмет. Қолынан келгенше көмегін аямады ғой» деп күрсінді. Ал, ағасының өлеңін машинкаға бастырып, көбейтіп, жалпақ елге таратқан туған інісі – Талғат болатын. Бір данасын маған да әкеп берді.
Елбең-елбең жүгiрген,
Ебелек отқа семiрген.
Арғымақ мiнген жаратып,
Ақсауыт киген темiрден,
Алатаудай балалар,
Аруағыңмен жебей көр!..– деп, түйдектеле келетін төкпе жолдардың ұйқасы әлсіздеу, әрине. Бірақ, мәселе онда емес. Мәселе – Қайраттың сот алдында қасқайып тұрып осыған дейін Кеңестер Одағында жан баласы ашып айта алмаған «Шовинизм едi ғой, басты себеп жанжалға!» деген ақиқатты жайып салуында!
Осы өлеңнің бір данасы Тоқтархан Шәріпжановтың қолына апарып бергенін белгілі журналист Марат Тоқашбаев бір кездескенімізде айтқан еді. (Интернетте жарияланған соған ұқсас пікірін төменде қоса ұсынып отырмын).
Ал, Тоқтархан ағамыз Қайраттың өлеңіндегі кейбір қабыспай тұрған жолдарды поэзияға жақындату ниетімен қайта толықтырғанын анық байқауға болады.
«Сусылдап келіп шешінген,
Еркелеп жатып көсілген,
Жар қызығын көре алмай,
Аймалай алмай төсінен,
Арманда кеткен – мен бейбақ...» деген кәсіби ақынның қаламынан туған жолдар соның айғағы. Мұндай эротикалық сипаттағы шумақтар түпнұсқада мүлде жоқ. Ақиқатына жүгінсек, осы жапсырмадан кейінгі ой толғамдары кейін қосылған. Сот залындағы көріністен де тым алшақтап кеткен. Шығармашылық адамдары жақсы білетін «ситуацияға» мүлде лайық емес. Қараңыз.
Қайраттың соңғы сөзінен: «Мен алаңға біріншіден елімді, жерімді басындырмаймын деп шықтым. Қылмысым сол болса, соттай беріңіздер. Жатақханалардағы жастарды көтергенім, екі мыңдай адамды алаңға алып барғаным рас. Мойындаймын! Сол үшін де соттаймын десеңіздер, өздеріңіз біліңіздер. Бірақ, ана Савицкийдің өліміне еш қатысым жоқ. Мен ер-азаматпын, егер қатысым болса, оны да мойындайтын едім. Бір дәу милиционер қазақтың қызын шашынан сүйреп бара жатқанын көріп: «Әй, жіберсеңші!» деп айқайлағаным рас. Бірақ, ол жіберемеді, сонда мен оны бір ұрып құлаттым да, қызды ажыратып алдым. Ол, міне, сот залында отыр» деп, «жәбірленуші» рөліндегі Алмабеков деген майорды көрсетеді.
Әне, солай!
Жазықсыз талай қазақ баласының обалына қалған жазалаушы күштер мен Грабарник сияқты қатыгез соттың қанжығасында басы кетерін сезіп, шындық үшін шырылдап тұрған бозбаланы «Жар қызығын көре алмай, аймалай алмай төсінен...» деп, төс пен төсек туралы сұңқылдатып қою, артықтау әрине. «Ақтық сөз» тек патриоттық рухта жазылған өлең. Махаббат сезімі онда жоқ.
Бұған қарап, Қайрат махаббат тақырыбын мүлде қозғамаған деген ой тумаса керек. Оның:
«Мұң жалайды, көңiлдi мұң жалайды
Жанарымнан ақ сүңгi сырғанайды.
Сүйген жардың жабырқау жанарындай
Тереземнiң тұсынан түн қарайды...», - деген сияқты жастық шақ туралы жазған бірнеше өлеңі бар.
Таңғы шықтай мөлдір, тау суындай таза, балаң көңілдің боямасыз сезімі. Әсірелеу жоқ. Қарапайым тіршіліктің жылуы бар. Қайраттың кез-келген өлеңі осынай бір демде оқылатын қысқа шумақтардан тұрады.
Осы арада айта кетейік, «Ақтық сөздің» ізімен жазылған өзге де жалынды жырлар әдебиетімізде аз емес. Мысалы, белгілі ақын Зайда Елғондинованың қаламынан туған Қайраттың (Ләззат, Ербол, Сәбираның) монологтары бүгінде елге кеңінен тарады. Алайда, мектеп, колледждерде өтетін кездесулерде авторы айтылмай қалатындықтан, оларды кейде кейіпкерлері жазғандай әсер қалдыратыны бар. Мұндайда қателікті түзеткеннің артықтығы жоқ.
Мақаланың бас жағында «Тоқтархан ағамыз Қайраттың өлеңінен саналы түрде бойын аулақ ұстаған. Оның екінші жағы тағы бар» деген едім. Оның мәнісі мынау.
1987 жылдың қаңтарынан кейін қазақ зиялылары үшін зобалаң күндер басталып кетті. Кремльдің пәрменімен КПСС Орталық Комитетінің қазақ ұлтшылдығын айыптаған арнайы Қаулысы қабылданып, бүкіл сот, прокуратура, партия органдары қазақ қоғамына лап қойды.
Аяқты қия басу жоқ,
Орыстың салған жолы бар.
Емін-еркін заман жоқ.
Ендігі жүрген жігіттің,
Маңдайында соры бар, - деп, сонау ХІХ ғасырда Шортанбай ақынды қинаған қилы заманның қитұрқы істері жаңаша көрініс берді.
«Балапан басына, тұрымтай тұсына» безген сол дүрбелең күндері – ортасында осы Қайрат бар, сот залында қасқайып түскен бес боздақтың фотосуретін газеттерде жариялап жіберген ҚазТАГ-тың директоры Жұмағали Ысмағұлов, Мырзатай Жақыпов, Мейрамбек Төлепбергенов сияқты жазушы, журналистер қызметінен қуылды. Редакциялар мен баспалардағы қалам ұстаған қазақтар КГБ-ның қатаң бақылауына алынды. Күнде жиналыс, күнде талқылау! Талқылаудың соңы міндетті түрде біреуді жазалаумен бітеді. Мәселен, алаңда ұсталып қалып, таяққа жығылған ақын, «Пионер» журналындағы Мейірхан Ақдәулетов, сатирик,«Қазақ фильм» журналындағы Лесбай Оспанов, баспахана маманы Майра Жағыпарова сияқты қызметкерлер шығармашылық ортадан аластатылып, қара жұмыстың өзіне әрең орналасты. (Бұл тізімдегілер аз емес – реті келгенде жарияланатын болады - Авт.).
Осының бәрін күнде көріп, көңіліне тоқып жүрген Тоқтархан Шәріпжановтың мәшіңке басып отырған аудармашы қызға «Бұл Қайрат Рысқұлбековтың өлеңі еді» деп айтпайтыны түсінікті. Сыры ашылса, өзімен бірге өзгенің де басы кететінін Орталық Комитеттің органы «Арада» қызмет істейтін сақа журналист жақсы білген.
Ал, «Ақтық сөз» «ауалық почта» арқылы жұртқа таратылыпты дегенге келсек, бұл жерде сырттағы ел білмейтін бір жайт бар. Мен сол 1986 жылдың желтоқсан күндері «Лениншіл жас» газетінің секретариатына жаңадан ғана қызметке орналасқам. Редакциялар мен баспахананы жалғастыратын ауалық «пневмопочтаның» қыр-сырына жақсы қанықпын. Хат-хабарды пластмассадан жасалған қол тоқпақтай трубкалаға шиырлап саласың да, желілік жүйе арқылы атып жібересің. Қайдан шыққаны, қайда баратыны «қызыл түймелі» датчик арқылы көрініп тұрады. Онымен жеке жазбаңды жолдауға болады, әрине. Бірақ, өте қауіпті. Өйткені әрқайсысы нөмірленген. Қай редакцияға, қай цехқа тиесілі екендігі сыртында көрсетілген, әрі арнайы журналда тіркелген. Трубка адасып, басқа жаққа түскен жағдайда, сол нөмір бойынша оп-оңай тауып алуға болады.
Сондай-ақ, газет шығатын күнгі кезекшілікте болған адамдардың аты-жөндері түгелдей журналға жазылып, қабырғада ілулі тұрады. Оның барлығын ғимаратты күндіз-түні торуылдап жүрген «үш әріптің» тыңшылары жіті қадағалап отырады. «Сау басыңызға сақина» тілеп алғыңыз келмесе, сақ жүруге тырысасыз. Сол себепті, Мәскеудің тікелей бақылауындағы «халық жауы» Қайрат Рысқұлбековтың өлеңін Орталық Комитет құзырындағы баспаханада «пневмопочта» арқылы жұртқа тарату деген жай сөз. Жау кеткеннен кейінгі бос мақтан. «Осындай жүрек жұтқан жанның мынандай ерлік ісі болған еді» деген әңгімені осы күнге дейін бірде бір әріптесімнен естіген емеспін.
Қайрат болса, аузына біреу сөз салып беретіндей бозөкпе жан емес екенін, жоғарыда талдап көрсеттім. Ату жазасына кесіліп, «өлім камерасында» бірнеше ай бірге отырған Мырзағұл Әбдіқұлов оның қандай қиындықта болса да өмір сүруді, жасымауды үйреткен қайсарлығына тәнті болған куәнің бірі. Ең бастысы Қайрат – жазатынын өз қолымен жазып, айтатынын өз аузымен айтып кеткен – қазақтың нағыз қайсар перзенті!
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
“Еркек тоқты - құрбандық”,
Атам десең, атыңдар!” – деп дауылдатқан дауысын өз құлағымен естіген Дос Көшім (сотта аудармашы болған), ағасы Есентай Рысқұлбеков, тағы басқа куәлар да бүгінде ортамызда жүр.
«Қайрат бұл өлеңін оқығанда, сот залында жыламаған адам қалған жоқ шығар», - деп, еске алады Есентай ағасы.
Сондықтан, жас жүректің қанымен, көз жасымен суғарылған «Ақтық сөз» өлеңін Қайрат Рысқұлбековтен олжалап алу – ешкімнің қолынан келмейтін шаруа.
«Ақтық сөз» – кешегі азаттық аңсаған желтоқсандықтардың ғана емес, бүкіл қазақтың рухын көтерген мәңгілік ұранымыз.
Міне, бұл өлеңнің құдіреті осында!
Қазіргі күні де қазақстандық патриотизмнің нағыз үлгісі ретінде оқулықтарға еніп, мектептерде оқытылуда. Тәуелсіз еліміздің ертеңгі тірегі – жас ұрпақты мемлекетшіл, халықшыл болуға тәрбиелеп, Отанын, туған жерін сүюге шақырған жыр қуаты әлі де сол биігінде.
Түйіндеп айтар болсақ, Қайрат Рысқұлбековтың «Ақтық сөзі» әдеби кем-кетігіне қарамастан, бүкіл түркі жұртына ортақ «Дешті қыпшақ жырлары» жинағынан орын алуға әбден лайықты туынды.
(«Қазақ әдебиеті», 14-20 қазан 2016 ж.).
************
Марат Тоқашбаев, «Президент және халық» газетінің бас редакторы: –Тоқтархан онда республикалық «Ара» журналының қызметкері еді. «Қайрат сотта мынадай өлең оқыпты. Соны толықтырып Қайраттың атынан бір өлең жазсаңыз. Өлең халықтың рухын көтеретіндей болса», – дедік. Тоқаң да патриот адам болатын. Рухтанып 11 шумақтан тұратын, арасында 7-8 буынды жолдары да бар, машинкаға басқанда бір бет болатын өлең жазды. Ол кезде машинканың бірінші данасын елге таратуға болмайтын. Өйткені, машинкалардың барлығы ҰҚК-ның базасында сақталатын. Бірінші данасын жыртып тастадық та, одан кейінгі шрифті көмескіленген даналарын таныстарымыз арқылы жұртқа тараттық. Қайраттың өлеңі болып Тоқтарханның өлеңі елге тарады. Кейін 1991 жылы ғой деймін, Қайраттың шағын кітапшасы шықты. Сонда оның сотта айтқан өз варианты жарияланды. Мәселе мынада – екі өлең бар. Бірі – Қайраттың өз өлеңі, екіншісі – Қайраттың өлеңі деп халықтың рухын көтеру үшін жазған Тоқтархан Шәріпжановтың өлеңі. Қайраттың өз өлеңін Тоқтархандікі деуге болмайды». Әңгімелескен Қарлыға Ибрагимова |
Қайым-Мұнар Табеев
Abai.kz