Ресей пропагандистері депутат Базарбекке сес көрсетуде
Ресей пропагандистері Қазақстаннан капиталын жылыстатуға қарсы болған депутатқа сес көрсете бастады
Мәжіліс Комитеті отырысында ЕСУ деп аталып жүрген Біріңғай есепке алу жүйесін шын мәнінде Ресейге заңсыз капитал шығару деп айыптаған депутат Бақытжан Базарбекке Ресей пропагандистері жабыла бастады.
Пропагандист Руслан Осташко бұл туралы: «Қазақстанда тағы да «тәуелсіздік ойыны» басталды. Бұл жолы Ресейден келіп жатқан Единая система учета (ЕСУ) төңірегінде. Ресейде ЦУПИС баяғыдан бері бүкіл нарықты бақылап отыр. Енді кезек Қазақстанға келді. Осы тұста Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек аяқ астынан бұл «қауіп», «шетелдік бенефициарлар» деген секілді дабыра сөздерді айтып шықты. Шын мәнінде - жай ғана өз үлесін ала алмаған адамның реакциясы», - деп өз телеграмында тиісе жазды.

Сурет: Осташко телеграм арнасының скрині.
Пропагандисттің айтуынша, Қазақстан өз армиясын СВО-ны қолдауға жібермегендіктен, ресейлік инфрақұрылымдық жобаларға кіріп, осылайша қаржылай қолдауы тиіс.
«Егер Астанада біреулер шынымен Қазақстанның егемендігіне сеніп отырса, онда оны нақты қаржы ағындарын бақылап отырғандарға түсіндіріп көрсін. Күлкілі болмаңыздар».
Ресейліктердің жабыла үре бастауының себебі, Бақытжан Базарбектің бізде енгізіліп жатқан ЕСУ жүйесі жинаған комиссиялық қаржының 80 пайызы Ресейге аударылатынын әшкерелеуі еді.
«Жалпы, Президенттің және Үкіметтің бірнеше рет берілген тапсырмаларына қарамастан негізгі мақсаты жыл сайын тек комиссиялардан ғана 3,9 триллион теңге табыс табатын монополиялық құрылым құру көзделіп отыр. Жарайды, бастапқыда ЕСУ-ды мемлекеттік кәсіпорын ретінде құру жоспарланған еді. Бірақ сіздердің көпшілігіңіз өте маңызды жайтты білмейсіздер. Қазір ЕСУ іс жүзінде ширма ретінде ғана қалып отыр. Оның бүкіл функциялары ресейлік NomaPay компаниясына берілген. Енді ресейлік NomaPay компаниясы жыл сайын осы 3,9 триллион теңгені табатын болады. 3,9 триллионның 20%-ы ғана ЕСУ-да қалады, қалған 80%-ы Ресейге кетеді. Бұл - нақты капиталдың сыртқа шығарылуы. Ресей ештеңе істеп жатқан жоқ, ресейлік компаниялар ешқандай жұмыс атқарып отырған жоқ. Олар тек NomaPay платформасын құрған, болды. Барлық ақша дәл осы платформа арқылы жүздеген миллиардтар көлемінде сыртқа шығарылатын болады», - деп мәлімдеген депутат Базарбек.

Сурет: Б.Базарбек жазбасының скрині.
Оның сөзінше, Мемлекет басшысы құмар ойын бизнесін ақша елде қалатындай етіп реттеу бойынша тапсырма берген. Бірақ шенеуіктер мүлде басқа нәрсені көздеп, күдікті схемаларды тыпқалауда.
«Ал сіздер қандай платформа құрдыңыздар? Неліктен NomaPay туралы айтпайсыздар? Неліктен оны жасырып отырсыздар? Бізде NomaPay бойынша барлық мәліметтер бар. NomaPay мен ЕСУ арасында жасалған келісім нақты көрсетіп тұр: NomaPay онлайн-казино мен жалпы ойын бизнесін техникалық қызмет көрсетуден түсетін табыстың 80%-ын алады. Сіздер бұны айтпайсыздар, тек ЕСУ туралы ғана айтасыздар. Бұл депутаттық корпусты адастыруға әкеледі. Сондықтан мен бұл түзетуге түбегейлі қарсымын. Бұл сөздерімді стенограмма үшін айтып отырмын. Неге? Өйткені бұл капиталды сыртқа шығару, бұл шетелдік қатысушылардың мүддесін лоббилеу, бұл патриоттыққа жатпайтын әрекет. Әрине, менің дауысым ештеңені шешпейді. Бірақ тарих үшін бір күні бұның да беті ашылады, бір күні қоғам бұны біледі, бір күні бұл әрекетке құқықтық және саяси баға беріледі», - деді, Бақытжан Базарбек.
Енді депутат Бақытжан Базарбекке қарсы Ресейдің алпауыт күштері өз лоббиін іске қоспақ. Пропагандистер оның алғашқы легі ғана. Себебі Кремльдегі күштер соғысқа қаржы жетпей жатқандықтан, Қазақстаннан мүмкіндігінше капитал соруға ниетті екені түсінікті.
Abai.kz