Сенбі, 23 Қараша 2024
Ұят-ай! 6166 0 пікір 4 Тамыз, 2015 сағат 12:21

ПАРА АЛУДЫҢ ҚОСТАНАЙЛЫҚ ӘДІСІ

Қостанай қаласы әкімінің орынбасары  Мақсұт Қалиев

Қостанай қаласы әкімінің орынбасары - Фрунзик Аракелян

Айдың-күннің аманында төбемізден жай түскендей болды. Облыс орталығы—Қостанай қаласы әкімінің екі бірдей орынбасары пара аламын деп тоңқалаң асты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері осы айдың басында алдымен Мақсұт Қалиевті тұзақтаса, арада екі күн өтпей жатып, яғни тамыз айының үші күні Фрунзик Аракелянды қақпанға түсірді. Бір қызығы, екеуі де осындағы атынан ат үркетін «Сыл» атты серіктестіктің қожайыны Гагик Овнаняннан пара алғандығы анықталды. Олары осал емес. Қалиев ұсақталмай, бірден 13 миллион теңгені бірден қалтаға басқан. Екіншісі жайлы нақты ештеңе айтылмайды. Сірә, ол да таршылық танытпаған шығар. Алдын ала мәліметтерге қарағанда бұлар әлгі серіктестіктің автобекет жанындағы автомобильшілерге қызмет көрсететін орталық  құрылысының тоқтаусыз жүруіне «қол ұшын» берген көрінеді. Жаңағы ақша сол «қамқорлыққа» деген кәсіпкердің «ақ алғысы» десе болады.  Және де ол келешекте берілетін үлкен параның азғантай ғана бөлігі көрінеді. Егер аталмыш құрылысқа  бюджеттен бір миллиард теңге бөлінгендігін ескерсек, ал біздігі «алғыстың» яғни «откаттың» кемінде ол соманың 20 пайызын құрайтындығын айтсақ, қорытындысын өздерің бағамдай берерсіздер. Екі орынбасардың қалған ақшадан қағылып қалғандығы ғана жанына батпаса, олар мұны тіпті қылмыс деп те есептемейтін шығар. Өздерін ана Ермагияевтің қасында тіпті періште секілді сезінетін де болар-ау.

   Шынын айтқанда, біз бұған қазір таң қалмайтын да болдық. Себебі, жемқорлық деген жегі құрттың қоғамымыздың тамырын кеміріп жатқандығы, әзірге онымен күрестің соншалықты пәрменді болмай тұрғандығын жасырсақ, шындыққа қиянат жасармыз.  Мұның басты себебі--облыстық деңгейдегі билік жүйесіндегі «командалық» басқару әдісінің әбден дендеп кеткендігі. Яғни біреу басшылыққа келсе, өзінің тамыр-таныстарын, жандайшаптары мен жағымпаздарын ала жүреді. Елбасы мұны үнемі сынап отыратындығы, тіпті «команданың бара-бара бандаға» айналатындығын қадап айтқанымен одан қорытынды шығарып жатқан ешкім жоқ. Мәселен, облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов өзіне билік тиісімен бір кездерде Қостанай ауданның әкімі болған Ахметбек Ахметжанов дегенді облыс орталығына әкім етіп қонжита салды. (Анық-қанығын кім білсін, жұрттың айтуына қарағанда осы Ахметбек деген кісі Сәдуақасовтың туған бөлесі көрінеді). Ал ол өз кезегінде сол жерде өзінің орынбасары болған осы Аракелянды ерте келді. Мінекей енді біз осы «командалық басқарудың» жемісін татып отырмыз. Егер осы түбі тығырыққа тірейтін, тек футбол ойнағанда ғана керек осы әдістің тамырына балта шаппасақ, онда бұдан да талай қызыққа батамыз.

  Ұмытып барады екенбіз, біздің Қостанайда жалпы армын өкілі басқаратын бизнестің өрге басып жүргендігі, оларға юилік тарапынан ерекше қамқорлық танытатындығы жайлы әңгіме таралғандығына біраз уақыт болды. Мұның себебін кейбіреулер сол армян ағайындардың облыс әкімінің құдандалығынан түсіндіреді. Кімнің аузына қақпақ қоярсың? Ештеңе ашық айтылмаған жерде өсек-аяңның өрбитіндігі белгілі емес пе?

Қостанай қаласының әкімі - Ахмедбек Ахметжанов

Қостанай облысының әкімі - Нұралы Садуақасов

P.S. Айтпақшы екі бірдей орынбасары пара алыпты, қаламыздың жаман атын шығарған Ахметжановты Сәдуақасов отставкаға жіберер ме екен? Әлде атамыз қазақтың «Бөлемісің, бөлені көре тұра өлемісің» деген мақалды басшылыққа ала ма?

Жалғасы болса тағы да жаза жатармыз.

Мұратбек Дәуренұлы.

Қостанай. 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5441