АЛМАТЫНЫ РЕСЕЙ ҚҰРАМЫНА ҚОСЫП ЖІБЕРДІ
Жақында танымал ресейлік кино режиссер Таир Мамедов өзінің жаңа туындысының тизерінде Тәуелсіз Қазақстан Республикасын Ресей Федерациясы құрамына кіргізіп жіберген және «біздің үлкен мемлекетіміздің» астанасы «Мәскеу» деп көрсеткен. Бұл туралы Abai.kz сайты informburo.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Көрермендер назарына келесі жылдың қаңтар айында шығатын ресейлік фильмнің тизері, дәлірек айтсақ оның идеологиялық мысқыны қазақстандық белсенділердің наразылығын туғызған. Ресейлік режиссер Таир Мамедовтың «Үлкен мемлекеттің дауысы» (Голоса большой страны) атты фильмнің ресми тизер-трейлері қазақстандық әлеуметтік желі қолданушыларының ашуын туғызған. Себебі, мұнда Қазақстанның ірі мегаполисі саналатын Алматы қаласы РФ-ның бір бөлшегі деп көрсетілген. Айта кетейік, ресейлік режиссердің ұсынып отырған идоелогиясы мен астары – кешегі кеңестік кезеңді көрсетіп тұрса керек-ті. Себебі, жаңа туындыда Ресейдің бірнеше қаласымен қатар, Қазақстанның Алматы қаласы, Арменияның Ереван қаласы, Белорусияның Минск қаласы, Грузияның Тблиси қалалары қазіргі РФ-ның құрамдас бөлшегі деп көрсетілген.
Ал аталмыш роликке қатысты қазнет қолданушылары өз наразылықтарын білдіруде. Мысалы, Facebook қолданушысы Олжас Бибанов фильмнің тизер-трейлеріне қатысты өзінің азаматтық пікірін әлеуметтік желіде білдіріп, ҚР Мәдениет және Спорт министрін аталмыш мәселеге қатысты шара қолдануға шақырған.
Қазақстандықтардың наразылығын туғызған фильмнің режиссері ресейлік танымал теле жүргізуші, Comedy club шоуының экс-резиденті Таир Мамедов. Ал фильмнің жалпы бюджет - 120 млн рубльді құраған. Десе де авторлардың жоспарлауынша кеңестік кер кезеңді есімізге салып беретін бұл фильм 2016 жылдың 7 қаңтарында көрермендер наразына ұсынылмақ.
«Біздің осынау үлкен отанымыздың әр қиырында атақ пен мақтауға әбден лайықты талантты жандар аз емес. Олардың барлығы еліміздің астанасына ағылып келіп, танымал теле шоуларға қатысуда. Бірақ, софит жарықтары сөнгенмен өмір жалғасуда» дейді фильм авторлары тизердің синопсисінде.
Ескі һәм жаңа одақтасымыздың қазақ даласына көз алартып отырған бірінші әрекеті емес бұл. Ресейлік саясаткерлер, қоғам белсенділері, жұлдыздар т.с.с. соңғы уақыттары Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің тарихи территориясына қатысты қиынсыз деректерді жиі айтуда. Енді міне, бұл қатарға киногерлер де қосылған.
Иә, бір емес үсті-үстіне ақпараттық шабуылды төпелетіп жатса да қыңқ етпейтін ҰҚҚ, мыңқ демейтін министрлік-ай, дейсің бұндайда. Ресейліктер қос бірдей одақта (ЕАЭО және КО) болсақ та жерімізге көз алартып, тілін салақтатуын қоймай келетіні жасырын емес-ті. Кешегі мен биылғы жыл қазақ мемлекетті дау болған жыл десек артық айтпаған болар едік. Мысалы, орыс депутаты Лимоновтың «Солтүстік Қазақстанды Ресейге қосу» идеясы мен Жириновскийдің РФ шекарасын оңтүстікке кеңейту ниетінде Назарбаев саясаттан кеткен соң, Ресей Қазақстанды талан-таражыға салатынын ашық айтқан. Тіпті, РФ құрамындағы Хакасия шенеуніктері де Қазақстанның бес облысының даулағанда біздің билік шара қолданды ма? Сондай-ақ, жақында ресейлік «ВКонтакте» танымал әлеуметтік желісінде «Северный Казахстан – это русская земля» («Солтүстік Қазақстан – орыс жері») атты топ парақшасы ашылды. Кейін «жер даулаған» топтың парақшасы «зорлық әрекетке шақырғаны үшін Қазақстанда бұғатталғаны» хабарланды. Тіпті, президенттері Путиннің өзі «қазақта мемлекет болмаған» деп састырған еді ғой. Путин мырзаның осы бір сөзінің арқасында қазақ өз хандығының 550 жылдығын бір жыл бойы тойлады. Сосын Путин мырза «Алтын Орданың мұрагері – менмін» деп кеуде керді.
Ал осы бір үнсіздік арасында ресейліктер тағы бір идеологиялық шабуылын кино арқылы жасап үлгерген. Қазақ жерін РФ құрамына қосып, оның астанасы ретінде Мәскеу қаласын нұсқаған, шовинистік көзқарастағы фильмге ҚР Мәдениет министрлігі бей-жайлық танытпауы тиіс.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz