ТІРКЕУ. АДАМ ӨЛІМІ ЖӘНЕ ДЕПУТАТТАР
Азаматтарды уақытша мекенжайы бойынша тіркеу туралы көші-қон заңдарына енгізілген түзетулер биылғы жылдан бастап күшіне енді. Тіркеу мәселесі қоғамда үлкен дауға ұласты. Әлеуметтік желілерде тіркеуге қатысты қарсылықтар күшейді. Ал, халыққа қызмет көрсету орталықтарына ағылған жұртта есеп жоқ. Кезектің тым көп болуына байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс кестесіне өзгерістер енгізілді. Тіркеудің тәлкегінен екі адам көз жұмды. Бірақ, Үкімет азаматтарды тіркеуді адам шығынына қарамастан тоқтатар түрі жоқ.
Тіркеу төңірегінде қалыптасқан жағдайға депуттар да үн қатты. Мәселен, Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов (суретте): «Қазақстанда тіркеу жүріп жатқандықтан ХҚКО да адам қайтыс болыпты дейсіз бе? Жарайды, адам өліпті. Денсаулық жағдайына қарай ол үйінде өліп кетуі мүмкін ғой, мен білмеймін. Бұл сұрақтарды жедел жәрдем дәрігерлеріне қойғандарыңыз жөн», депті. Әрі заңды қабылдаған депутаттың бірі ретінде өзін кінәлі сезінбейтінін, тіркеу қажетті шара екенін айтыпты.
Ал, депутат Галина Баймаханова (суретте) болса: «Бұл жерде заңға мойынұсынған азаматтар өз мүмкіндіктерін есепке алмай, бірден барып, бәрін бітіріп тастағысы келеді. Егер адам өзін нашар сезініп тұрса, ХҚКО-ға барып не керегі бар? Екінші жағынан ХҚКО жұмысының кемшілігі, дайындықсыздығы», деп пікір айтқан.
Депутат Жамаловтың адам өлімі туралы жайбірақат айтып, қарапайым адамгершілік тұрғыдан бір ауыз жыл сөз айтуға жарамағанына желі қолданушылары наразы пікірлерін жазып жатыр.
Ал, депутат Галина Баймаханованың да сөзі Жамаловтан ұзап кетпеген. «Егер адам өзін нашар сезініп тұрса, ХҚКО-ға барып не керегі бар?» деген сөзінде қарапайым азаматтарды кінәлау сарыны байқалса, «Екінші жағынан ХҚКО жұмысының кемшілігі, дайындықсыздығы» деп ХҚКО-ны сынға алады.
Ал, Қазақстан Конституциясының бірінші бабында: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған.
«Нұр Отан» партиясы тізімі бойынша Мәжіліске өткен Аманжан Жамалов та, Қазақстан коммунистік халық партиясы тізімімен Мәжіліске барған Галина Баймаханов да мемлекеттің «ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» екенін білмейтінге ұқсайды. Егер заң шығарушы орган – Парламент депутаттары «мемлекеттің ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi» екені Констицтуцияда жазылған білсе, жоғарыдағыдай қиғаш пікір айтпас па еді, бәлкім...
Нұра Матай
Abai.kz