Умра сапарымыз қақында
...Сол сабаптин алмыс ушта кирдим ярге...
Қ.А.Ясауи
Өз түсінігім
Жас болса алпыс үшке, яғни, атам қазақ «пайғамбар жасы» деп атап тұрып айтатынындай әне-міне келіп те қапты. Ойлануға тура келеді! Балалар өсіп, құдайға шүкір, немерелер жетіліп келеді, солардың көзінше тойларда қисалаңдаңқырап жүрген қалай болар екен осы?! Негізінен жақсыны да, жаманды да көп көрдім, олай болса, адам өзіне-өзі қалған ғұмырда бір шектеу қойғаны да дұрыс болар! Ендігі кезекте жақсыны асыра алсам, жаманды жасыра алсам, адамгершіліктің биік шыңы деген сол емес пе?!
Басында атеистік насихатты қоғамда өмір сүргендіктен, құлаққа құйып жатқан идеологиялық сөздердің әсерінен теологияға күманмен қарайтын жағдайда едім, алайда, адамзат тарихындағы ең бір жойқын, әсіресе қазақ баласының басына алып келген зұлмат қасіретті, яғни, сонау ашаршылықты, қуғын-сүргін, революция мен соғысты көзімен көріп, басынан өткерген ата-әжелердің Аллаға деген сенімінің үзілмегендігі еріксіз басқа ойға жетелейтін еді. Сондай жауыздық сұмдықтардан жоғары, биік тұрған неткен құдіретті сенім, сезім деген ойлар бала болғанымызбен еріксізден көкейге оралатын. Ешкім мені діни фанатизм үлгісінде тәрбиелеген жоқ, оның соңына түспейтінім де анық, соның өзінде нағыз атеист болуға жаңағыдай жағдайлар мойын бұрғызбады деуіме әбден болады. Есейе келе барлық жағдайға «философиялық күман» аталатын ғылыми «қос терістік – терістіктің терістіленуі» заңдылық тұрғысынан қарап, дұрысы агностикалық жол ма деген де ойға қалатынмын, өйткені түбегейлі атеистік ұғым бір ғана бағыт беретінін сезіндім (тіптен қазіргі заманауи ғылыми-техникалық прогресті жетістіктегі, Евроцентризмдік ұстанымдағы батыс елдерінің қазіргі басшылары Библияны ұстап ант береді). Ғылыммен айналысатын болсаң нағыз дұрысы осы түсінік болар деген ойымды біздің қазақи салт-дәстүр бұза берді. Басқа жолға түссем ата-бабаның, әже-апалардың аруақтарының алдында олардың құшқан шексіз асыл сенімдеріне сатқындық жасайтындай сезім-күй кештім (олардың басына барғанда адал рухтарының алдында қалайша тағзым етіп, қалайша зиярат етпекпін...)! Оның үстіне біздің қазақи мұсылмандық мыңдаған жылдардан келе жатқан ата-бабаның нанымдарының шариғат заңдарына қайшы келмейтін тұстарын қалдыра отырып, әдет (Адат) және обал түсінігімен қалыптасты емес пе?! Осы тұрғыдан алғанда қазіргі кейбір қазақтың басқа дінге өтіп жасаған тұрақсыздықтарына жиіркенішпен қарайтындай болдым, ең алдымен кеудеме сенім-имандылық-шахада ұялады. Сосын бес парыздың бірі садақа-пітір-зекеттерін мүлтіксіз орындай бастадым. Ендігі кезекте басқасын да орындап адал жүруді өзіме мақсат еттім, ең бастысы, қажылық сапарға барып қайтуды ниет еттім (балаларымның 60 жасыма тосынсый жасап үлкен қажылық сертификатын сыйлағаны бар, алайда, ол жолы әлі дайын емес екендігімді және Умра болса да өз қаражатыма барғым келетінін айтып, бас тартқан едім)...
Әрине, қажылық қазіргі күнде баяғыдан басқаша, таңсық дүние еместей, шығар шығыны да қолжетімді, алайда, бірталай сөздерді де, барғандардың кей оғаш қылықтарын да «естіген құлақта, көрген көзде жазық жоқ» дегендей байқап та жүрміз. Тәуелсіздік жылдарының алғашқы жылдарында бір топ адамдардың барып, қайтарында «ал қажы болғанымызды жуып жіберелік...» деген «әртістіктерін» де естідік... Ауылға соғып қалғанымда інімнің бір жас жігіттен «иә не көрдіңдер» дегенінде, сөздерін бөлмей-ақ қояйыншы деген оймен арғы бөлмеге өтіп кетсем де әлгінің «не көруші ек, айтқандарын істедік, «Кола» алып ішіп едік, қымбат екен...» дегенінде, құрдастарының «ой біз сені ғұлама қажы болып келді ме десек, әлі қазы екенсің ғой...» деп қарқылдап күлгендерін естідім... Шешейдің мерейтойының алдын бір күн қалғанда құда бала келіп қапты: «...апа мен қажы болдым, енді анандай жерде бізге отыруға болмайды, тойыңызбен құттықтап кетейін деп осылай выход тауып ерте кеп тұрмын...» дегенінде күлкімді әрең басып, «әй мейлі, келмесең келмей-ақ қой, подаркіңді беріп кетуді ұмытпа» деп қитыққан едім...
Кімнің ақшасын санарсың, әркім өзі біледі де, дегенмен, еліміздің Діни басқармасының еліктегіш, дүрмекке ергіш жастарымызға, жалпы болашақ қажыларға сапар алдында тек қана бірер дұғаларды гид-ұстаздардың жаттатып қана қоймай, басқа мағыналы мән-жайды түсіндіріп, маңызын ұғындырып minimum қажылық білім беруді қолға алғандары дұрыс шығар дегім келеді.
Көптеген ата-бабамыз арман етіп кеткен жерге, сонау атақты халифтер, дүниені дүр сілкіндірген Осман сұлтандары өздерін «Қасиетті екі мекеннің қорғаушысы» деп санаған жерге, шынымен әлемдегі 2 млрд-қа жуық мұсылманның көкейкесті арманының бірі - қажылыққа адам барса, өзі үшін барады, өзін-өзі тәрбиелеу үшін барады, өмірге өзін қайта туып келгендей күйде сезіну үшін, жаңару үшін барады дегім келеді. Міне басты мақсатым да сол болды.
Оған қоса өзім жастайымнан сүйіп оқыған әлем тарихы, оның ішінде дүниежүзіне «мың бір түн» ертегі әлеміндей болған орындарды көрудің өзі бір арман емес пе?! Кезінде таңырқап оқыған М. Твен («...маған 17-18 жерде Христостың шарғыға тартылған жерін көрсетті және ондағы христиандық секталардың әрқайсысы өздерін ғана шын санап, басқаларын жеп қоюға дайын тұратыны шошытты, Құдай оңдағанда түрік солдаттары ондайларды қамшымен сабап қайтармаса дәл солай болар еді...» дегені еске түсіп, езу тарттым), И. Бургхард (өз басын өлімге байлап барлық мұсылмандық рәсімдерді өтеген еді...), Л. Рош (Таяу Шығысты тәптіштеп жазғандары есте...), Ж. Нерваль («...Қажылықтан қайтқан ел алып келе жатқан Махмальді бір сүйіп қалу үшін тұра жүгірген шаруа мұсылмандарды шейхтың әскерлерінің сойылдары ғана жасқайтындай» дегені де еске түсті) сияқты ориенталистердің Шығысты Батыс әлеміне таныстырған еңбектеріндегі оқиғалар өткен жерлерді тамашалаудың өзі бір бақыт болар. Өзім қатты пір тұтып, кумир санайтын Шоқанның саяхатщылығының әсері қанша жасқа келгеніммен де бір басылған жоқ (Шоқанға еліктеп әр саяхатымнан жолсапар естелігін жазатыным да бар, атап айтқанда «Шыңжаң күнделігі»; «Бишкектегі күндер»; Стамбол күнделігі»; «Хош көрдік, Узбекистон» т.б. жарық көрген).
Осыдан отыздан астам жыл бұрын «Мұхаммед пайғамбардың жердегі өмірі» атты кітап жазған едім, өкінішке орай Діни басқарма сараптамасынан, Кітап палатасынан өтіп, ISBN алынып басуға дайын тұрған сол кітабым қаражат жетпей шықпай тұр. Олай болса, Ислам тарихымен бірталай деңгейде таныспын деуіме болады.
Сонымен осындай ізгі сапарға өзімді іштей дайынмын деп есептедім. Құрметті оқырман, сапар барысы туралы әлдебір энциклопедия, анықтамаларға жүгінбей-ақ тек өзімнің көргендерімді жазып өтпекпін, кей айтқан жерлеріме шамам келгенше жақшада түсініктер беріп отырармын. Шоқанға еліктегеніммен ондай ғұлама тұлға және ұқыпты жан емеспін, сондықтан ұмытпай тұрып (бұл жолы телефоныма көргенімді видео, сурет жасап тізіп алдым), баяндап өтпекшімін, бағалау өздеріңізде...
Пендең сорлы – танымаған оң мен солды,
Уа, дариға, қасіреттен қаңғып барам
Х.А.Ясауи.
Қағбадағы қажылық рәсімдерін өтеу
Ақыры сапарға шығатын болғандықтан, қыркүйек айынан бастап дайындала бастадым. Интернет желілердегі жарнамалардан көз сүрінеді, соның бәрін қойып бұрыннан өзіме таныс, жасы кіші болғанмен қатты сыйласатын Талдықорғандық ұстаз Қанат Маратұлына ойымды айтып едім, шын көңілімен мақұлдайтынын білдірді. Алдын-ала бірден айтайын, өз білімімен, ізеттілік-адалдығымен менің де, бірге барғандардың да әбден көңілімізден шықты. Бірнеше рет алғысымызды білдірдік, көпшіліктің тапсыруымен мен, және Қуаныш С. (облыстық деңгейдегі басшы) арнайы сөз сөйледік.
Жоспарым бойынша жүректің, қан қысымының аздаған кінараттары бар болғандықтан және 63-ке осы қаңтарда толатын себепті салқындау және Жаңа Жыл қарсаңында адам аздау болар деген оймен желтоқсан айына белгілегем, бірақ, керісінше адам өте көп болды. Ауа-райы тамаша салқындау (Мекке мен Жиддада 23-25, ал Мединеде кәдімгідей төмендеу) тұрып, ойымнан шықты.
Негізінен Қанат М... Sultan Travel Turkistan компаниясымен келісімде екен, бірден айтайын бұл компания бір-екі аса дабыраламайтындай түйткіл болмаса өз уәделерін толықтай орындады. Атаған барып-келу, ондағы қонақүй, тамақ, автобус және сыйлық киімдерін түгелдей алдық.
Басында желтоқсанның 13, сосын 20 деп, ақыры 30-на тоқталдық, бұған ыңғайсызданған Қанатымның «аға, сенімді ұстазға тапсырайын, бара бересіз бе, күннен күнге баға да өсіп жатыр» дегеніне көнбедім. Кетерде біраз қызықтау жағдай орын алды, балаларыма бір Құдайы тамақ берелік дегеніме, «байқағанымыз елдер келген соң беріп жатады» десті. Оған жоқ керісінше бұрынғы қазақ қажылыққа шынымен “өлімге кетердей” дайындалған, бірақ бұл қорқыныштан емес — тағдырды толық қабылдаудан туған. Ол кезде жол ұзақ қауіпті, ауру, соғыс, қарақшылар, түрлі апаттар орын алған, сондықтан оралам ба, жоқ па деп, елмен кәдімгідей қоштасқан. Қажылықты өмірдің мәніндей қабылдап, дүниесін мұралап, ақтық сияқты өсиетін айтып кететін, барлық жамандықтан тиылуға уәделесетін. Ақыреттік болса одан қорықпауды ойлайтын, мәңгілікке беттегендей кейіпке түсетін. Қазіргілер ғой самолетпен зу етіп барып, бұрынғылар үшін қажылықтың соншалықты маңызды болғанын түсіне алмауы деп біраз тиісті ақылдарымды айтып та өттім. Менде қайбір асқан дүние бар дейсің, сонда болсын оны да айтып, атап өттім. Байқаймын үй-ішім кәдімгідей үрпиісіп қалды. Жолға қажетті заттарымды реттедік, білмегендіктен бірталай артық киімдер де алып шығыппын... бопты...
Ұлым А...пен келінім М... шығарып салған соң, бар тексеруден өтіп, жүкті тапсырып, аэропорттың күту залына жеткенімізде Қанат ұстазымыз компанияның тағы бір топқа жетекшілік етуді сұрағанын айтты, дені өзіміздің Жаркенттіктер, Асқар ұстаз бастаған ұйғыр ағайындарымыздан екен, жерлестерімізбен бірге баратын болдық десіп қуанып қалдық. Осында ерлер «Ихрам» киінетін болдық (әйелдер өз киімдерінде қала береді). Бұрынғы қазақи ұғымда ихрамның мәні кебінмен салыстыратындай, яғни, бай ма, кедей ме, басқа ма бәрі де бірдей теңестірілген айырмашылықсыз дүнитанымдық болатын (шынымен анадан туғандай қалпыңда төмен жағыңа оранған бір және үстіңе жамылған екінші ғана тақта ақ мата талай ойға жетелейтіндей). Қазіргі ұстаздар жас балалар шошынбасын деген оймен олай айтпайтын сияқты...
Шаршағандікі болар, ұшақта тамағын, сусындарын ішіп алғаннан кейін екі-үш рет мызғып кәдімгідей ұйықтап та алдым.
Сауд Арабиясының жеріне кірген сәттен-ақ аспаннан қарағанда бұл өңірдің шөл аймағы екенін бірден аңғарасың. Жер бедері жалаңаш, түсі қоңырқайлау (сол ұшқан 6-7 сағаттың тең жарымы өз еліңде өткен болса, гүл жайнаған кең далаң, құлпырған бау мен тауларың болса, Қазақстанымыздың соншалықты табиғаты керемет, жеріміздің соншалықты бай екенін бағамдай беріңіз). Ұшақ Жидда қаласына таяп келеді, арғы жағында Қызыл теңіз бергі жағында Хижаз тау сілемдері шөл мен теңіздің ортасындағы Меккеге апарар қақпа сияқты созылып жатыр.
Аэропортта барлық тексерулерден өткен соң (қызмет жылдам, түгел автоматтандырылған екенін айта кетуге болады), сол жерде біраз долларымызды ауыстырып (1S 3.72 риалға тең, ұстаздың айтуынша осы курс 30 жыл бойы өзгермепті), телефоныма сол жердің чипін салғызып алдым. Интернет барлық жерде қалыпты, жақсы ұстайды және қай жерде болмасын суретке, видеоға түсіре бересің (бұнысы жақсы екен, біздегідей кей музей т.б. жерлерде түсіруге болмайды деседі ғой, оған қарағанда осылар қосымша жарнама екенін түсінген-ау), тек қана осы Жиддадағы Хауа ана қабірінде қызметші түсірмеуді сұрады.
Автобуспен бір жарым сағаттай жүрген соң (80-90 км), Меккеге де келіп жетіп, заттарымызды қонақүйдің кіреберісіне үйіп тастап (бұнда ұрлық деген атымен жоқ екені бірден сезіледі), Әл-Харамға автобуспен бет алдық. Адасу мүмкін еместей, өйткені Меккенің кез келген жерінен Қағбаның алып сағаты (Мәккат әл-Мукаррама) бар кешеннің биіктігі 601 метр мұнарасы (Абраж әл-Байт) көрініп тұрады (1-2-3 қабаттарда сауда-тамақ ішетін т.б. адам жанына не керектің бәрі табылатын орындар, жоғарырақ қонақүйлер, т.б. мекемелер орналасқан. Ең үстіне ақылы түрде шығып көруге болады екен, қаржымды үнемдеп көтерілмедім. Осыннан ұйғыр асханасын көріп, басымды шайқадым...). Салмағы 30 тоннадан астам сағатқа қарап уақытты білесің және өзіңді тыныштық пен сабырға шақырасың, ғажайып кешен осындай композицияны насихаттап тұрғандай...
Бірде екінші қабатта келе жатып орысша сөз естіп қарап қалғанымда, жас жігіт амандасып, «қазақсыз ба?» деді, өзі шешен екен, атасы Қазақстанда тұрып, әкесі сонда туғанын айтып жатыр. Осында аптека ұстайды екен, «Аға, өзіңізге не қажет, ұялмай айтыңыз, атам, әкем айтып отырушы еді, қазақ көрсең көмектесіп жүр...қандай көмек көрсетейін?..» дегеніне қатты ішім жылып қалды...
Ұлы Шоқанның Құлжада «мұнда адам дегенің құмырсқаның илеуіндей» деп жазғаны бар еді, еее жарықтық, мындағыны көрсе не дер еді десеңші, кімдер жоқ десеңші мұнда! Әлемнің әр түкпірінен келген ақ-қара-сарысы аралас түрлі-түсті адамдардың түріне қарап-ақ басың айналғандай, бейне жүріп бара жатқан кісілер емес, ағыны баяу аппақ толқынды кең дария суындай десем еш артық болмайды!
Мұнара жақтан кіргеннен бастап Қағбаға жақындағаннан адам ілегі ағысы көбейе түсті, автобусқа мінетін жақты ұмытпау үшін (адасып кетсең де телефондағы навигатор, карта дегендер сайрап істеп тұр) өзімізге белгі-ориентирге №3 деген дәретхананы белгіледік (бұл жерде дәретхана дегендер біздің көретініміздей емес ішіне кірсең эскалаторлары зырлап тұрған жүздеген адамдар бір уақытта дәрет алатын, жуынатын үлкен кешен. Өз басым кейінірек келгенде № 6 және 7 дегендерді, Қағбаға апарар негізгі жолдардың бірі — Ибраһим әл-Халил көшесімен қонақүйге жаяу баратын жол ретінде белгілеген едім. Бұл атаудың өзі қажыны Ибраһим пайғамбардың ізіне түсіріп тұрғандай сезіну үшін қойылса керек).
...Қағбаға жақындағанда қанша тырысқаныммен қасымдағылардан бөлініп қалдым (кейбір топтар өз көшбасшылары арқылы жалау ұстап, немесе бірдей киініп дегендей белгі беріп жүреді), Құдай оңдағанда Асқар және төрт жас жігіттер (мұнда барлық ел ізеттілік сақтайды, ал ұйғыр жастарының үлкенге деген мейірімділік құрметтері ерекше, қашан болсын «ағалап» тұрғандары. Негізінен біздің Жаркенттіктер бұрыннан былай да түсінгенімізбен қазақша жақсы сөйлейді, ал мына балалардың тіптен акценттері білінбестей, олай болса нағыз патриотизм деген жалған ұрандардан емес, осылай басталуы керек дер едім. Алматылық отбасымен барған кәсіпкер ұйғыр жігіт өздерімен бірге бірталай қазы алып барған екен, барша жұртты сыйлады) мені көріп қалып өздерімен бірге тастамай жетелегендей алып жүрді, біреуінің (атын да ұмытып отырым) иығына асқан дорба-сөмкесінің бауынан айрылмастай ұстап алдым. Енді адаспай жүру жеңілірек болды.
Қағбаны айналу қасиетті Қара тас – Хажар әл-Асуад тұрған бұрыштан басталаып үнемі сол жағыңда қалып отырады. Бір айналымға адамның көптігінен 30-40 минуттай уақыт кететінін байқап қалдым, тас тұрған бұрыш жаққа келгенде қаттырақ қысылысасың да, қарсы жақта кәдімгідей бостау жүруге болады. Айналаңа көз салсаң, барлық нәрсе тоқтап қалып өз жүрегіңнің дүрсілін ғана сезінгендей әсерде боласың, кейбір топтар қосылып «Биссимилахи Аллаху Акбар» десіп кәдімгідей дауыстап тәкбір айтып бара жатады, кейбіреулер баяулатыңқырап айтады...
Қасиетті Тас туралы мынандай әңгіме бар: «Ислам орнамай тұрып Меккеліктер Қағбаны жөндеп, енді тасты орнатуға келгенде әр ру бұл абыройлы жұмысты өздері атқарғысы келіп таласып, қырылысып қала жаздап, ақыры, Қағбаға қазір кім бірінші келсе сол шешімін айтсын деп уәждасыпты. Құдайдың құдіретімен Мұхаммед (с.ғ.а.) келіпті және жағдайды тыңдаған соң, олай болса, босқа таласпаңыздар, бір жайнама жайып, тасты көтергенде барлық рулардан бір адам ұстасын дегенін баршасы мақұл көрген екен! Бұл оқиғаны былай суреттегенім бар:
Осылай адамгершіл жолыменен,
Алып келді Қағбаға оңыменен.
Киелі Хажар-Асуадты* орынына,
Мұхаммед өзі орнатты қолыменен...үшінші рет айналғанымызда осы шумақ ауызыма орала беріп, өз-өзімнен солқылдап тоқтамай жылағаным. Бірге жүрген балалар таңырқай қарап қойды, кім білсін неге екенін, бұрын бұндай сентименталды емес едім, сірә, кәрілік те жетіп қалған-ау...
Қағбаны жеті рет айналып шыққаннан кейін орын тауып біраз демалып, дұғаларымызды жасап, «Сағи» рәсімін жасауды бастадық, бұл дегеніміз Сафа төбесінен басталып Маруа төбесінде аяқталатын, екеуінің арасында жеті рет жүріп өту (шамамен жарты шақырымдай, орта жолда прожекторлық жасыл түсті алаң бар, сол жерде ерлер жүрістерін жылдамдатып, жүгіріңкіреп өтеді). Бұрын ашық жер болған, қазіргі күнде түгелдей жабық, әсем мәрмар төселген галерея, коридордың әр жеріндегі шүмектерден «Зәм зәм» суларын ішуге болады. Шаршасаң қабырғаға тақалып отыра қалсаң, ешкім де қарап жатқан жоқ. Бұл өзі бастапқы және қазіргі мағынасы жаңа туған, қансырап жатқан баласын аман сақтау үшін сасқалақтап ары-бері жүгірген, балам аман қалса екен деген ана тілегі, үзілмеген үмітін сезіне білу және Ажар (Агари, Хажар - Ибрахим пайғамбардың әйелі) ананың жүрген жолын қайталағанда, ананың балаға (Исмаил пайғамбар) деген шексіз махаббатын көз алдыңа елестетіп, құдіретпен су атқылап шыққандағы теңдессіз етілген тәубаны жүрекпен ұғына білуге арналған рәсім.
Бұны да орындап шыққан соң, еш қиындықсыз 5-10 риал төлеп шашты алғызасың (тықырлап қырғызуға да, немесе бір қабатын тұгелдей қиып шықса да болады) сосын білген дұғаңды оқып, тәуба дейсің. Ұстаздарымыздың айтуынша Умра қажылықтың рәсімдері аяқталып та болды...Қабыл болсын!
Бұл рәсімдердің барлығы да Ислам қабылданғаннан әлдеқайда бұрын, сонау Ибрахим пайғамбардың тұсынан қалыптасқан дүниелер екендігін айта кетуіміз керек. Мұхаммед (с.ғ.у.) пайғамбардың өзі оқытқандай, үйреткендей түсінсек ежелгі таза дінді кейінгі адамдар надандықпен керітартқанын, сондықтан таза, бұзылмаған қалпында қайтадан алып келіп адамзатты оң жолға салу қажеттігін басты мақсат еткендігі айқын екендігін ешқашан естен шығармауға міндеттіміз...
Кімдер үшін келді Расул – білдіңіз бе
Қ.А.Яссауи
Меккедегі күндер
Орналасқан 15 қабатты қонақүйімізді өзбек ағайындар жалға алып жұмыс істеп жатқанына қуана да, қызғана да қарадым, қайда десеңші біздің қазақ балалары?! Өз басым сонда болған күндері бір ғана орыннан «Kazakca, Orysca soileimiz» дегенді көрдім. Өзбек ағайындар қызметтерін Орта Азиялық қажыларға арналған бағытта жүргізеді, сол қонақүйден өзбек, қырғыз, қазақтарды кездестірдік, біздің асқазанға үйреншіктілеу тағамдарға жақындаттырылған астармен тамақтандық (қосымша швед дастарханында десерттен түрлі жемістер, қарбыз, банан т.б. үзілмеді)...
Ертеңіне ұстаздарымыз, менің ойымша қазақ ұғымына тіптен жақын Бадал қажылық жасауға болатынын айтты, бұның мағынасы бір адамның орнына басқа біреу барып қажылық ету. Мысалы, қайтыс болған адам, немесе ауру, кәрілік себептерінен келе алмаса, соның орнына алдында қажылық жасап қойған адам сондай адамның атынан ниет етеді, сауабы бағышталған адамға тиеді. Біздің дүниетанымға жақын дегенім, біздер ежелден аруақ сыйлаған халықпыз ғой, олай болса кез келген қазақ баласы ата-бабасының, әже-апаларының аманаттарын орындауды алдыңғы кезекке қояры сөзсіз.
Қасымдағы бөлмелес Береке мен Мұқтар және бірталай балалар соған ниет етті, ол үшін алдымен Айша (пайғамбарымыздың жары, хазрет Абу-Бакирдің қызы, қазақ Айша анамыз деп құрметтейді) мешітіне барып (сол маңға жақындау Хафса анамыздың, пайғамбарымыздың жары, хазрет Омардың қызы мешітін де көрдік) құран оқып, дұға жасап, қайтадан «Ихрамдағы» қалпыңда Әл-Харамда алдыңғы айтқан рәсімдерді түгел жасайды. Солармен бірге таксимен (егер бағасын алдын-ала келісіп алсаңыз бағасы өте арзан деуге болады, алайда коммерциялық, немесе бизнес классты таксилер әжептеуір қымбат, сондықтен мінерде байқау керек) мешітке мен де бірге бардым, алайда, марқұмдар өз атам, апам, әкемдерден ондай аманатты, немесе армандап отырғандарын естімегендіктен олардың атынан аманат қажылық жасамадым. Мешітте болып, қасымдағылармен бірге Қағбаға барып бала-шаға, туған-туыстардың амандығын тілеп дұға етіп қайттым.
Ұстаздарымыз әулие жерлерге, тарихи-мәдени орындарға экскурциялық мінәжаттар ұйымдастыратындарын айтқанда өзімнің екінші арманым - саяхатшылығым да орындалатынына қатты қуандым.
Жидда–Мекке тасжолындағы «Makkah Gate» деп аталатын сәулеттік арка қалаға кірердегі ресми белгі, туристік-символдық нысан ретінде көрініп, Меккенің қасиетті аймағына (Харамға) кірер шекараны көрсетіп тұрғандай қабылданып, әр адамға белгі беретіндей. Қажылар арнайы тоқтап, естелікке суретке түсіп жатады.
Меккеден солтүстік-шығысқа бағыт алып 4-5 км жердегі, Нұр тауының етегіне тоқтадық және таудың басына жақын Хира үңгірін тамашалап, тәуап еттік. Бұл үңгірдің ерекшелігі де сол, пайғамбарымызға (с.ғ.у.) бірінші уахи ретінде Құранның алғашқы аяттары түскен. Ұстаздың айтуынша үңгірде ешбір сән-салианат жоқ, 2-3 адам әрең сиятын қарапайым ғана орын. Өз басым үңіліп көп қарадым, әлем тарихын, мәдениетін, саяси бағдарын т.б. адамзаттың философиялық тұжырымын өзгерткен саналы идея және басқа діндерге қарағанда аз ғана уақыттың ішінде әлемдік діннің біріне айналып дүниенің төрт бөлігіндегі сан адамдардың арман-мақсатына айналған оқудың осы қарапайым жерден басталғанын сезінгендей болдым. Бірталай жастарымыз үңгірге кіріп көрмекке бет алып (жаяу көтерілетін жол бар), осында қалды. Қалғанымыз алабұртқан сезіммен Меккеге қайттық.
Мұсылмандар қатты қадір тұтатын үңгірдің бірі Сәуір тауындағы, яғни пайғамбарымыз (с.ғ.у) бен Хазірет Абубакирдің Меккеден Мединаға қашып шығып, артынан Меккелік қуғыншылар жақындап қалғандағы үш күн бойы тығылған үңгірі. Бұл туралы түрлі видео, роликтер толып жатыр, барша жұрт таныс деп ойлаймын, қасиетті Құран Кәримде айтылғандай «қажет болса өміріңді ең әлсіз дүниелермен (құс жұмыртқасы, өрмекші торы) де қорғай аламын» дегенді ойға алып, толқыныс үстінде боласың.
Ислам тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі Худайбие келісімін есте қалдыру мақсатында салынған Меккенің батыс жағындағы 20 шақты км жердегі Жидда бағытындағы Masjid al-Hudaybiyyah мешітін де көрдік. Ол оқиғаны сәл таратып айтсақ, Хижраның 6 жылы пайғамбарымыз бастаған бірталай мұсылмандар Меккеге зиярат етуге келгенінде, ондағы мүшріктер қалаға кіргізбей қойған еді. Мұсылмандар сол жерден Мединаға қайтуға мәжбүр болды, алайда, бұл жерде пайғамбарымыз бен Меккеліктер арасында Хазрет Әли жазған белгілі келісім-шарт жасалған болатын. Кейбіреулер бұл теңсіз, әділетсіз мүшіріктерге бұрған келісім дегенімен пайғамбардың айтуынша керісінше мұсылмандар жеңісі аталғанды. Кейінгі тарихи оқиғалар осы сөздің дұрыстығын дәлелдеп берген, сондықтан, осы жер қажыларға қара күшке қарағанда білімнің, даналықтың әрқашан артық екенін есте ұстаудың белгісіндей.
Әрине ислами, тарихи орындардың кереметі үлкен қажылықта негізгі, өзекті рәсімдер өтетін Арафат, Мұздалифа, Мина орындары. Қанат ұстаздың айтуынша қажылардың нағыз сыналар шағы, төзімділікке, тәубаға келер тұс, яғни, далада қону, Арафатта тұру, жуынбастан қиындықты сезініп, шексіз сеніммен дұға ету. Арафат пен Мина арасындағы Мұздалифа алқабында шайтанға лақтыратын, басқаны жарақаттап алмас үшін, саны 49 ұсақ тастар жинау. Сөзсіз сабырға келу, өз бойыңдағы тыныштықты сезіну...сияқты рәсімдер атқарылады. Минада құрбан шалу, шайтанға (Үлкен, Орта, Кіші, әрқайсысына 7 тастан) тас лақтыру сияқтылар атқарылады.
Толассыз келіп-кетіп жатқан автобустардан түскен адам легіне ілескен біздер де бұл орындарды көріп шығып ұмытылмас сабақтар алдық. Жаңағы айтқандарыма қоса Мина алқабындағы Ибрахимнің ұлы Исмаилді құрбандыққа шалуға ниет еткен тақат орнын (Аллаға толық мойынұсынғандары үшін ризалыққа қошқармен алмастырылған) көргенде бойыңды түрлі сезімдер торлап алады. Бұлардың бәрін көргендегі әсерлерді ешқашан ұмыта алмассың.
Дінсіздердің көбінесе түрлі кекесін айтатындары да осы жерлерге байланысты: таспен ұра берсе ол шайтандар әлдеқашан жоқ болмай ма; ол шайтанды кім көріпті; соншама татарды ала бергеннен, сала бергеннен неліктен бітпейтін, толмайтын жер өзі т.с.с. дегендер. Мақұл, ешқандай мистицизмге, фанатизмге берілмей жәй ғана адами, пәлсапалық тұрғыдан қарап көрелік. Бірден айталық, бұл рәсімдер дәстүрі мұсылмандықтан әлдеқайда бұрын орындалған. Олай болса мәселені материалды емес, образды тұрғыдан қарасақ, Ислам улемдерінің (ғалымдарының) айтуынша Ибрахим (с.ғ.у.) өзінің Аллаға деген шексіз сенімі арқылы бар нәрсеге дайын екенін, баласын емес өзінің менмендігін құрбан етті емес пе! Ал баласы мен әйелінің де азғыруға көнбегені бар болмыстарымен Құдірет үкімін сөзсіз мойындап, берілгендік белгісі емес пе?! Әрине, шайтанды ешкім көрген жоқ, ол адам бойындағы үрей, нәпсіні тия алмау, жамандықтан қаша алмау белгісі, олай болса әр қажы көзге көрінетін тас алып өзінің сол жамандықтан бездім, қазақша айтқанда бар пәлекет осымен кетсін деген белгіні білдіруі дер едім. Ал енді шынымен соншама адам тасты теріп алса және оны бір орынға лақтырса, сөзсіз толып кететіні рас, баяғы заманда адамдар шын ниетімен істеген істердің әлі күнге жалғасуына қазіргі кезде техникалық шешім табылмайды дейсің бе? Бастысы ниетің, нәпсіңді тый, жамандықпен күресе біл, өз ішіңдегі азғыратын ойлардан дер кезінде арыла біл деген ұғымды қалыптастыру болса керек...
Соншама адам нөпірі қонатын шатырлар дайындаудың өзі, бір ғаламат жұмыс ау! Біз барғанда қайда қарасаң бітпейтіндей шатырлардың темір каркастары көрініп тұрды. Еріксізден бас шайқайсың! Айтпақшы, Сауд мемлекеті шатырлар орнына қажыларға қолайлы қонақүйлер салмақшы да болыпты, соның алтауы басталып салынған да екен, алайда дін қызметкерлері ақылдаса келе «қажылардың бұрынғыны бастарымен сезіне түскені дұрыс» деп, оған рұқсат бермесе керек...
Тау жақтағы алқаптарда ұзынынан созылған тастан қаланған қорған тәрізді құрылыс нысаны жолмен қатарласып көрініп отырды, ұстаздан сұрағанымызда мынандай қызықты әңгімені айтты: «Бірде Мың бір түннің басты кейіпкерінің бірі Халифа Харон Ар-Рашидтің әйелі қатарынан өзінің көптеген еркектермен болғаны туралы бір түсті көре беріпті де, оған намыстанып «өзім көрдім деп айтарсың» деген тапсырмамен қызметші әйелді ғұламаға жіберіпті. Ғұлама тыңдаған соң, оған сенбейтінін білдіріп, нақты түс иесі кім екенін айтқызады. Патшайыммен кездесіп «...түсің керемет, бұйыртса бүткіл елге пайдаң тиетін іс атқарылады» деп шығарып салыпты. Сонымен, әлі күнге елге пайдасы тиіп (мүмкін не істеу керектігін әлгі адам сыбырлаған да болар) қаланы сумен қамтамасыз етіп, қонған қажыларды аяқ-асты шөлде де болып қалуы мүмкін су тасқынынан қорғайтын сол тастан қаланған үлкен арық-канал-акведуктар әлі күнге жұмыс істеп тұр. Заманындағы алып құрылыстың салынуына бір тоннадай алтынға шаққандағы қаражат жұмсалыпты...»...
...Қанат ұстаздың айтуынша бұл елде бұрынғы көне дүниелерге аса мән бермейді, сүріп тастап жаңадан сала береді екен, олары дұрыс емес-ау, бәсе, арабтарға тиесілі талай құнды жәдігерлерді Стамбулдан көргенім сол екен ғой деп ойладым. Әйткенмен, бұрынғының көзіндей, ескі мәдениетті көз алдыңа елестетіндей Al-Amoudi Museumде болудың да сәті түсті. Мұражай аспан астында ашық орналасқан бірнеше бөліктерден тұратын кешенді дүние. Тұрмыстық заттар, қолжазбалар, фотосуреттер, адамдар пайдаланған заттар рет-ретімен қойылған. Исламға қатысты дүниелерден көшірме ретінде салынған аядай ескі мешітте (сол заманның үлгісі тұгел сақталған, төбесі бөрене-сырық ағаштар тасталып, шыбықтармен жабылып балшықпен сыланған, қабырғасы да кесек балшықтан қаланып, сыланған қарапайым ғана үй) қажылар қолданған дүниелер қойылыпты және басты залға кіре берерде Қағбаға кірер есік (сірә көшірме болар, әйткенмен сонау орта ғасырлардың куәсіндай осы мыс қаңылтырмен қапталып, әдемі өрнектелген еңкейіп қана кіретіндей осы шағын есікті бір сыйпап өткің келеді) және қасиетті Қара тастың макеті көз тартады. Жалғасып кете беретін ескіні еске түсіретін бөлмелерде, лапастарда бұрынғының адамдары қолданған қол диірмен, ұршық, алашалар, егіншілік құралдары, түрлі фарфор-ағаш ыдыстар, жез құмғандар т.б. қойылған. Бұндағы кездесетін түрлі аң-құс, жан-жануарлардың тұлыптары да бар (бізге таңсық онагр мен қарақалды көбірек тамашаладым). Ерекше көз тартатын бөлім сонау ескі дәуірлерден жеткен найза-пышақ-қанжар-семсер-айбалта-қылыштардан басталып, 18-19 ғасырдағы мылтықтар (аңғарғандарым пілте, шиті, пищаль, Маузер, винтовкалар, штуцер т.б.) қойылған қару-жарақ бөлімі. Ертегілерде айтылатын бас жағы қос тілді, жүзінде жазулары бар алдаспанды көп тамашаладым. Музей қызметкерлері өте әдепті, суретке түсіруге, кей заттарды ұстап көруге рұқсат береді. Бұлардан үйренеріміз келген адам тек қана сөре-витриналардан көріп қана қоймай, сол заманның жәдігерлерімен жақын танысып, рұқсат етілген кейбірін қолмен ұстап етене жақын-контактіге бару мүмкіндігі екен...
Қажылық сапарының алғашқы қақпаларының бір аталатын Қызыл Теңіз жағалауындағы порт-қала Жиддаға жақындаған сайын шықыр-шықыр қара тасты шөл ландшафы өзгеріп ауа жұмсарып, теңіз лебін сезіне бастайсың. Ойдым-ойдым оазистер көрінеді. Бұнда да қарқынды құрылыстар атқарылуда, өзіміз қонған аэропорттан үздіксіз әуе лайнерлері ұшып шығып-қонып жатыр. Бұрындары (қазір де) қажылыққа теңізбен келгендерді қарсы алатын аймақ болса, қазіргі күнде әуемен келгендерді де қарсы алатын алтын қақпа деуге болады. Бұндағы Халифа Омар заманындағы ерекше орын, яғни, заңнан қашатын емес, заңның орнайтын жері – тәртіп пен әділеттің үстемдік құратын жері делінген, қылмысқа үкім ашық, ел алдында айтылған делінетін үлкен мешітті, алдындағы кең алаңды тамашаладық.
Жидда қаласының тағы бір ерекшелігі, ол сөздің өзі «Жадда-әже, ана» сөзінен шыққан, яғни, Хауа (Ева) ана адамзаттың әжесі осында жерленген деп есептелінеді. Аумағы үлкен, түгелдей мәрмар биік дуалмен қоршалған қабірстанға (алайда, біздегідей зәулім, салтанатты молалар емес, тек жақсы күтімдегі топырақ төмпешіктері) кірдік. Күтушісі түсіндіріп тұрды, тіл білетіндердің сөзінше Хауа ананың жатқан жерін нақты көрсетуге болмайды екен, қалай болғанда да ел сеніміне айналған орынға тағзым еттік.
Қызыл Теңізде шағын кемемен саяхат та құрып, бірталай жерін араладық, бір кемеде Шымкенттік қазақтармен кездескенімізді айтсаңшы. Пирс жағалауында суға үңіліп қарасаң түрлі аса ірі емес балықтарды, тірі шаяндарды тамашалайсың. Теңізге келіп тұрып, суға түспегеніміз болмас деп, ебін тауып (шешінетін жердің ыңғайы келмегенде ұлдар орамалдарымен бір-бірін қалқалап тұрып-ақ ретін келтірді, біздің қазаққа ештеме кедергі бола алмайтын шығар!) шомылып та алдық.
Жағалауда жейтін бургерлерімізді күтіп отырғанбыз, мен жайғасқан көк алаңша скверге бір топ бала келіп, доп тебе бастады, маған қаратып пас беріп қояды. Біздің Жаркенттік жас жігіт кәдімгідей ойнайды екен, біраз финттер көрсетіп еді, баланың аты бала емес пе, қасымызға үйіріле қалып әрнәрсені сұрап жатыр, көбі Египеттен келгендер, жаңағы жігітімізбен кейбірі ағылшынша жақсы сөйлесті. Маған да келіп бірдемелерді айтады, біріне Салах, біріне Зидан, енді бір бұйрабасына Марадона деп бастарынан сипап мәз қылып қойдым.
Қала мықты даму үстінде қайда қарасаң, қарқынды құрылыстар, тіптен дүние жүзіндегі ең биік, 1000 метрге жететін мұнара тәрізді жай осында салынып басталыпты. Бұрын білмейтін өсімдіктерді, ағаштарды, гүлдерді көрдік. Қала жақсы әсер қалдырды, таза, көптеген жеріне мәрмар текшелер төселген, болашақта туризмге мықты дайындалып жатқаны көрініп тұр. Іштей «эхх... біздің ел де қаржыны орнымен жұмсап осылай жасаса ғой» дейсің, қаншама тарихи орындар, табиғат кереметтері өзімізде де жеткілікті емес пе дейсің, Ұлытаудағы Жошы Хан («Жошы Ханға ие болайық» деген мақалам бар-ды), Жетісудағы Сақ қорғандарының өзі-ақ бір елге туризмдік жарнамаға жеткілікті-ау деп армандайсың...
Ұстаздарымыз 2-қаңтарда «Жұма намазды Қағбада оқығыларыңыз келсе ертерек шықпасаңыздар орын таппай қаласыздар» деді. Қанша ертерек шықтық дегенімізбен, жұрттың көптігінен жеткенше бірталай уақыт өтті. Қасымдағы екі-үш ұлдар Бадал қажылықтарын өтемекші болып, ішке ұмтылды, мен жайлап эскалатормен екінші қабатқа көтеріліп, аралап келе жатып, бір оқиғаның арқасында (кейінірек айтамын) дәл алдыңғы қатардан орын таптым. Қасымдағы қатарда бір топ жергілікті болулары керек, жастары үлкен, өздерімен бірге алған орындықтары бар ақсақалдар және малайзиялық, жапондық мұсылмандармен иық тірескендей болып отырдым. Бірталай уақыттан кейін әйгілі Меккеде ғана естілетін әуезді, салтанатты үнмен Азан шақырылып, намаз басталды. Қонақүйге баршамыз кештете оралдық. Ертеңіне автобустағы микрофонмен Қанат ұстаз кешегі туған күніммен құттықтады. Отырған елу шақты адам барлығы құттықтасып жатты, ырымшыл халықпыз ғой, ұйғыры бар, қазағы бар баршасы «...не деген бақытты адамсыз 63 пайғамбар жасыңызды Әл-Харамда, Жұма күні қарсы алдыңыз...» деген ниеттерін білдіріп жатты! Әумин, көөөп рахмет...
...Осындай абыр-сабырға толы Меккедегі күндер де аяқталып, ертеңіне ертемен Мединаға (негізі түрлі поездар да бар екен) автобуспен жүретін болдық, оған өз басым қуандым, асықпай терезеден сыртты қарап, табиғатты тамашалап барғанға не жетсін!
...Бұдан кейін мұнда жол түсе ме, түспей ме кім білсін, түске таман Әл-Харамға асықпай жаяулатып тарттым, картадан көрініп тұр, бар болғаны екі шақырымдай жер. Ағылған адам нөпірінің арасында, жан-жағыма қарап, Ибрахим халил көшесімен тамашалай жүре келіп, жеткен соң Қағбаны қоршаған үлкен кешеннің екінші қабатына эскалатормен көтеріліп, сәнді колонналары бар залдарды (барлығы да мешіт саналады, едендерге қымбат кілемдер төселген) асықпай аралай бастадым. Қайда қарасаң құлшылық етіп, кейі отырып демалып, кейі мен сияқты аралап жүрген адамдар, кейбір топтар қосыла дауыстап тәкбір айтып бара жатады. Барлық жерде жылжымалы пластиктен жасалған бір-біріне жалғастырылатын қоршаулар (қажет болғанда ары-бері жылжытуға болады), оны қарап тұрған формалы қызметшілер.
Қағба көрініп тұратындай қоршау ішімен мүмкіндігі шектеулі жандарды қол арбаларымен жақындары айналдырып жүр, оның сыртында жаяулатып жүргендер көп. Мен де асықпай бір айналып шықтым, әр жерде шүмектерден бір жолғы қолданылатын ыдыстар қойылған Зәмзам сулары ағып тұр. Үшінші қабатқа қарасаң жағдайлары ауырлау жандарды электрокарлармен тасымалдай айналдыру жолдары көрінеді. Азан айтылып, намаз уақыты басталып, елмен бірге білген дұғаларымды жасап, жақындарымның амандығын тіледім.
Қалай шығарымды ұмытыңқырап арнайы киім киген тазалықшы (бұндай жұмысшылар өте көп, елдің арасымен қалай зулап жүретінін кім білсін, әйтеуір түскен қоқысты қағып алып жинап жүргендері) балаға (Пәкстандық болар) 5 риал беріп «Экзит...» деп едім, байқұс жаны қалмай мені жетелеп отырып (әйтеуір әрең ілестім) эскалаторға апарып тастады.
Бұл қасиетті мекендерде адамның мінез-құлықтары түгел өзгерген, тек қана жақсылық тілеп тұрғандай. Өздерімен бірге (біздерден де) сәл-пәл кеміс жерлері бар бала-шағаларын, туған-туыстарын да бірге ала барып солардың жазылып кетуіне дұға етіп жүргендер де өте көп. Ешкім ондайларды мүсіркеп емес, шынайы көмек қолын созғысы келіп қарайды, ниеттері қабыл болсыншы!
Бұнда күндізге қарағанда кешке-түнге қарай қызу өмір басталады, көше бойы жайма базар, жарқыраған таза алтын бұйымдардан бастап, таусылмайтын кәкір-шүкірдің бәрі бар. Үй-ішке шамам келгенше сыйлық-сауқаттарымды алып қонақүйге оралдым.
Осы соңғы күні сапарластарыма арнап бірер шумақ өлең жазып, ватсап чатқа салып едім, бәрі оқып ризашылықтарын білдірді, бір шумағында:
Аман бол! Қоштаспайық, құтты мекен,
Есіме бұл күндерді алып өтем.
Кім білсін, алдағы істі, мүмкін тағы,
Бұйыртса әлі келіп тәуап етем...деппін, кейінгі тарауларда көргендерім туралы тарқатып жазармын...
Он сегіз мың ғаламға сәруар болған Мұхаммед
Қ.А.Яссауи
Мединадағы күндер
Мекке мен Медина арасы 450 шақырымдай жер, (автобуспен 6-7 сағаттай уақыт алады) Меккенің адырлы-шоқылы таулы аймағынан Медина орналасқан жазықтау жерге сырғып келеміз. Басқаны қайдам, осыдан соншама ғасырларды жалғастырып келе жатқандай, осы жолмен пайғамбарымыз (с.ғ.у) неше рет түйемен жүріп өткенін көзге елестеткендей әсерде болдым. Терезе сыртында – шөл мен қоңырқай таулар (табиғаты туралы кейінірек жазармын, әзірге рухани тұстарды қамтиық) баяғының белгісіндей, мүмкін уақыт тоқтап қалғандай сезінгендей боласың. Жол бойы біртіндеп асықпай ауысқан бірқалыпты сүреңсіздеу, алайда тартымды пейзаж, қанша айтқанмен Азия ғой, өзіміздегі Қарағанды мен Балқаш арасын елестеттім.
...Құба мешіті ең қадірлі жерлердің бірі, өйткені Ислам тарихындағы ең алғашқы мешіт. Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) Хазрет Абубакир екеуі Меккеден неше түрлі қиындықтарды көріп, қатты шаршап-шалдығып, әйтеуір аман-есен жеткенінде осы ауылда бірнеше күн аялдаған және осы мешіттің іргетасын өзі қаласқан. Ол кезде тым қарапайым ғана тақуалық орны болған, бұл күнде сән-салтанаты асқақтаған, өте сәнді керемет мешіт. Осы оқиғаларды еске ала отырып, әрбір қажы сабырмен намаз оқып, дұға жасайды. Елмен бірге мен де солай етіп, бала-шағамның амандығын тіледім. Қабыл болсын...
Естуімше, бұл мешіттің маңында Исламды қорғау жолында шахид болған көптеген сахабалар жерленген, алайда, бұл қабірлер белгісіздеу күйде сақталған, бұндағы шейіт қабірлерінің де ерекшелігі осылай деп есептеледі, яғни, жоқ боп кетпейді, өткенді еске түсіреді, үнсіздік...
Әрине, Исламдағы екінші қасиетті мешіт – Пайғамбар (с.ғ.у.) мешіті (қазақша Мешіт әл-Нәби). Осында келген соң, пайғамбар (с.ғ.у.) салынуына өзі қатысқан. Алғашында қарапайым, балшық кесектерден қаланған болса, кейінгі патшалар заманында үлкейіп, безендіріле түскен. Қазіргі уақытта әлемдегі ең үлкен, керемет архитектуралы кешен, тыныштық, рухани кеңістік. Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) қайтыс болған соң жерленген жер (кейінірек Хазрет Абу Бакир, Омар жерленген) әрине, солай болары анық.
Қазіргі күнде бұл алып кешенге кіргенде кең коридор арқылы жүріп, жасыл тордың ар жағындағы мешіттің іш жағымен жүріп өтесің. Қасымдағы екі жас жігітпен бірге пайғамбарымызға сәлем беріп, салауат айтып өттік, көп кідіруге болмайды, ал, суретке, видеоға қолыңды созып түсірсең ешкім ештеме демеді. Қызметшілер тоқтама дегендей ишарат етті. Одан шығып, намазға қатысып, дұға жасадық. Пайғамбардың (с.ғ.у.) үйі мен мінберінің арасындағы Рауданы сыртынан тамашалап, дұға жасадым, ал, ішіне кіру үшін өткен пандемияға байланысты сәл шектеулер қойылған себепті, алдын ала телефонға жазылған бағдарлама (Nusik) арқылы кейбіреулеріміз кіріп те шықты. Қабыл болсын...
Пайғамбар (с.а.у.) мешіті, әрине, бірнеше күрделі жөндеуден өтіп, жаңғыртылған, бірақ тиіспейтін екі нәрсе бар екен, бірі – Осман сұлтандары салдырған әдемі күмбез де, екіншісі – ұмытпасам (әлде шатастым) Сұлтан Бейбарс салдырғаны.
Бұл барғанымыз кешкі уақыт болғандықтан мешіт алаңы көз әрең жетер жерлерге дейін аппақ ақшаңқан алып қазақ үй сияқты шатырлар көздің жауын алып тұрды. Ертеңіне барғанымда сол шатырлар гүл секілді жайылып елді ыстықтан қорғап, ауаны жеңілдетіп тұрғанын көрдім (керемет инженерлік шешім, ашылып-жабылу автоматты түрде іске асады). Шатырлар асты аспан мен жердің арасында жұмсақ жайылған перде тәрізді тамаша әсер қалдырды.
Алаңда орысша сөйлеген дауысқа жалт қарасам, 5-6 жас жігіттер екен, «қайдансыңдар» дегеніме ізетпен сәлем беріп, «Дағыстандықтармыз» деді. Біраз тіл қатысып, «Имам Шәміл аталарыңа дұға жасадыңдар ма, өз арманы орындалып, осында шахидтер қорымында жатыр ғой?..» дегеніме кібіртіктеп қалып, «Аға, кешіріңізші, біздер соны білмедік, ешкім айтпады» десіп ақталды. Ренжіңкіреп, тарихын айтып бергенімде қайта-қайта кешірім сұрап, бәрі интернетке үңілді, «арнайы дұға жасаңдар» деп қоштастым. Кейінірек қасымдағыларға айтып берегенімде олар да қатты таңырқады, біздің қазаққа да бұл оқиғалардың жанамалай болсын көп қатысы бар екенін де айтып өттім, атап айтсақ, Кенесары Хан хат жазған патша Александр-2, Сыртқы істер министрі князь Горчаковтар еді және Имам Шәмілге қажылыққа баруға рұқсат етіп, ал Кенесарының ұлы өте діндар Сыздық сұлтанға рұқсат бермегендерін естігенде тіптен бәрі таң қалып, ойланып қалды...
Өте көп мұңды ойға салатын жерлердің бірі - Ухуд таулары. Бұл - алғашқы мұсылмандар үшін ең ауыр, ең қаралы шайқас өтіп, ауыр сынақ болған жер дер едік. Қанат ұстаз тәртіп бұзудың, позициясын тастап тапсырманы ұмытып, олжаға қызығудың қандай жеңіліске душар ететінін және кейінгі Мединалықтардың шейіт болған адамдар көмілген жерлерді тауып алып, қайта жерлегені (қазіргі күнде қоршалған шейіттер қабірі, ешқандай да белгі сән күмбездер жоқ, қатарласа үйілген топырақ төмпешіктері), оның ішінде Хазрет Хамза (атақты Ислам батыры, бізше пайғамбарымыздың (с.ғ.у.) кіші әкесі) да бар екендігі туралы айтып берді. Бұл оқиғалармен бұрыннан біраз таныс болғандығымнан қатты әсер етті, «Садақшылар Тауына» шығып айналаға көп қарадым, әлемді өзгерткен кейінгі атақты көптеген шайқастардың басталуы осында екенін түсіндім. Сол маңда аса үлкен емес өзенше ағып жатыр.
Шейіттер қабірінің қоршауының сыртына отыра қалып, бұлардың сәләфи ұғымдарын өздеріне қалдырып, өз салтымызбен Құран аяттарын оқып, аруақтардың рухтарына бағыштадым. Ойға шомып, бірталай отырып қалыппын, бөлмеде бірге жататын ұлдардың бірі келіп автобусқа шақырып алып кетті...
Жүрістен шаршағанда, тамаша бір демалыс орны – атақты Мәдинаның құрма бағына соғып, біраз тыныстадық. Құрма пальмаларын көзбен көріп, олардың қалай өсетіні, аталық-аналығы болатыны, үрім-бұтақ арқылы көбейетіні (қазіргі қыс уақытында ағаштар да демалыста, бірақ жапырақтары көк) жайында қызықты әңгімелер тыңдадық.
Орындық тауып, бәріміз қатарласа отырғанымызда, иығына үлкен құмыра асынған жас жігіт әндетіп келе жатты. Бұл әнді сонау заманда Пайғамбарды (с.ғ.у.) Мәдина халқы қарсы алған кезде айтылған ән деп түсіндірді. Ол шафранмен дәмделген салқын су таратып шықты. Бұл рәсім маған орыстардың нан мен тұз ұсынып қарсы алуын еске салды: шөлді өлкеде су – әрқашан ең алдымен тұратын қажеттілік пен ырыс қой. Артынша жеуге біраз құрма таратылып, біз ұйымдастырушыларға алғысымызды білдірдік.
Шыға берісте құрма, түрлі тәттілер мен шай сататын дүкен бар екен (құрманың сан түрін көресің). Баршамыз кіріп, Мәдинаның атақты құрмасынан қажетімізше сатып алдық. Шынында да керемет: бізге әкелінетін құрмалардан дәні ірілеу, дәмі де ерекше сезілді.
Пайғамбар мешітіне барып кешкілік ғибадат, сәлемдерімізді жасап ертеңіне қайтуға дайындалдық...
Ғылымына амал қылған сауап алар
Қ.А.Яссауи
Мінез-құлық
Мұнда келерде ұстаздар «Сіздер ғибадат етуғе келе жатсыздар, сондықтан жанға жайлылық (сервис, комфорт), жақсы күту іздесеңіздер Дубайға, Стамбулға немесе басқа жаққа барыңыздар, ал мына жерде кейде әлдебір қолайсыздықтар болып қалатыны рас...» деп ескерткен еді. Өте жөн сөз-ау! Шынымен алда кездескен кейбір кемшіліктерді мүлде елемеуге тырыстық, мұндағы жалпы атмосферадағы мінез-құлық солай қалыптасады. Барлық ел-жұрт әлемнің қай түкпірінен келмесін, бір-біріне қабақ шытпайды, керемет ізеттілік, сыйласым. Қажылық жанға тазалық, сабыр, ізеттілік, нәпсіге тиым салу сапары екені баршаға түсінікті.
Әлдебіреулермен қақтығысып, немесе т.б. бір қолайсыздық жасасаңыз, міндетті түрде тіл білмесең де кешірім (түрлері көп қой: жымиып басыңды изейсің; қолыңды кеудеңе қойып басыңды сәл иесің; sorri дейсің) сұрайсың, ол да жымиып қарайды. Тіл демекші, біздер үлкендер әбден орысша керемет – «могучий, великий» деп, кейінгі жастарға теріс үлгі көрсетіп келе жатырмыз-ау деп ойладым. Біз қазақ саудаға онша жоқпыз ғой, көзтаныс болып қалған өзбек пен ұйғыр әкәлар менің алғандарымның бағасын естіп қымбат деп әбден күлді. Көмектеспекші болып саудаласа кеткені, қызығы, түріне қарасам Бангладештікке орысша айтып жатқанын көріп мен әбден күлдім! Оларға «бұларың қалай» десем, «үйренген әдет қой» деседі. Ана байқұс керісінше «беш риал, алты риал» деп қояды, сірә, өзбек пен түрік бауырлардың әсері болар. Сонша ақша шығарып балаларға орысша мектеп ашып, сабақ оқытып отырған билігіміздің тірлігін қойсаңшы! Шындығында бұл жерде әлемнің бар құрлығынан келгендерді көресің, ешқайсысы орысшаны мүлде қажетсініп тұрған жоқ, бәрі де ағылшынға тырысады. Мүмкін, технология орыстан кеп жатыр дейтін шығар, алайда, олардан тек техникалық аударма ғана кеп жатқанын түсінсек болар еді.
Басында садақа беруге ыңғайлы болсын деп, ақшамды ұсақтап алуға тырыстым, бірақ бірен-саран болмаса қаптаған қайыршылар көрінбейді (естуімше Бирма, Палестина сияқты елдерден қашқан көптеген босындарды Саудия тегін асырап отырған көрінеді). Бұл елде қара жұмыстың бәрін істейтіндер шет елдерден (Пәкстан, Бангладеш, Индия, кедей араб елдері т.б.) келгендер ғой, ондайлар шайлық дәмететіні рас, берсең алады, кейбірі сұрап та жүреді, 2-10 риалға ризашылық білдіреді.
Бірер күн өткен соң, түріне қарап кімнің қайдан екенін ажырата бастадым, кейбірінен сұрау арқылы анықтадым. Такси, автобус жүргізушілер жергілікті және басқа Иемен сияқты елдерден келген арабтар (жауапкершілік, жалақы көп), құрма, азық-түлік, сувенир т.б. кәкір-шүкір ұсақ саудадағылар көбіне Египет, Сириялықтар, ал үлкен, мысалы алтын саудасында жергілікті тұрғындар, ал енді құрылыс, тазалықшы, қонақүйлердегі күтушілер сияқты қара жұмыстарды Бангладеш, Пәкстан, Үндістан сияқты елдерден келген ыстыққа төзімді адамдар атқарады. Инженерлік, құрылыстарды басқару көбіне араб және түрік мамандары тәрізді.
Айтпақшы, кей видео-роликтерде қасиетті жерлерге ұмтылған, немесе жалпы бағытты бұзған адамдарды итеріп, сүйрелеп жатады ғой, осыншама күн жүріп, өз басым, қасымдағылар ондайды көрмедік. Керісінше Sekurityлер әдепті, қашан көрсең күлімсіреп «хаджи, хаджи былай-былай» деген сияқтыны айтып тұрады (басқалар да «хаджи» деп қатты сыйлайды, көбіне автомобильдер де жол беріп жатады).
Жалпы алғанда бұнда жол жүру ережесі мүлде жоқтай көрінеді, қаптаған автомобильдер, автобустар, жаяу жүргіншілер қым-қуат араласып кеткен, бұндай хаостан басың айналады. Жаяу жүргіншілер жолдан қалай болса, солай өте береді, Европа, Азия, Африка, Америкалық дегендей қаншама мәдениет өкілдері бір жерде тоғысса қайтерсің. Көпшілік тым көп жүретін жерлерде светофор деген де жоқ. Автомобиль, автобустар моторларын өшірмей қанша тұрса дырылдатып тұра береді (бензин бағасы бізден арзан, яғни жарты доллар екенін қала сыртындағы жол бойындағы жанар-жағар май бекеттеріндегі электронды тақтайшалардан байқағам), әрине, бұлары экология тұрғысынан қарасаң дұрыс емес! Оның үстіне автобустар үнемі сигнал беріп жүреді, болашақта экологиялық таза электрокарларға ауыстыратын шығар деп ойладым...
Ең қызығы, ең маңыздысы осындай әлем-жәлем тапырықтың ішінде қанша жүрсең авария, немесе ұрыс-керіс жанжалды көрмейсің (елде болсақ талай боқтықты естіп, талай аралас жекпе-жекті тамашалар едік), бұл неткен феномен, бұл неткен құпия тәртіп деген ойға қаласың. Әрине, қадағалау бар көптеген камералар, формалы, формасыз Security officers және көптеген тәртіпке шақырушылар қызмет атқарады, дегенмен бастысы келген қажылардың, жергіліктегілердің сабырлығы, төзімділік рухы және алкогольді ішімдіктерді мүлде пайдаланбауынан дер едім. Оның үстіне толассыз адам нөпірі бірен-саран қарсы жүргендер болмаса, негізінен бір бағытта жүреді, бұл да көмектессе керек. Қайткенде де адамгершілік, мейірімділік ұғымдары саналы түрде тәкаппар көңіліңді басып тұрады.
Өзіміздің қырғыз, ұйғыр, өзбек ағайындарымызды танып та қаласың, тіл қатып, немесе құрығанда бас изеп өтесің. Қырғыздар сол ақ қалпақтарын тастамайды, соған қарап, біздің қазаққа да бір брэнд қалыптастырсақ деймін. Бірде автобусымды таба алмай тұрып, қазақсың ба дегенімде «қырғызмын» деген жас қыз тоқтамай жүгіріп, көмектесті. Риза болып жақындаған топтарына «мына қызды маған беріңдер, өзім алып кетіп қазаққа күйеуге берейін» дегеніме барлығы күлісіп жатты.
Әйел демекші қап-қара оранғандарға қарағанда жеңілдеу, біркелкі киінгендер басымдау, олай болса өзімізде солай оранып ерекшеленудің аса қажеті жоқ болар.
Әржерде көбінесе тегін құрма, су таратып жүргендер кездеседі, сірә, қоғамдық садақа ұйымдары және еріктілерден құралса керек. Кәдімгідей уақыт үнемдеп, риза болып қаласың.
Тамақтану мәселесіне келсек, арнайы асхана, қонақүйлердегі жағдай жақсы жасалынған (биік столдар немесе жерге отырып та жеуге болады), барлық жерде бір-ақ рет қолданылатын пластик ыдыстар. Тек көшелердегі өзім көрген (Макдональтерге кірмедік) тамақ орындарында сервис мықты деп айта алмайсың, ұзағырақ күтесің және отырып жейтіндей орындар жоқ, асхана-кафеге кіріп шіреніп отырып даяшыны күтетін біздерге қиындау екен, оның үстіне қол жууды қайтерсің?!
Тапсырысың дайын болғанда рас жақсы қаптамаға салынған тамағыңды целофан дорбаға салып, қолыңа бере салады, ары қарай қалай жейсің өз проблемаң. Бұның да бір сыры бар секілді: мысалы, қарапайым тамақты әлгідей алып шығып далада жеп отырған кәдімгідей қымбат костюмді галстукті адамды да, жәй ғана құрылысшыны да өз көзіммен көрдім. Сонда бұнда кластық бөліну жоқ болғаны ма деген ойға кетесің, бай ма, кедей ме, барлығы өзін тең санап, әлеуметтік қарама-қайшылық жойылғандай әсер аласың. Осы рухани, діни психологияны қалыптастыру үшін әдейі жасалды ма екен, әлде. Әрине, байлар қымбат рейспен ұшады, мықты қонақүйге жатады, дегенмен жаңағыдай сәттерде мүлде дандайсып кете алмайды.
Көпшілік орындардың бәрінде намаз оқуға жағдай жақсы жасалынған, мысалы біз қонған қонақ үйлерде бір этажды түгелдей дерлік қамтыған атшаптырмдай ер, әйелге бөлек екі намаз оқитын залдар болды.
Қажылықта тағы бір байқағаным, кейбіреулер қолдарын басқаша ұстап, рәкәтті да сәл басқаша жасады, біздер қолды кеудеде ұстасақ, кейбіреулер төмендеу ұстады. Әртүрлі мәзхабтағылар және әртүрлі мәдениеттегілер болар, оқытқан оқытушыларына байланысты дүние ғой, бастысы ниет түзу болсын.
Кептер мен мысық дегендеріңде нағыз жандарының рахаты, аяқ-астында оралып жүгенімен ешкім тиіспейді. Керісінше, қолдан тамақтандырып жатады. Бір жұпынылау адамдар, балалар қажыларға кептерге беретін жем сатып жүреді.
Ұрлық, қалта қаққыштар мынандай «зор мүмкіндікке» қарамастан жоқ деп кесіп айтуға болады. Оған әрине, адамдардың ішкі түйсік моралінің жоғарылығы және Өкіметтің атын естісең шошитын қатал шариғат заңдары жол бермейді.
Өзіміздегі кейбіреулер мұсылмандыққа күле қарайтындай жағдайға жетіп, білсін-білмесін, келсін-келмесін «тенгрианшылмыз, пәленбай баптиспіз, атеиспіз т.б. сапалақитпіз» деп кері сөйлеуді модаға айналдырды емес пе, ондайларға айтарым, ата-баба салтынан таймаңдар, Исламдағы кей ұғымдарды догмат ретінде қарамай, тура мағынада қабылдамай, адамдарды адам, ал түсініксіз персонаждарды образды түрде қабылдағандарың дұрыс дегім келеді. Әрнәрсеге соқыр сенім және мистицизммен емес, ғылыми, ойлау тұрғысынан талдау жасап, қорытынды шығаруға ешкім де, Ислам діні де ешқандай қарсылық білдірмейді.
Өзімізді кемсітіп бұларды идеализация жасаудан аулақпын, атам қазақтан мұраға қалған тамаша салт-дәстүріміз жеткілікті, тек дұрыс сақтай алсақ, қолдана білсек, ал елімізде ваххабизм-сәлафизм деп атап шошытатындай бұларды демонизация жасау себебін де көрмедім, өйткені үйренеріміз көп. Әсіресе, адамның бір-біріне деген мейірім, адалдық ниеті және елде туризмді дамытамыз десек ол саладағы басты ерекшеліктер (әсіресе ешкімді алдап кетпеу жағы), сервис, бюрократияны жою мәселері...
Ендеше, көргенімізді баяндайық...
Ш. Уәлихан
Кейбір экономикалық сипаттар
Баяғыда институт қабырғасында жүріп, 1983 жылдары Бүкілодақтық қоғамдық ғылымдар жөніндегі конкурсқа қатысқаным бар еді, сондағы Москвалық «яблоня, вишня» тәрізді тектегі профессорлардан осы Саудия туралы көптеген дәрістер тыңдаушы едік. Сыртқы активтері 165 млрд доллар (ол кезде бұл астрономиялық сома) дегенді естіп шалқамыздан түсе жаздағанбыз. Шетелдік жұмысшылар кәсіподақ, партия құрмақшы (сол КГБ сыбырлауымен екенін кейін ұқтық) болғандарында Үкімет өз есебінен ұшақтар жалдап, енді қайтіп келмейтіндей шартпен елдеріне апарып тастатып, содан бастап ондай пиғылдардың жоғалғаны және технология игергенге қарағанда Америкадан бүгін шыққан дайын дүниені ертеңіне сатып алып қолданған бұларға тиімді екенін де сол кезде естідік. Саудияға қызығушылықтың себебі сол зұлым, қызыл империя СССР-ді құлатуға басты рольдердің бірін атқарғаны екенін кейінірек түсіндік (ана оқытушылар сол кезде сезсе керек). Қазіргі күнде мұнайдың арқасында әлемдік экономикада өз орны бар, мықты дамып келе жатқан Таяу Шығыстағы үлкен патшалық.
Өзім көргендерімді ғана, яғни, Жидда-Мекке-Мәдина өңірлері туралы айтсам жеткілікті шығар. Жол қатынастары мен логистикасына келсек, қалааралық жолдар өте жақсы, сапалы, негізінен бір бағытқа төрт, кейде бес-алты жолақты магистралдар. Шапшаңдықтың шектеуі 140 км/сағ деген белгілерді және шах Саудтың суреттерін (бірталай жерлерде портреттері ілініп тұрады) көрдім.
Бұл жерлердің көпшілігі шөл аймағы, қоңырқай түсті, сексеуіл, жыңғыл, жусан сияқты шөл өсімдіктері, кеуіп қалған өзен арналарында аласалау терек, акациялар байқалады. Жидданың және Мәдинаның оазистерінде бізге таңсық кипарис, пальма, құрма ағаштары, зәйтүн байқалады. Қалада ағаштарды топырақ қабаты таяз болғандықтан шығар, темір құрсаулармен сүйемелдеп қойған (шөлде бір талды өсіру қанша күш екенін бағамдаңыз). Раушан тектес әдемі гүлдер жақсы күтімде, заманауи тамшылату әдісімен суғарылады (әрине, бізге қаңтар айында гүлдерді тамашалау керемет).
Жидда қаласының Мәдинаға қарағанда ауа-райы Азия мен Африканы бөліп тұрған табиғи шекара - Қызыл теңіз жағасында болғандықтан жеңіл екенін айтып өткем, осыған орай бір нәрсеге назар аудардым. Ертеңгісін олай болмаған еді түс қайта Мәдинаға қайтқанымызда қарсы жаққа қарай ағылған автокөліктер легі толастамады, оның себебін түсінгендеймін, Меккенің қапырық ауасынан қашқан жұрт теңіз жағасына Алматыдан Қапшағайға ағылғандай десем. Бұндағы машиналар көбіне жапондікі, арасында америкалық және кореялық моделдер де кездеседі (шөл жағдайына төзімді, жақсы бейімделген сапалы). Таксилер түгел дерлік «Тайота мен Киа», аса үлкен емес, эконом класты, ал үлкен Джип, пикаптар жол жағасынан көрініп тұрған фермаларда, құрылыс маңдарында көптеп жүреді.
Жайылып жүрген бір өркешті сидиған нарларды, қойларды және солардың маңында ызғытып шаңдатып жүрген Джип-пикаптарды көресің. Қысқасы, О. Бендерше айтсақ, автокөлік – қажеттілік, міну үшін, мүлде мақтанатын сән емес!
Фермаларға келсек, мұнда жер тек жергіліктілерге ғана берілетінін білеміз, ал өндірген өнімдеріне сұраныс жеткілікті деп ойлаймын (адам мүлде үзілмейтін жерде ет, сүт, құрма, көкөніс, жеміс-жидек т.б. күнделікті қажет). Нағыз шөлде фермалардан жерасты артезиан суларын шығарып, оны пайдаланып отырғандары ерлікке толы дүниедей. Ал оазистерде жер үсті суларын да пайдаланатын сияқты. Бұл жағдай Меккенің таулы-қыратты жерлерінен өтіп Мәдина жақтағы жазыққа өткен сайын жиі байқалады, ландшафт шөлден алқаптарға, оазистерге ауысады, аздап болсын ағын сулар, бұлақтар көрінеді.
Екі қала арасында қатты тасты, яғни, вулкандық атқылаулардан пайда болғаны көрініп тұрған базальт және гранит тастарды қолмен әкеп шашып тастағандай, космос әлемімен келе жатқандай әсер ететін бір ғажайып алқап бар. Су ағысынан қалған аңғарларда кәдімгідей өсімдіктер өседі, вулкандық топырақтың құнарлы болатынын бәріміз де мектептен білеміз.
Мединаға жақындаған сайын ландшафттың өзгеруі табиғи вулкандық қалдықтардан құралған тау жыныстары, аздап болса да шығып жатқан су көздері, жерасты суларын пайдалануға байланысты және адамдардың еңбегімен түзілген суғару жүйесінің белгілері.
Қаларалық жол бойларында түрлі завод-фабрикалар, өндіріс орындары, байланыс жүйесінің обьектілері көптеп кездеседі. Жоғарғы вольтті электр бағаналары жолдармен жарыса қатарласа созылады.
Жолдар бойында түгелдей құрылыстар жүріп жатыр, олардың көптігі соншалық, тіптен бір қала қай жерден біткенін аңғармай қалатындай әсер етеді. Үш қалада да зәлім-зәулім үйлер, басқа да әлеуметтік-тұрмыстық обьектілері, жолдар тоқтамай салынып, әрбір жерден өте биік крандардың мойындары қылқияды. Меккенің талай тауларын тесіп, керемет туннельдер жасалынған, кейбір таулар кесіліп, немесе тегістелініп жатыр. Қаланың бас жоспары жасалғанда ауа айналысы, тазалығы т.б. экологиялық талаптар ескерілген шығар.
Үш қаланың да архитектурасы қатаң, шөл табиғатына шыдамды функциональды стильді білдіреді, әлдебір құры жылтырақтарға, жарқыраған айна әйнектерге құмарлық жоқ. Бұл түсінікті де, өйткені, Қағбаның өзі де қарапайым төртбұрышты құрылыс нысаны ғой (қазіргі жабылған қымбат жамылғы кейінгі дүние), соны ұстанатын болар. Ал мешіттерге келсек мұнда байлықтың да, сәнділіктің де түрлі үлгілерін көресің (зәулім алтын жалатылған күмбездер, ақшылтым биік колонналар...). Қолданылатын материалдар қымбат мәрмар, базальт, фарфорлы ұзақ мерзімге шыдамды екені байқалып тұр.
Бұндағы үйлерде біздікіндей шатыр жоқ, керісінше ең үстіңгі қабат қабырғалы, ашық террасса. Су, газ жабдықтары, демалыс орындары, қосымша тазалық орындары орналасқан. Үйлерге алыстан қарасаң, төменгі жағы жоғары жақтан жіңішкелеу келеді. Біз жатқан қонақүйде балкон болмады.
Соншама адамды, табиғат ресурстары шектеулі елдің азық-түлік, т.б. күнделікті заттармен толық қамтамасыз етуі мүмкін емес, бұл жөнінде Саудия бұрыннан әріптес келе жатқан көрші мұсылман елдеріне сүйенеді. Мысалы, млрд-таған пластик ыдыстардың Пәкстан, Бангладеш, Үнді т.б. елдерден келетінін байқадым. Қой еті қымбат деседі, ал құрбандық қойлар жетіспей сонау Австралиядан тасымалданатынын білетінмін және өзімше біздің ел, Өзбек, Қырғызбен қосылып болса да тірі қой апаруды қолға алса ғой шіркін деп армандадым. Импорт мәселесінде мұнда мұсылман елдеріне басымдылық беріледі. Қай жағынан болсын, Түркие белсенді араласады.
Кейбір скептиктер бір құдықтың суы сонша адамның пайдалануына жете ме деп күман келтіріп, өтірік қой десіп жатады. Басқаны қойғанда әр қажыға, 5 литрден су сыйлап жатқан бұл шөлдегі мемлекеттікі шынымен керемет инженерлік шешім, теңдесі жоқ ерлікке бағаланар дүние дер едім. Әрине, бір құдықтың суы ондайға жетпейтіні сөзсіз, меніңше адам ойы, ғаламат еңбегі, ғажап ғылыми технология бұл мәселені былай шешкен: өздеріндегі жер асты Зәмзам бассейіні тек ауыз суға пайдаланылады. Қолданылған суды қайта өңдеп, Германиядағы сияқты қайтадан басқалай техникалық су ретінде қолданысқа беріледі. Мұндағы тағы бір су көзі Израильдегідей теңіз суын тұщыту мықты жолға қойылған деп ойлаймын. Зәмзам суы мен қонақүйдегі судың дәмінің айырмашылығын сезініп, осындай ойға келдім.
Бұндағы тағы бір таңқаларлық мәселе - соншама әртүрлі гигиеналық деңгейдегі адамдардың болуына қарамастан, эпидемияға, тіптен пандемияға жол бермей отырғаны! Кейбіреулердің санитарлық нормаларды сақтау жағы кемшілдеу, экологиялық тазалық мәселесі өте күрделі. Тазалықшылар зырылдап тазалап жүргенімен, анда-мұнда қоқыстарды тастап кететіндер де жеткілікті. Көрінген жерге жайғаса кетіп намаз оқып, жәй демалып отырғандар қаншама десеңші. Әрине, төзімділік, рухани сенім, қажылық жауапкершілік алдыңғы орында, алайда, инфекция діни аскетизмге қарамайды емес пе, тіпті кейде қол жуатын мүмкіндік те болмай қалатыны рас! Соған қарағанда бұндағы билік кешенді түрдегі, ғылыми негіздегі ондайдың алдын-алу және дезинфекция шараларын өте жоғары дәрежеде ұстанады.
Сауд Арабиясы кей елдермен соғыс жағдайында екеніне қарамастан, жол бойында бірде-бір әскери полигонды, немесе әскери-қорғаныс техникасын байқамадым. Керісінше, бұл өлкеде азаматтық тіршілік пен инфрақұрылымның тынысы алдыңғы қатарда тұрғандай әсер қалдырды. Мұның өзі бұл елдің қасиетті мекендерге келген жұртқа ең әуелі тыныштық пен сенім сезімін, бейбітшілікті ұсынуды мақсат етіп, киелі мекендерде әрқашанда қорқыныш жоқ екенін көрсететі, насихаттайтындай...
Мен әдейі істеген жоқпын...
Кинофильмнен
Қызықтарым
Мен өзі саяхатта жүргенімде түрлі қызықтарға, әлдебір ерекшелеу оқиғаларға ұшырап жүретінім бар, мұнда да құр қалмадым, кейбірін баяндап берейін (көңілдеріңіз көтерілсін).
- Айша мешітіне кіргенде сөреде тізілген Құран кітаптарды қарап отырғам, қасыма біреу келді, мешіт қызметкері екен деп, «Алуға бола ма...» деп ымдап едім, иә дегендей бас изеді. Бір кітапты ала салдым, қараған ешкім жоқ. Қонақүйге келген соң, қасымдағылар, «естуімізше бұндайды алуға болмайды, жазалайды» дегенді естіп, қалай құтылуды ойладық. Қонақүйдің мешітіне апарып тастаймыз ба, әлде осында қалдырып кетеміз бе десіп бірталай сасқалақтадық. Ақыры ұстазға көрсетіп едім, «байқауымша мөрі жоқ екен, алып көріңіз өзіңізбен бірге» деді. Ақыры, Құдай оңдап, аэропорттан өтіп кеттім, бұйырған болар, бауырыма сыйладым. Негізі байқаған дұрыс...
- Бірде автобус тосып тұрғанда ресепшндегі жас жігіттерден телефоннан суретін көрсетіп, ымдап шегірткені жейсіңдер ме деп сұрадым. Біреуі жоқ, біреуі жеймін, біреуі Мекке мен Мединада жемейді, астанадағылар жейді десті, түсініксіздеу болды. Ұмытпасам Шәкәрімде онагр адал деген сияқты еді, соны анықтамақ болып есекті көрсетіп едім бәрі «Лә» деп қашты...
- Жайма базардың арасында болмашы заттарды сатып тұрғандай алтын бұйымдарды жайып, жарқыратып ашық-шашық дүкенде тұрғандарға таңырқай қарағанымда сатушы жігіт «Хаджи, хаджи... Вайф...»...саусағына жүзік таққанды көрсетті. Әйеліңе алтын жүзік ал деп тұрғанын түсініп, мен де жүзік таққан белгіні көрсетіп «Вайф... гуд голд феличита...сорри мани-мани ноу...», өзімше «Әйелім жақсы алтын алса бақытты болар еді, әттең ақшаның жоғын-ай» дегенім ғой. Түсінді, жақсы жігіт екен, күліп, құшақтасып селфи жасадық. Алмасам да алтын заттарды көрсетіп жатыр, біраз әңгімелестік, осы жергілікті тұрғын екен, «Саудиялықты алғаш көрдім, айналаның бәрі басқа жақтан келгендер, мықты, керім жігіт екенсің» деп мақтап қойдым. Бұнда кесектей әр пробалы алтын сатып алуға болатынын білуші едім, онысын да көрдім...
- Эскалаторға міне бергенде араб қызбен қақтығысып ол байқұс құлап қалғаны, біреудің «меншігі» болса тиісуге болмайтынын ұмытып кетіп, ұстап сүйемелдеп, Ж. Нерваль әкейді еске алып «О, хабиби, пардон мадам» дедім. Түсінді, күлді! М. Матьеше «Белла чао,.. чао бамбино» деп қоштастым (ұққан болуы керек, қатты жымиды)...
- Мешіттен шыққанда қатты басым айналып, қан қысымына бір пәле келгенін сездім де, формалылардан «амбулансье, фармаций» деп сұрай бастадым, ақыры «хоспиталь» дегенімде түсіне қалып көрсетті. Кірсем екі қыз медбике болуы керек өлшеп өте жоғары екенін көрсетті. Тілімнің астына салатын дәрі бер десем «дохтур» деп бір есікке сілтеді. Жастау жігіт «виза, пашпорт» дейді, жығылайын деп тұрсам оған көнетін мен бе (негізі шығарда ұстазымыз керекті өз дәрілерімізді алып алуды ескерткен, оның үстіне өзіміздің дәрілер болмаса басқанікі жақсы әсер етпейтінін бұрыннан білем ғой, бірақ қонақүйде қалған еді), әлгіге шұқығандай көрсетіп «энта Гиппократ хасам, виза пашпорт Hotel» (сен Гиппократқа ант бергенсің, оларым қонақүйде қалды дегенім де) деп едім, жақсы жігіт екен, жымиып ем-домын жасап берді.
- Содан тәуір болыңқырап шығып келе жатсам қонақүй қасында тағы бір қонақүйдің құрылысы күні-түні тоқтамай жүріп аласапыран болып жатқан еді, содан ба, картада 100 метрдей ауытқу болып, таба алсамшы, екі рет айналып бір жерге келгенімде жынданып кете жаздадым! Қарасам басқа формадағылардай емес нағыз жандарм тұр екен, жеңінен ұстап, қолыммен сілтеп, ымдап «Хоспитальды» көрсеттім, телефоныма қаратып «локация проблем», басымның айналғанын көрсетіп «Гитлер капут» дедім. Өте жақсы жігіт екен, күлімдеп алды да, жақын жерде тұрған адамдарды қыдыртатын электроарбаны шақырып, менің телефонымды беріп апарып таста дегенін ұқтым. Әлгі байқұс жаны қалмай демде зыр еткізіп алып келіп, қолымнан жетелеп вестибюльде отырған Қанат ұстаздың қолына табыстады. Он риал беріп ем алмай-ақ қойғаны, тешеккур дестік...
- Қақаған қаңтардан келген бізге суға түсу, айтпасада керемет құмарлық болып тұрғаны түсінікті болар, дегенмен, бір пляждағылар кіргізбей жатты, неге екенін шешініп келіңдер депті. Қазаққа бір нәрсе кедергі болушы ма еді, қоршаудың сыртында тұрып-ақ, ұлдар бір-бірін орамалмен қалқалап шешініп үлгерді. Мен ұялыңқырап жағалаудағы үйшікке барып, қызметшіге он риал беріп едім, айналмалы есіктен кіргізіп жіберді. Қараймын душ, отыратын сәкі, дәретханалар тұр екен, өзіммен бірге алған плавкиімді киіп, орамалмен белімді орап басқа есігінен шығып едім, оранған екі қыз, сірә ақша жинаушылар ма, көріп күліп жіберіп төмен қарады. Суға сүңгігенім сол еді әлгі ақша алған қара жігіт жетіп келіп маған «шық, кет» дегендей ымдады. Сөйтсем... кигенің тізеден төмен болуы керек екен, қайдан білейін дегенмен байқау керек екен...
- Жұма намазға ерте келгенімізді қайтейін, орын мүлде жоқ, екінші қабатта аралап келе жатқам, Sekuriyлер қолдарын сілтеп тоқтама деседі. Анадайдан көріп келем, жастары 80-90-дағы намазға еңкейе алмайтындықтан болар жиналмалы орындықтары бар, бірталай, сірә жергілікті ақсақалдар болу керек, тартылған қызыл жіптен өтіп, пластик қоршаудың жанына жайғасты. Жақындағанымда жіп кенеттен алынып, гүр еткен адам шоғыры мені доп сияқты қақпақылдап тура алдыңғы қатарға, әлгі шалдардың қасына алып барғаны! Солыма қатарласып бірі қара, бірі ақ бойлары екі метрге жуық американдық нән жігіттер жайғасты. Оңыма келгендердің бір маған қарап «Japanсың ба» деп сұрағаны, алдында сұрасқандар қысықтау көзіме қарап «Чина, Малайзий, Индонезий, Узбек» деп ығыр қылғаны бар, «Иә» дегенімді қайтейін, Жапонша бірдеме деп еді, әрине түсінбей, шынымды айтып қазақпын дедім, әкелі-балалылар екен, баласы ағылшыншаға судай, уақыт жетеді, телефон аудармашы арқылы жазысып біраз сөйлестік. Университетте оқиды, ол жақтан мұсылман мемлекеті болмағандықтан бұнда келу үшін арнайы рұқсат сұрап, жергілікті мұсылман қауымдастығынан жолдама-ұсыныс алады екен (әрқайсының алдында алақанға сиятындай портативті желдеткіш, не деген аккумлятор десеңші, үш сағаттан аса отырғанда бір тоқтамады. Қоштасарда біреуін ұсынып еді, ыңғайсызданып алмадым. Бұны айтып отырған себебім, сондай технологиялы дамыған, бізге фантастикадай көрінетін елде де мұсылмандар көп екені, кейбір шала бүлініп басқа ағымдарға түскен қазақ баласына ой салсын дегенім...).
Сонымен жұма намазды Әл-Харамда, Қағбаға қарап тұрып оқып, дұға-тілектерімді жасау дәл туған күніме келгенін алдында айтқанмын. Бір өзіміздің жас балалар «аға Сіз қандай бақыттысыз, қараймыз аса бір күнде бес уақыт намаз оқып та жатқан жоқсыз...» дегендері, «е балалар, маған Құдайдың бұйыртқаны да, жұма күнді дәл есептеп келді дейсің бе, мысалы, қайтсем де солай етем деп тура соған әбден дайындалып келсең, кім білсін онда кіре де алмай қалуың әбден мүмкін ғой...» дедім. Қабыл болсын!
VISION-2030
Қазақ жастарына үндеу
Қорытынды ойларымды өзіміздің жастарға арнаған сөзіммен аяқтасам. Ондағы әр жерлерде ілініп тұрған жарнамалардағы VISION-2030 бағдарламасы аясында (басты мақсаттардың бірі елге келетін қажылардың санын жылына 30 млн-ға дейін жеткізу) істелініп жатқан алып құрылыстарды, ғажап жобаларды, стратегиялық маңызды обьектілердің іске асырылып жатқанын көзіммен шет жағасын болса да көріп келдім және мынандай қарқынмен оның іске асатындығына да ешбір шүбә жоқ (бізде де бір бағдарлама болып еді...қазір ұмытылғандай ма...).
«Мен сенемін жастарға» деген ұлы Мағжанның күйінгенде, «Тәңірі» атты өлеңінде: «Соншама кең рахметтен құр тастайтын, Баласы Алты алаштың – біз не қылдық?» деп айтқанын да әр қазақ баласы білуі, түсінуі керек. Бұны не үшін айтып отырмын, онда әр жерде болсын діни, шағын биснеспен жүрген өзбек, ұйғыр балалары кездесіп қалса, қазақтар мүлде аз, ол жөнінен де ешкімнен қалыспаулары қажет. Ал енді жаңағы айтқан керемет техникалық істерді атқаруда Түрік мамандарының үлесі өте зор екені білініп тұрады. Әрине, соншама істің техникалық шешімдерін табуда әлемдік, батыстық технологияларды игеріп, қолдану өте маңызды қажеттілік, олай болса, қазақ балалары неге сонда барып өздерін көрсетпеске?!
Қазақ балалары табиғатынан елгезек, сыпайы, ыстық-суыққа, басқа нәрселерге төзімді, техникалық ойлауға қабілетті келеді, олай болса неге өздеріне мықты карьералық өсу жасамасқа! Онда үйренгендерін елге алып келмеске! Біздің жастар әлемдік ауқымдағы өркениеттік жобаларға қорықпай қатысып, өздерін көрсете біледі деген сенімдемін.
Тіл жөнінен еш қиындық жоқ, ағылшын тілі кеңінен қоланылады, әрине мен сияқты кейбір есте қалған әлемдік хиттардың атауларын, араб, француз, итальян, ағылшын сөздерін қойыртпақтап жүрмейсіңдер ғой, қазақ жастары қазір ағылшынды еркін меңгерген, олай болса, орысшаны былай да біледі ғой (қажеті болмаса да тіл білгеннің зияны жоқ), нағыз керектісі техникалық ағылшын дер едім. Оның үстіне араб сөздері сәл өзгергені болмаса өзіміздің тілімізде де жеткілікті (ғылым, кітапты айтпағанда күнделікті кездесетін адал, ниет, кәде, сабыр, қадыр т.б. деген сияқты). Айтишник, программист, инженер, тіпті маркшейдерлер, гидрогеологтар, құрылыс прорабтары, эколог, энергетика (білуімше әзірге атомдық станциялар жоқ, кеңінен қолданылатын мұнай-газ, алдағы болашақ бағытта күн, су энергиясын пайдалану мәселесі) т.б. мамандықтарды мықты игерген болса, жұмыс табылады дер едім.
Сауд Арабиясы мұсылман елдеріне, мамандарына басымдық-приоритет берген, сондықтан бізге пайдалану оңайырақ. Бұндай мұсылман жерінде салынып жатқан ғаламат проектілерге қазақ жастары көптеп, қорықпай араласуы қажет. Біздер көбіне Батысқа баруға құмармыз, онда өз мамандары да жеткілікті, ал мында, сол Батыста не қолданылса бәрі де артығымен қолданылуда екендігін білген абзал. Жасым келіп қалғанына қарамастан, экологияны түзету жөніндегі бірер ұсыныстарымды Мекке және Медина мэрияларына электрондық хат арқылы жібердім...
...Сонымен өзіме не алдым, не қабылдадым десек, Арабта «Ас-сабр хэйр» деген мақал бар (сабр сол сабыр, хэйр сол қайыр), бізше «Сабыр түбі сары алтын», басқаларға, басшыларға жақпай қалатын, қызметіме де көптеген зиян келтірген шытырлаған мінезімнен құтылсам деген мақсатым бар, бала-шағаға да қадірім арта түсер ме еді. Шығыс даналарының «егер ашуланып тұрсаң, жауап қатқанша ішіңнен жетіге дейін санап барып сөйле» дегендерін басшылыққа алсаң ештемеден қор болмассың. Ал қажылыққа келсек, ұстаздар айтатындай «Қазір қажы болу оңай, оны өмірде ары қарай алып жүру қиынның қиыны» екенін ешқашанда ұмытпау екені айдан анық...
Азкен Алтай
Талдықорған
Abai.kz